«Ұлы дала жорығы» марафоны биыл Петропавл қаласынан шығып, Астанаға дейін жетпек. Бұл жолы марафонның қашықтығы қысқа, бар болғаны 500 шақырымның төңірегінде.
Бұрын осы марафон 1 мың шақырымнан артық қашықтықты еңсерген. Биылғы марафон солтүстіктегі Көкшетау өңірі мен Ақмола төңірегіндегі тарихи жерлерді басып өтеді. Соның ішінде Абылайдың, Кенесарының солтүстіктен оңтүстікке жүрген жолдарын, өзен-көлдер мен жазық даланы кешеді. Бурабай курортының көрікті аймақтарын аралап, адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткен мекені – Ботайға соғады, Астана түбіндегі ежелгі қала Бозоқты басып өтеді. Сөйтіп, кең даламыздың терең тарихын бүгінгі ұрпаққа таныстыра түспек.
Жарысқа еліміздің барлық 17 облысы мен 3 республикалық дәрежедегі қалаларынан төрт адамдық команда қатысады. Марафон Петропавл орталығындағы «Абылайдың ақ үйі» – ханның резиденциясынан 12 мамырда бастау алып, бес күнде Астана қаласына жетеді деп жоспарланған.
Биылғы марафонның ерекшелігі, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қарсаңында өтуінде. Жеңімпаздар қатарына енген үш команда қыркүйек айына жоспарланған «Ұлы дала жорығы» халықаралық турына берілетін лицензияны алады.
Бір қызығы бұл жорыққа ауысып мінетін ерулі аттар бірге жүреді. Сонымен қатар аттардың жасы алты жастан, яғни бесті аттан кем болмауы керек. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл – аттардың шектен тыс қажымауы, зорықпауы үшін қолданылатын талап. Сондай-ақ бұл шара қазақтың қандай жылқы тұқымы төзімді әрі мықты екенін анықтайтын далалық зертхана іспеттес. Осындай бірнеше мақсатты орындауды алдына қойған марафон мамыр айында сөреден өтеді.