Қазақстанның бірде-бір теннисшісі АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан жүлде қоры 8 995 555 долларды құрайтын дүбірлі доданың төртінші айналымынан аса алмады.
Бастапқы бәсекелерде германиялық Тамара Корпач (№76) пен ресейлік Екатерина Александровадан (№16) айласын асырған Юлия Путинцева (№79) үшінші кезеңде Мэдисон Кизбен (№18) күш сынасты. Кезінде әлемдік рейтингте жетінші орынға дейін көтерілген 29 жастағы АҚШ-тың өкілі US Open додасының (2017 жылы) финалында және Аустралияның ашық біріншілігі (2015, 2022) мен Ролан Гарростың (2018) жартылай финалында өнер көрсетті. Сондай-ақ Киз WTA турнирлерінде жеті рет топ жарды. Десек те бұл күні де бабында болған Юлия қарсыласына еш мүмкіндік бермей, жарқын жеңіске қол жеткізді – 6:4, 6:1.
Төртінші кезеңде Путинцеваның жолы әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекпен қиысты. 22 жастағы Польшаның мақтанышы Ролан Гарроста үш мәрте топ жарып, АҚШ-тың ашық біріншілігін бір рет ұтқан. WTA санатындағы 18 турнирде бас жүлдені олжалады. Бұл тартыста Швентек шашасына шаң жұқтырмады – 1:6, 2:6.
Аталған турнирде тағы екі жерлесіміз бақ сынаған еді. Александр Шевченко (№51) екінші кезеңде аргентиналық Франсиско Серендулодан (№22) ұтылса, Александр Бублик (№20) үшінші айналымда ТОП-10 теннисшінің қатарындағы аустралиялық Алекс де Минорға (№10) есе жіберді. Ал жарысты екінші кезеңнен бастауға тиіс Елена Рыбакина (№4) денсаулығының сыр беруіне байланысты кортқа шықпады.