• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 14 Наурыз, 2024

Алып ұшақты тізгіндеген

2727 рет
көрсетілді

Біржан Талғатбек – әлемдегі ең үлкен лайнердің бірін басқарады. Ойлап қарасаң, оның қолында бір уақытта 600 адамның тағдыры тұрады. Ал ең қызығы, ол ұшқыш мамандығын небәрі екі жыл оқыған.

Біржанды Біріккен Араб Әмір­лік­­терінің әуе команиясы Қазақ­станнан шақыртып алған. Қазір келісімшарт негізінде істейді. Әуе жүргізушісі әлемнің түкпір-түкпіріне жолаушы тасиды. Оны алпауыт шетелдік компания басшылары үш күндік сынақтан соң бірден жұмысқа алған.

«Шетел әуе компаниясында жұмыс істеу – үлкен тәжірибе мектебі. Әлемнің әртүрлі мекеніне ұшып, әртүрлі ұлт өкілдерімен әріп­тес болу, олардың әдет-ғұр­пын, тілі мен мәдениетімен таны­су көңіл көкжиегімнің ашылуына әсер етеді. Қазақстан­нан­ шыққан ұшқыштар Қатар, Вьетнам, Гонконг тағы басқа да дүние­жүзілік әуе компанияларында жұмыс істеп жатыр. Ал бізге авиа­ция саласын дамытуға әлі де көп тер төгу керек. Жаңа ұшу терминалдары салынып, жаңа бағыттар ашыла берсе, әуе қызметі де заманауи жағынан дами түспек», деген пікір айтты ол.

Алысқа көз тастасақ, оның өмірі көзін ашқалы бері ұшақпен байланысты. Неге десеңіз, әкесі Талғатбек ұшақтарға техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істеген. Ресейдегі Чкалов атындағы авиациялық техникалық колледжінде, сосын Алматыдағы Азаматтық авиация академия­сында оқыған. Бала кезінде әкесі үнемі «Ан-24», «Ту-134», «Як-42»,­­ «Ту-154» ұшақтарында қалай инженер-механик болып жүргенін айтып береді екен.

Алғашында арман қуып Алматы қаласындағы әкесі оқы­ған Азаматтық авиация академия­сы­на оқуға түскен. Дегенмен бірін­ші курсты аяқтаған соң оқуын тастап кеткен. Солай жүріп «Air Astana»-ның «Ab-Initio» ұшқыштарды дайындау бағдар­ла­масы аясында емтихан тапсы­рады. Сынақты сәтті тапсырып, жақсы нәтиже көрсеткен Бір­жан Америкадағы «Aerosim Flight Academy»-ге оқуға түседі. Онда бір жарым жыл оқып, кейін­нен Белгияның Шарлеруа қала­сындағы «Belgian Flight School» ұшқыштарды даярлау мек­те­бінде 3 ай білім алады. Оқуын бітірген соң еліміздегі әуе компаниясында ұшқыш болып 7 жыл істеген. Ал осыдан 3 жыл бұрын әлемдік компанияларға жұ­мыс істеу мақсатында құжа­тын жіберген. Оның ойынша, шетелдік компаниялардың тө­лей­­тін жалақысы біздің елдегі еңбек­ақы­мен салыстырғанда әлдеқайда мол. Қызметкерлерге жан-жақты жағдайда да жасап береді. Ал біздің «Отандық әуе тасы­малдау саласын әлі де дамыта түсу керек», деп ойлайды Біржан.

Қазір ол 600 адамдық Airbus A380 ұшағында екінші пилот болып жұмыс істейді. Көбіне АҚШ, Аустралия елдерінің, Еуропаның ірі қалаларына ұшады. Негі­зін­де дүниежүзінің барлық кон­ти­ненттеріне рейстер бар. Үлкен ұшақ болған соң ұзақ рейстер жасайды. Орташа алғанда 12-13 сағат­ты алады, оның ең ұзақ сапары – Біріккен Араб Әмір­лік­тері­нен АҚШ-тың Кали­фор­ния штатына ұшу кезінде болған. Ол кезде 16-17 сағаттай әуеде болыпты.

«Біріккен Араб Әмірліктерінде ұшқыштарға барлық жағдай жасалған. Компания тұратын үйді өздері береді. Шағын отбасы болса қаладан пәтер жалдап береді. Көпбалалы отбасы болса, жер үйден береді. Ұшқыштың балаларын халықаралық оқу орындарында тегін оқытады. Меди­циналық сақтандыру бар және жылына бірнеше рет ұшу билет­­­терін тегін береді. Ұш­қыш­­тың физикалық және пси­хо­­ло­гиялық денсаулығы үнемі әлем­дік стандартқа сай болуы керек. Ұшқышқа да қойылатын талап өте жоғары. Аспанда болуы мүмкін күрделі жағдайларға әрда­йым дайын болуымыз керек», деп ақтарылды ұшқыш.

Қазақты өзге елге танытып жүрген Біржан домбыраны да шебер ойнайды. «Елді сағынғанда домбыра серігім» дейді ұшқыш.