Майқайыңдағы ойыққа құлаған құтқарушыларды іздеу жұмыстарының соңы сұйылып барады. Арыстай қос азаматтың туыстары іздеу жұмыстарын тоқтатпауды өтінгенімен, төтенше жағдай қызметінің мамандары бұл іс-шараның ендігі тағдырын алтын кенішінің басшылығы шешуі керек деген байлам жасады. Ал «Майқайыңалтын» АҚ өкілдері өңірлік департамент, керісінше, бар жауапкершілікті бізге артып отыр деген пікірде.
Акционерлік қоғам ақпан айының соңында кеніштегі ойық астына түсіп кеткен автобус пен оның ішіндегі екі азаматты іздеу жұмыстарын тоқтатып тастағаны туралы хабарлаған едік. Бас директор Қуаныш Ботиннің айтуынша, жер қазу жұмыстары барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету өте қиын. Ал жобаны әзірлеуші компания жауапкершілікті арқалағысы келмейді. Сәйкесінше, кәсіпорын қызметкерлері іздеуді одан әрі жалғастыра алмады.
Автобуста қалған екі адамның біреуі – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің РОШ Павлодар филиалы құтқару қызметінің жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі взвод командирінің орынбасары Айдос Шаймерден. Екіншісі – автобус жүргізушісі Айып Тілеубергенов. Екі айдан астам уақыт табылмай жатқан қос азаматтың туыстары іздестіру-құтқару жұмыстары түбегейлі тоқтап қала ма деп алаңдап отыр.
Нұрсұлу Шаймерден жолдасы Айдос жоғалған күннен-ақ шырылдап, құтқару жұмыстарын тоқтатпауды өтініп сұрап жүр. Оның сөзінше, қазір «Майқайыңалтын» АҚ мен кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің РОШ Павлодар филиалы арасында бір ерегіс пайда болғандай.
– «Майқайыңалтын»-да геологиялық сканердің нәтижелері бойынша жұмысты тоқтатуға қатысты «СоюзГеоМех» ЖШС-ның ұсынымдары ғана бар. Бірақ оларға іздеу іс-шараларын жалғастыруға ешкім кедергі болып отырған жоқ. Ал кәсіпорын басшысы Қуаныш Советұлы «прокуратурадан қоңырау шалып, жұмысты доғарыңдар деген пәрмен берілді», дейді. Менің қолымда бар деректерге сүйенсек, инженерлік жоба жасап беруге бір фирма келісіп, қызметі үшін 140 млн теңге қаражат сұраған. Бірақ акционерлік қоғамның бас директорының кеңесшісі Орынжан Қабдолов одан үзілді-кесілді бас тартқан. О.Қабдолов кәсіпорындағы барлық шаруаны өзі жүргізеді, артық қаржы шығындағысы жоқ. Қ.Ботин оның айтқанынан шықпайтын адам, бұл мәселені кенттің барлық тұрғыны жақсы біледі. Оның үстіне бұлар жолдасым табылмай жатқан ойыққа енді адам түгілі, техникаларды аттап бастырмаймыз деп қорқытып отыр. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің басшылығы сараптама жасауға 4,5 млн теңге бөліп отырғанын айтқан, алайда өзге бөлігін «Майқайыңалтын» бергісі келмепті. Кеніш түбіне ауыр техника түсіруге арналған аппарель жолдың 20 пайызы ғана қалды. Соны аяқтаса, арыстай қос азаматты тез қазып алар еді. Жебесі 19 метрлік экскаваторды да іздеп таптық. Біздіңше, бұл жағдайға баға беретін бірнеше зерттеу ұйымы тартылуы керек. Халықаралық құтқару жүйелерінен көмек сұрауды талап еткен едік, ол да сөзбұйдаға салынып, орындалмады. Құзырлы органдар барлығын жеке меншік иесіне сілтеп, мәселеге көз жұма қарап отырғаны байқалады. Біздің өтініштеріміздің барлығы аяқасты етіліп жатыр. Мәселені айтып, бармаған жеріміз жоқ. Президент Әкімшілігінде де болдық. Енді арыз-шағымымызды кімге айтарымызды білмей, шарасыз отырмыз, – деп мұңын шақты Н.Шаймерден.
Ол сөз соңында күйеуінің тірі екенінен еш үміті жоқ екенін, құтқарушылар мүрдесін қазып берсе, арулап жер қойнына тапсыру соңғы тілегі екенін жеткізді. Ал жағдай қазіргіден де күрделене берсе, туыстары «Майқайыңалтын»-ды әрекетсіздігі үшін сотқа беруге дайындалып жатыр.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев «жұмысты қайтадан жалғастыру үшін заңға сәйкес сараптама тағайындалып, ойық түбі зерттелуі керек», дейді. Геомеханикалық, георадарлық, геофизикалық зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындысына сай инженерлік-геологиялық жоба әзірленеді. Ол құтқару жұмыстарына жұмылдырылатын қызметкерлердің қауіпсіздігін 100 пайызға қамтамасыз етуге тиіс. Бірақ ол кәсіпорында жоқ көрінеді.
– Біздің болжамымыз бойынша, апат болған күні табылған қос құтқарушы (Сарқыт Бердіқан, Олег Тышкевич) автобустың артқы есігінен құлап кеткен болуы ықтимал. Ал жүргізуші мен тағы бір құтқарушы салонда қалған болуы керек. Жергілікті құтқарушылар кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлерімен бірге бір ай бойы (4 қаңтар – 4 ақпан аралығы) құтқару жұмыстарын қарқынды түрде жүргізіп келгені мәлім. Алайда жер астын радармен барлаған «GRP-Ridder-Group» ЖШС ойық маңайындағы топырақтардың босай бастағанын және жерасты кеңістіктерінің жиілей түскенін ескертіп, жұмыстарды одан әрі жалғастыру адамдар мен техника үшін өте қауіпті екенін хабарлады. Соған орай біз құтқару жұмыстарын ақпан айының басында доғардық. Дейтұрғанмен «Майқайыңалтын» ауыр техниканың көмегімен бүйірлік траншеяларды кеңейтіп, ойықтың түбіне дейінгі аппарелін тереңдете бастаған. Алайда олар жұмысты соңына дейін жеткізбеді. Себебі қолдарында инженерлік-геологиялық жоба жоқ. Ал ондай жоба болмаса, олардың қызметкерлері тұрмақ, біздің құтқарушылар да жұмысқа кірісе алмайды. Яғни адамдардың қауіпсіздігін толықтай өз жауапкершілігіне алатын сараптама керек. Әу бастан-ақ кәсіпорын басшылығына әуелі ойық түбіндегі жер жынысына сараптама жүргізу керектігі ескертілген. Бірақ олар мұны әлі күнге жасамай отыр. Айтуларынша, кәсіпорында қаражат жоқ. Ал жұмыстарды түбегейлі тоқтату немесе жалғастыру туралы соңғы шешімді кеніш қожайындары ғана айта алады. Заңда табиғат пайдаланушының аумағында болған төтенше жағдайға субъекті өзі жауап беретіні көрсетілген, – деді департамент бастығы.
Сарапшылар алтын кеніші маңында пайда болған ойық жақын маңда орналасқан жер үйлерге қауіп төндіруі мүмкін екенін де ескерткен. Соған орай 1 наурыздан бастап кентте техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, қазір мамандар кентте тексеру, барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Өкінішке қарай, «Майқайыңалтын» АҚ-тың басшылығы жауапкершілікті арқалағысы келмей отырғанға ұқсайды. Қуаныш Ботин соңғы шешімді біз емес, төтенше жағдайлар органдары айтуы керек деген пікірде.
«Төтенше жағдайларға қатысты қағидалар мен ережелерді қарап шықтым. Онда апат орын алған жерді қоршау мен күзету – кәсіп иесінің жауапкершілігінде деп қана көрсетілген. Біз аумақты қоршап, басына күзет қойдық. Инженерлік жобаны әзірлеуге міндетті емеспіз. Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті барлық кінә мен жауапкершілікті бізге артып қойғысы келетіні байқалады. Кәсіпорын басшылығы жұмыстарды тоқтату туралы шешім шығара алмайды, себебі ол біздің құзырымызға енбейді. Менің ойымша, құтқарушылар қолдарынан ештеңе келмейтінін біліп, сырғып кетті. Оларға бұл жұмыстарды жалғастыра беруге болатын еді. Бізде авариялық-құтқару шараларымен айналысатын кәсіби әрі білікті мамандар жоқ. Қандай жұмыстар жүргізу керектігін де білмейміз. Бұған дейін аппарель жолды туыстарының өтініші бойынша салған едік. Бірақ әрі қарай жалғастыра алмаймыз, себебі бізге ешкім рұқсат бермейді», дейді ол.
Бұған дейін жазғанымыздай, Қонаев атындағы тау-кен ісі институтының мамандары кеніш шахталарына түсіп, олардың шахтерлер үшін қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріп жатыр. Мамандар оң шешім шығарса, сәуір айында кеніш қайтадан жұмысын жалғастыруы мүмкін. Кеніш басшылығы егер шахта қайта іске қосылатын болса, құтқару-іздестіру жұмыстарына ешқандай кедергі болмайтынын нақтылады. Себебі кен қазылатын шахта забойлары өзге бөлігінде орналасқан. Сондықтан алтын өндіретін компания оң шешім қабылдаса, топырақ астында жатқан құтқарушылардың мүрдесін жоғарыға алып шығуға әбден болады.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Майқайың кенті