Алматы қаласында ересектер арасында «Муай-тай» спорттық жекпе-жегінен өткен ел чемпионатында 5517 әскери бөлімінің қызметкері Әли Нәсіпқалиев чемпион атанды. Бұл жөнінде Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Сайысқа еліміздің 11 аймағынан келген 110 тайбоксшы қатысты. Олардың арасында Азия, Еуропа, Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегелерлері де бар еді.
Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының муай-тай федерациясының президенті Фархат Аманқұлов осы жарыстың жеңімпаздары мамыр айында Грекия елінде өтетін әлем чемпионатына қатысатыны, болашақта муай-тай спортының олимпиада ойындарына қосылатыны туралы айтқан еді.
Жарысқа Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімі атынан барып, 91 кило салмақта жеңімпаз болған Әли Нәсіпқалиев жүлденің оңай келмегенін айтады:
– Муай-тай – физикалық тұрғыдан көп дайындық талап ететін спорт. Жеңістің қай-қайсысы да оңай келмейді ғой. Осы кезге дейін талай жарақат алсам да, табандылықпен алға ұмтылып келемін. Қарсыластарым да осал емес, әрқайсысы өз аймағынан келген чемпион. Әсіресе финалдық жекпе-жек қиын болды. Табандылық пен тәжірибе арқасында ел чемпионы атандым. Енді әлем чемпионатына дайындығымды бастаймын, – дейді Әли.
Батыс Қазақстан облысы