• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Наурыз, 2024

Ақжайықтағы Амал күні

82 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында Көрісу – Амал күні бұрын-соңды болмаған кең көлемде аталып өтті.

Қазақстанның батыс өңірінде ежелден аталып өтетін Көрісу күнінің бас­ты дәстүрі – ауылдың, елдің жасы үлкен ақсақалдарына арнайы барып амандасу, қолын алып көрісу. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жалпыхалықтық сипат алған осы игі бас­таманы үлкен-кіші жаппай қолдап кетті.

Дәл осы күні Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Нариман Төреға­лиевтің өзі ала таңмен тұрып, ғасыр­ды еңсеріп қалған әзиз ананың үйіне ат басын тіреді. Өңірге жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен бірге 99 жастағы Жәмилә Кенжеғалиеваға аман­дасып, ақ батасын алды. Тыл арда­гері Жәмилә әже бүгінде 8 баласынан 28 немере, 70 шөбере, 8 шөпшек сүйіп отыр екен.

«Біз – ежелден үлкенді сыйлаған халықпыз. Бүгін Көрісу күні сізге амандасып кетуге арнайы келдік. Деніңіз сау болсын, ұрпағыңыздың қызығын көре беріңіз!», деді өңір басшысы ғасыр жасаған әжеге.

Дәл осындай шынайы кездесу Ақ­жайық өңіріндегі өнерлі отба­сы­лардың бірі Бегәлиевтердің шаңы­ра­ғында да болды. Осыдан 38 жыл бұрын құрылған Бегәлиевтердің отба­сылық ансамблі әлі күнге дейін сахна төрінен түспей келеді. Алдың­ғы толқын аға буынның орнын кейін­гі жастар алмастырған өнерлі ұжым­ның ынтымағы жарасқан отбасы мәртебелі меймандарды құшақ жая қарсы алып, наурызкөже ұсынды.

Қазақстанның барлық пұшпағын­дай, Батыс Қазақстан облысында да Наурызнама онкүндігі 23 наурызға дейін созылмақ. Орал қаласындағы ең үлкен алаңда киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрге сай түрлі іс-шара өтіп жатыр.

Осы алаңның бір бүйірінде тұрған еңселі «Атамекен» өнер ордасының сахнасында республикалық VІІ «Jaiyq sazy» дәстүрлі өнер фестивалі өтті. Әйгілі әнші Ғарифолла Құр­ман­ғалиевтің 115 жылдығымен орайлас­тырылған бұл іс-шара айтыс ақыны Бауыржан Ширмединұлы айтқандай, эстрада емес, ескі даланың есті әндері төрге шыққан керемет мерекеге айналды.

Айтулы іс-шараға Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Еркін Шүкіманов, белгілі өнер шеберлері Жәкен Омаров, Дәуренбек Әркенов, Ардақ Исатаева, Ербол Айт­баев, Сәуле Таудаева, «Құрмет» ор­де­ні­нің иегерлері Сәрсенғали Жүзбаев, Қайрат Кәкімов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәні­бек Жәмиев, республикалық байқау­лардың лауреаты Нұрым Ас­қанов, Мәдениет саласының үзді­гі Армат Исламғалиев, Фархат Ора­зов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Күнсұлу Түрік­пен, т.б. қатысты. «Атамекен» сахнасынан қазақ даласының әр түкпірінде қалыптасқан ән мектебі өкілдерінің өлмес туындылары шырқалып, тыңдарманды тәнті етті. Халықаралық, республикалық байқаулардың бас жүлдесін талай алып жүрген қазталовтық үлгілі «Қыз Жібек» би ансамблі Майраның әнін тамылжыта шырқады. Концертті жүргізуші белгілі айтыс ақыны Бауыржан Ширмединұлы да кестелі сөз, келелі пікірлерімен жиын­ның ажарын аша түсті.

Саз кешінде Батыс Қазақстан об­лы­­­сы­ның әкімі Нариман Төреға­лиев Жайық жұртын Амал күнімен құтты­қтап, ұлт­тық өнерімізді, Батыс дәстүрлі ән мек­те­бінің негізін қалаушы, әнші-тер­меші Ғари­фолла Құрманғалиевтің мұра­сын насихат­тап жүрген өнерпаздарға халық­тың атынан зор алғыс айтып, көктемнің жаңару һәм жасару мерекесімен құттық­тады. Барлық әнші облыс әкімінің Алғыс­ха­ты­мен марапатталып, кәдесыйға ие болды.

Жоғарыда айтқанымыздай, Нау­рыз­­нама онкүндігінің әр күні түрлі тағы­лым­ды іс-шараға толы бол­мақ. Мұн­дай мерекелік жиын­дар барлық ауданда да өтіп жатыр. Қайы­рымдылық, ұлт­тық салт-дәс­түрді насихаттау, отбасы құнды­лық­тарын дәріптеу, жан мен тәнді таза сақтап, жаңару және тазару – Наурыз­нама онкүндігінің басты сипаты болмақ.

 

Батыс Қазақстан облысы