Ұлттық құрылтай отырысы осыған дейін Ұлытау мен Түркістан секілді қасиетті өлкелерде өтсе, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Атырау өңірінде ұйымдастырылып отыр.
Күні кеше 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі жарияланды. Наурыздың бірегей логотипі бекітілді. Мерекенің басы, Көрісу күнінің қарсаңында Ұлттық құрылтай жиыны өтейін деп тұр. Яғни жыл бастамасы ретінде де маңызды, мазмұнды жиын болары анық.
Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Наурыз мейрамына ерекше мән беру керектігін, биылдан бастап мерекені жаңаша тойлау қажеттігін айтқан еді. Себебі біртұтас мәдени кеңістік құру, рухани құндылықтарымызды насихаттау тұрғысында маңызды қадамдар жасау – кезек күттірмес іс-шаралар. Сондықтан құрылтай жиынында тың идеялар мен ұсыныстар айтылады деген ойдамын. Ұлттық құрылтайда негізінен рухани-мәдени құндылықтар, әлеуметтік-гуманитарлық салалардағы мәселелер баса айтылып, шешілу жолдары қарастырылып келе жатқаны белгілі. Былтырғы Түркістандағы жиыннан бастап оның бағыт-бағдары мен жұмысы әлдеқайда жаңа серпін алды. Яғни нақты бағыттардың аясында жылжи бастады. Біріншісі – азаматтық қоғам, екіншісі – мәдениет, руханият, өнер, үшіншісі – білім мен ғылым, төртіншісі – әлеуметтік сала және өңірлерді дамытуға бағытталған. Осы бойынша тиісті министрліктер ақпарат ұсынып, Ұлттық құрылтай мүшелерімен кең әрі ашық талқылаулар өткізді, әртүрлі ұсыныс берілді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы былтыр Құрылтай жұмысымен қоса, еліміздегі талдау орталықтары мен зерттеу институттарының әлеуетін тиімді пайдалану туралы айтқан болатын. Біз де Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты қоғамдық даму институты ретінде бұл жұмысқа үлес қосып келеміз. Өзіміздің әлеуметтік сауалнама деректерін, зерттеу нәтижелерін ұсыну арқылы саяси шешімдердің жұмысын жандандыруды алдымызға міндет қойып отырмыз.
Жоғарыда аталған сұхбат барысында Президент: «Ұлттық құрылтай жиынын кейінге қалдырмай, ерте көктемде өткізуіміз керек», деген еді. Жиында бірқатар тың идея айтылады, бұл ұсыныстар ертең заң жобаларына кіреді. Өйткені Құрылтай мүшелерінің өздері түрлі топтардан жиналғандықтан, әртүрлі идеяларды жан-жақты талқылауға мүмкіндік мол. Сол тұрғыда Ұлттық құрылтайды бүкіл халықтан ұсыныс, пікір жинаудың алаңы деп айтуға болады.
Қазір Ұлттық құрылтай e-mobile қосымшасында жұмыс істеп тұр. Оның ішінде де халықтың ұсыныс-пікіріне әрдайым мониторинг жасалады. Сондықтан Құрылтай отырысын әр саладағы азаматтардың, әр топтағы адамдардың, жалпы халықтың мүддесін жеткізетін алаң деп айтуға болады. Атыраудағы құрылтай жиынында да өзекті мәселелер көтеріледі деп сенеміз.
Олжас БЕЙСЕНБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы