Бүгінде еліміз экономикалық саясаттағы батыл өзгерістерге бет бұрды. Бұл тұрғыда Президенттің әділетті Қазақстанның берік негізін құрайтын қоғамдық құндылықтар жүйесін нығайтуға күш салу туралы ұсынысы дер кезінде айтылып отыр.
Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаңа идеологиялық стратегиясын іске асыру жөніндегі нақты қадамдарды белгілеп берген еді. Оның басты басымдықтары ретінде Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды, ұлттық құндылықтар жүйесін нығайтуды айқындады. Бұл – әдеп пен патриотизмнің мұраттары, еңбек пен білімге берілу, заңдылық пен тәртіпті сақтау, гуманизм мен жауапкершілік.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогтің бірыңғай институционалдық моделін қалыптастырып, халық пен билік арасын байланыстыратын дәнекер, осы мақсаттарға жету жолындағы қоғамдық бірігудің және нақты қадамдардың жаңа стратегиясын әзірлеудің негізгі тұғырнамасы болуға тиіс. Себебі бүгінде қоғамның бірлігі ғана еліміздің дамуына серпін бере алады, біз тек күш біріктіргенде ғана әділетті Қазақстанды құра аламыз.
Ұлытау және Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың алдыңғы екі отырысының нәтижесінде ортақ құндылықтарымызды, оның ішінде саяси сипаттағы және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы мәселелерді нығайту және ілгерілету жөнінде ұсыныстар әзірленді. Ең бастысы, біз ұлттық құндылықтарды ілгерілету, жаңа қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру бойынша нақты қадамдар жасай алдық деген сенімдемін.
Ұлттық құрылтай өзінің айналасына үлкен институционалдық әлеуеті бар барлық облыстық қоғамдық кеңесті, сондай-ақ азаматтық қоғамның белсенді өкілдерін, қоғамдық пікір көшбасшыларын, ғалымдарды шоғырландырды. Бұл институттың жұмысына тек саяси қайраткерлер мен зиялы қауым өкілдерінің емес, сонымен қатар елдің даму мәселелеріне бейжай қарамайтын азаматтардың, өндірістің, ірі, шағын және орта бизнес өкілдерінің де қосылғаны маңызды. Бұл диалогте плюрализм бар екенін көрсетеді және қоғамдық пікірталастың сапасы мен осы алаңның тиімділігін айтарлықтай арттырады.
Әртүрлі дін, менталитет, этнос өкілдерінен тұратын қоғамның әралуандылығы Ұлттық құрылтайдан шет қалған жоқ. Осының арқасында біз бүгінгі қоғамды толғандыратын ең өзекті мәселелер бойынша идеялар мен пікірлердің толық спектрін тыңдай аламыз. Өйткені диалогке қатысушылардың барлығының ортақ мүддесі бар, бұл – мемлекетімізді дамыту және ел тәуелсіздігін нығайту.
Сонымен қатар Quryltai арнайы мобильді қосымшасын құру барлық отандасымызға қоғамның маңызды мәселелерін талқылауға қатысуға мүмкіндік берді. Ұлттық құрылтай мүшелерінен 400-ге жуық ұсыныс енгізілді, олардың 40-қа жуығы отырыс кездерінде айтылды.
Біз бүгін осы жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Бұл қабылданған заң жобаларында, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, отандастарымыздың денсаулығын қорғауға, тарихи құндылықтарды насихаттауға қатысты талқыланатын заңнамалық бастамаларда көрініс табады. Қазір осы мәселелер бойынша Сенаттың барлық комитетінде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, нәтижесі қоғамды дамытуға және отандастарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған заңдар болатыны сөзсіз.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
Сенат депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі