• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сенат 15 Наурыз, 2024

Қолжетімді медицина – қоғам сұранысы

120 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Сенат депутаттары алдымен «1994 жыл­ғы 9 тамыздағы Қазақ­стан Респуб­ли­­ка­­сы мен Литва Республи­касының ара­­­­сын­дағы Азаматтық, отбасылық және қыл­­­мыстық істер бойынша құқықтық кө­мек және құқықтық қатынастар туралы шарт­қа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ра­ти­фи­кациялау туралы» заңды қарап, ма­құлдады. Құжат нормалары өзара тү­сі­ніс­­­тік пен егемендікті құрметтеу не­гізін­­де екі елдің азаматтық, отбасылық, қыл­­мыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шарты­ның ережелерін жетілдіруді көздейді.

Сондай-ақ хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Литва азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

 

Вейптерді жарнамалауға тыйым салынбақ

Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды. Азаматтарды сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету, пациенттердің мемлекет кепілдік берген құқықтарын іске асыру, медициналық мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыру осы заңның негізгі міндеттері екенін атап өткен жөн.

Заңда азаматтардың медициналық көмек көрсету кезінде денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқықтарын қорғау шаралары және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған басқа да ережелер көзделген. Талқылау нәтижесінде сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдады. Сондай-ақ оған бірқатар өзгеріс енгізіп, құжатты жаңа редакциямен Мәжіліске қайтарды.

Нақты айтқанда, шегілмейтін темекі бұйымдарының, вейптердің, хош иістен­діргіштер мен оларға арналған сұйық­тықтардың айналымы үшін қылмыс­тық жауаптылықтың заңмен белгі­ленуіне байланысты Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекстен электрон­дық тұтыну жүйелері мен оларға арнал­ған сұйық­тық­тарды сату, пайдалану, демеу­шілік көр­сету үшін жауапкершілікті регла­мент­­тейтін нормаларды алып тастауға қатысты өзгерістер енгізілді. Бұған қоса, тауар белгісінің элементтерін немесе шегіл­мейтін темекі бұйымдары мен вейптердің атауын пайдалана отырып, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жарнамалауға және шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерге сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға арналған жүлделер, лотереялар, ұтыс ойын­дарын өткізуге тыйым салу ұсынылды.

«Заң денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге және ден­саулық сақтау жүйесін одан әрі жетіл­діруге бағытылған. Жаңа норма­ларға сәйкес, енді осы саладағы қызмет­кер­лерге үздік жетістіктері үшін «Қазақ­станның еңбек сіңірген дәрігері» құрмет­ті атағы және «Өз кәсібінің үздiгі» атағы беріледі. Сенат енгізген өзгеріс­тер заңның жекелеген ережелерін нақтылауды көздейді. Алдағы уақытта заң халықты қауіпсіз, тиімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Дәрігерлер жұмысына шағым неге көп?

Жыл сайын елімізде ұлттық ден­саулық сақтау саласына қомақты қар­жы бөлінеді. Былтыр бұл көрсеткіш 2,6 трлн теңгені құраған. Алайда одан медициналық қызметтің сапасы жақ­сара қойған жоқ. Бұл салада міндетті медициналық сақтандыру жүйесі сияқты әлі де болса шешілмеген түйткілдер бар.

«Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі бойынша маңызды мәселелер бар. Былтыр барлығын есептегенде осы салаға 2,6 трлн теңге бөлінді. Бұл – ауқымды қаражат. Соған қарамастан қызметтердің сапасы әрдайым жоғары деңгейде бола бермейді. Өткен жылы Ұлттық статистика бюросы әлеуметтік сауалнама жүргізді. Олардың зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 56 пайызы жедел медициналық көмек орталық­тары­ның қызметіне көңілі толмай­тын­дығын білдірген. Жалпы, медиц­ина­лық қызмет бойынша да нәтиже осыған ұқсас. Сондай-ақ азаматтар білікті маман­дардың болмауы, ұзын-сонар кезек, дәрі-дәрмектің және көрсетілетін қызмет­тердің тым қымбаттығы сияқты мәселе­лерге назар аударған», деді Сенат төрағасы.

Азаматтар міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсетіле­тін қызметтердің сапасына қатысты да осындай олқылықтың бар екенін айтып жүр. Сондықтан М.Әшімбаев медицина қызметкерлерінің кәсіби қызме­тін сақтандырудың жаңа жүйесіне көшу кезінде олардың қызметін тәуелсіз бағалау жүйесін құру аса маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ бұл ретте норманың тиімділігіне мониторинг жүргізу депутаттар мен мемлекеттік органдардың міндеті екенін де айтты. Осы істе сенаторлар қажет болса жаңа қадамдар жасауға да дайын.

«Біз медицина қызметкерлері мен пациенттердің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауымыз керек. Бұл норманың одан әрі орындалуын, қалай жұмыс істейтінін қарау қажет. Мүмкін комиссияларды медициналық мекемелерден бөлу керек шығар. Олар денсаулық сақтау департаменттерінің немесе басқа құрылымдардың жанында жұмыс істегені дұрыс болар. Егер пациенттердің сапасыз қызметтерді алуға қатысты шағымдарын тәуелсіз бағалау жолға қойылса, сақтандырудың бүкіл жүйесі іске қосылады. Біздің тиісті комитет осы мәселемен айналысады. Бәрін зерделеп, біраз уақыттан кейін аталған нормаға қайта оралуымыз да мүмкін», деді М.Әшімбаев.

 

Қоқыс өңдеу зауыттары тоқтап тұр

Елімізде жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық пайда болады. Өткен жылы бүкіл елімізде 5,5 мыңнан аса заңсыз полигон бар екені белгілі болды. Сенатор Закиржан Кузиевтің айтуынша, қазір қоқыс мәселесімен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар тиісті нәтиже бермей келеді.

«Қауіпті және медициналық қал­дықтарды кәдеге жарату және кәдеге жарату кезінде қолдаланылатын технология нормативке сәйкес келмейді. Дегенмен бұл ретте ауқымды бюджет қаржысы игеріліп жатыр. Қоқыс­ты сұрыптау және қайта өңдеу жөнін­дегі Орталық Азиядағы ірі зауыт құ­рылысының Алматыда салынуы бірден-бір маңызды жетістік екені белгілі. Алайда, өкінішке қарай, қазір ол жабылып қалды. Ақтөбе мен Семейде 5 млрд теңгеге с­а­лынған екі жаңа зауыт та тоқтап тұр. Экология министрлігінің қоқыстарды сұрыптаудағы табыс жөніндегі есебі үміт отын жағады, алайда шындықтың ауылы алыста жатыр», деді сенатор.

Депутаттың ақпараты бойынша, межеленген 18-20% қалдықтың орнына шамамен 5-6%-ы ғана сұрыпталады, қалғаны полигонға жіберіледі. Депутат мысал ретінде Еуропа елдерінің тәжі­рибесін атап өтті. Олардың ұста­ны­мы – қалдықтарды азайту, оларды қайта өңдеу және қайта пайдалану. Сенатор Германия 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды көметін полигондардан бас тартуды жоспарлап отырғанын, оларды қайта өңдеуді ынталандыратынын атап өтті.

«Қоқыспен жұмыс істеу жағ­дайын жақсарту үшін бұдан былай қайта өңдеуге жатпайтын қаптама­ны пай­далануға тыйым салуды, қоқысты ең алғаш жинақтау орындарында қалдықты сұрыптау жүйесін енгізуді, қоқысты уақтылы шығармағаны және рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі үшін айып­пұлды ұлғайтуды, сондай-ақ шетел­­дік инвесторларды белсенді тарта отырып және әлемдік тәжірибені пай­даланып, тұрмыстық қалдықтарды қай­та өңдеу және сұрыптау зауыттарын салу мүмкіндігін қарастыруды ұсына­­мыз», деді сенатор З.Кузиев депутаттық са­уалында.