• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Дәстүр 17 Наурыз, 2024

Алты айлық Айшаға тарту

315 рет
көрсетілді

Шаңырақ күнінде Кереку жұрты отбасылық құндылықтарды насихаттады. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұжымы бұл күні алты айлық сәби Айшаға үкілі домбыра сыйлап, ақ жаулықты әжелер бата берді.

«Бүгін – елімізде отбасылық құн­дылықтар дәріптелетін күн. Өне­гелі, ұлағатты отбасыларға құр­мет көрсету мақсатында өңірімізде көп­те­ген іс-шара өтіп жатыр. Біздің ұжы­­мымыздағы қызметкерлердің отба­сындағы ең кішкентай сәби әріп­те­сіміз Алпысбай Хонждың бөбегі болып шықты. Мінекей, кітапхана ұжымы жиналып, Айша есімді сәбиге сыйлық жасауға келдік», деп атап өтті С.Торайғыров атындағы об­лыстық кітапхананың креативті шы­ғар­ма­шылық орталығының басшысы Марал Таженова.

Кішкентай Айшаға қазақтың ұлт­тық аспабы – үкілі домбыраны дәс­түрлі әнші, республикалық бай­қау­лар­дың жүлдегері Әсел Ботаева табыстады. Ертеде жасы үлкен, аузы дуалы адамдар мен өнері елден асқан жандар сәбилерге бата беріп, балалардың ғұмыр жасы ұзақ болуын тілеген. Балаға ырымдап сыйлық сыйлау, тіл-көзден сақтасын деп үкі, тұмар тағу бұлжымас дәстүрлердің бірі болған. Әз Наурыз қарсаңында халқымыздың осындай игі дәстүрлері қайта оралып жатқаны қуантады.

Кітапхана саласының ардагері, ақ жаулықты әже Хадиша Дәндібаева іс-шараға жиналғандарға шашу шашып, сәбиге батасын берді. «Шаңырақ күні еліміздің әр азаматына жақсылық, отбасының амандығын тілейміз. Әр шаңырақтың босағасының берік­тігін, ұрпақтарының керегесі кеңейе бергенін, береке-ынтымағы артып, ырыс-дәулетінің таусылмауын тілей­міз. Құтымыз шайқалмасын, қаза­ны­мыз оттан түспесін!» деп тіледі әжей.

Алты айлық Айшаның әкесі Алпысбай Хонж – С.Баязитов атын­да­ғы балалар оқу орталығының басшысы, ақын, сатирик. Ал анасы Гүлмерей мек­тепте сабақ береді. Жас әрі өнегелі отбасындағы ба­ла­лардың үлкені – ұл. «Наурыз-ба­зарлыққа» кенелген ша­ңы­рақ ие­лері кітапханашылар ұжы­мына риза­шы­лық­тарын жеткізді.

С.Торайғыров атындағы кітап­ха­на Наурыз мейрамына арналған әр ай­шық­ты күнге ерекше шараларды ар­нап жатыр. Ұмытылған дәстүр­лер фестивалі, Амал мерекесін атап өтсе, «Айна» галереясында ұлттық нақыштағы кескіндемелер мен қол­данбалы өнер­дің туындылары қо­йыл­ды. Киіз үй құру бойынша ел үл­кен­­дерінің шеберлік сағаты болды. Ал­дағы уақытта Наурыз мейрамына орай мұнда ұлттық ойындар – асық ату мен тоғызқұмалақтан сайыстар, «Үкілі қыз» байқауы ұйымдастырылады деп күтіліп отыр.

 

ПАВЛОДАР