Көрісу күнінен бастау алған Наурызнама мейрамы қайырымдылық, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күндерімен жалғасты.
Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының атынан әр салада қызмет етіп жүрген азаматтар, еңбек адамдары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділеріне ауызашар берді.
Осы күні облыстың әр ауданында мектептерге «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының биыл үздік әрі белсенді оқушыларға тағайындаған сертификаты тапсырылды. Еліміз бойынша жоспарланған 20 мың жолдаманың 829-ы батысқазақстандық 5-8-сынып оқушыларына бұйырмақ.
Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы қайырымдылық күні аясында жалғызбасты аналарды мерекемен құттықтап, үй-жайларының маңайын қалың қардан тазартып, үйін жинастырып берді. «Күміс алқа» иегері Тәттігүл Байниязова балаларға «Наурыз қоржын» таратты. Ал Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов аудан орталығындағы бірқатар ардагерге арнайы барып көрісіп, мерекелік сыйлық табыс етті. Бәйтерек ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қарттар үйіне «Жүректен жүрекке» мерекелік концерті ұйымдастырып, дәмге толы себет сыйлады. Осындай қайырымдылық шаралары барлық ауданда өтті.
Ал облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық халық шығармашылығы орталығы Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай «Салт дәстүрім – қазынам» атты іс-шара мен «Бесікке салу» рәсімін өткізді.
Мәдени жиынға музей ардагері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері Сара Танабаева, тарихшы ғалым Әлфия Байболсынова, «Ару аналар» вокалдық тобы, студенттер, мәдениет және музей қызметкерлері қатысты.
Ал Орал қалалық көрме залында өткен «Ұршық пати» іс-шарасына Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, қолөнер «Urshyk» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бибігүл Кәрденова Астанадан арнайы келіп, оралдықтармен тәжірибе бөлісті. Басқосуда ұршық үйірудің қыр-сырымен қатар, оралдық қолөнер шеберлері де киіз басудан шеберлік сағатын ұйымдастырды.
Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен он күнге созылатын Наурызнама декадасын халық ерекше ықыласпен қабыл алып, әр іс-шараға белсене қатысып жүр.
Батыс Қазақстан облысы