• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Наурыз, 2024

Батырхан Парижге барады

97 рет
көрсетілді

Таеквондодан Қытайдың Тайань қаласында өткен лицензиялық турнирдің алғашқы күні Батырхан Төлеуғали ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, Париж Олимпиадасында бақ сынайтын спортшылардың тізіміне қосылды.

80 кг салмақта сынға түскен 18 жастағы қазақтың қайсар ұлы Қытай елінде өте жақсы өнер көрсетті. Жарысты ширек финалдан бастаған Батырхан бұл межеде үндістандық Акшай Худодан басым түссе, жартылай финалда Сауд Арбиясының өкілі Әли-Мубрук әл-Мурбруктың осал тұсын оңай тапты. «Ересектер дуына қосылғаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан ұлттық құрама бапкерлері маған үлкен сенім артып, осындай жауапты жарысқа апарды. Сол сенімді ақтау үшін барымды салдым. Шыны керек, тұсаукесер кездесуде біраз қобалжығаным рас. Бірақ дер кезінде өз-өзіме келіп, жеңіске жеттім. Екінші мәрте даянға шаққан бетте қарсыласымның үрейленіп тұрғанын байқадым. Бұл көрініс мені қанаттандыра түсті. Ақыры оны да ұтып, Олимпия ойындарының жолдамасына иелік еттім, дейді ол.

Жастар арасындағы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Батырхан Төлеуғали былтыр Қазақстан Республикасының Спартакиадасында бірқатар сақа спортшыларды жолынан ығыстырып, бас жүлдені олжалағаннан кейін Қазақстанның ұлттық құрама командасының сапына қабылданды. Сол аралықта ол өзін жақсы қырынан көрсете білді. Ақпан айында қандасымыз Біріккен Арабтар Әмірлігінің (БАӘ) Фуджейра қаласында өткен халықаралық турнирде қола медальды мойнында жарқыратты. Міне, енді, Батырхан төртжылдықтың басты додасында Қазақ елі намысын қорғауға лайық екенін дәлелді.

Келесі күні 20 жастағы Самихон Әбубәкіров өрелі өнерімен жанкүйерлерін қуантты. 59 кг салмақта күш сынасқан ол шешуші тұста филиппиндік Курт Криан Барбосадан басым түсті. Оның алдында Самихон Қырғызстан мен Таиланд спортшыларын жеңді. Ал ұлттық команда сапындағы ең тәжірибелі таеквондошы +67 кг салмақтағы Жәнсел Дениз үшін бұл сынақ сәтсіз аяқталды. Кезінде Олимпия ойындарына қатысып, Әлем кубогі, Азия ойындары, құрлық чемпионаты секілді дүбірлі додаларда бір емес, бірнеше рет жүлде алған жерлесіміз жартылай финалда тәжікстандық Мунира Абдусоломовадан айласын асыра алмады.