Ұлы ұстаз әл-Фараби ізгі шаһар туралы әйгілі трактатында қалалар мен қауымдар жайын талқылай отырып, халқы өзара ізгілік иірімінде мамыражай ғұмыр кешетін қайырымды қалаға іңкәр қылып қоятыны бар еді ғой. Оны кезінде утопияға балағандар да табылды. Алайда қайырымды қала, ізгі мемлекет дегеніміздің өзі қайырымды адамдар мен ізгі қоғамнан бастау алмай ма?
Елордада әз-Наурыз мерекесіне орай «Армандар шаңырағы» атты әлеуметтік акция өтті. Нұра ауданы әкімдігі ұйымдастырған игі іс-шарада «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына баратын балалар армандарын ақ қағазға жазды. Көпбалалы ана Сандуғаш Нұрсейітованың кенже баласы қазіргі кезде осы орталықта оңалтудан өтіп жүр.
«Ұлым Естай – жеті жаста. Баламның сөйлеу қабілеті кеш дамып жатыр. Бұл орталық бізге ұнайды. Мұнда бізбен күн сайын логопед, психолог секілді мамандар жұмыс істейді. Орталықтың әлеуметтік қызметкерлері балаларға жақсы қарайды. Бүгін керемет акция өткізіліп жатыр. Ерекше балаларды елеп, ескеріп жатқаны үшін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Біз үй жағдайында қойылған батут болмаса, 2 дөңгелекті велосипед сұрап отырмыз», деді анасы.
Іс-шараның бар мақсаты балаларға қуаныш сыйлау екен. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» дейді халқымыз. Расында баланың қуанышынан асқан шаттық бар ма, тәйірі. Міне, осындай игі іске ұмтылған елордалық меценаттар мен кәсіпкерлер Нұра ауданына қарасты 70 баланың арманын орындауға шын ниетімен кірісіп отыр. Олар балалар армандаған сыйлықтарды 21 наурызда табыстап, мерекенің шырайын аша түспек.
«Астана қаласы әкімдігінің «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 2022 жылы ашылған. Мұнда қазіргі кезде 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 640 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Күн сайын 70-тен аса бала оңалтудан өтеді. Олар әртүрлі мамандардың қызметін алады. Сондай-ақ орталықта би, вокал секілді үйірмелер жұмыс істейді», дейді орталықтың директоры Ердәулет Аманбай.
Игілікті іс тек материалдан тұрмаса керек-ті. Тіпті қол көмектің өзі – ізгі қоғамның негізгі ұстындарының бірі. Астана жұртшылығы бұдан да кенде емес. Игі істер марафоны аясында елордалық еріктілер жалғыз тұратын зейнеткерлердің ауласын тазалап, қарын күреп, қариялардың алғысына бөленді.
«Балаларға алғысым шексіз. Олардың көмегіне ризамын. Жас келіп, бойдан қайрат кеткен соң, қолға күрек алып ауланың қарын күреу де оңай емес. Ал мына көмекке келген жастар мені бір тығырықтан алып шығайын деп тұр», деп Валентина Сергиенко ағынан жарылды.
Мәселен, Байқоңыр ауданында қайырымдылық акциясы аясында 20-ға жуық белсенді жас жалғызілік қарт адамдардың отымен кіріп, қарымен шығып жүр. Себебі күн жылынғаннан кейін қар еріп, әуреге салатыны бар. Ал елордалық еріктілер қыстай жауған ауланың қарын коммуналдық қызметтер алып кететін жерге оңтайлап қойды.
2021 жылдан бері «Астана жастары» еріктілерінің қатарында атсалысып жүрген Макс Алтаев есімді жас жігіттің айтуынша, бұл – жылда болатын дәстүрлі ізгі істердің бірі. Оның айтуынша, «Астана жастары» белсенділері қаланы тәулік бойы қардан тазартатын коммуналдық қызмет мамандарына да көмек қолын созып жүр. Еріктілер ыстық шай мен бауырсақ тарату акцияларын жиі өткізеді. Мұндай қайырымды жастар барда қоғамға жылу, көңілге сенім ұялайды.