Бастапқы жоспар бойынша қосымша құн салығы (ҚҚС) өсімі бюджетке 2 триллион теңгеден астам кіріс әкелуге тиіс еді. Бұл мәселе өзектілігін жойған соң, қаражатты қайдан аламыз деген сұрақ туындады. ҚҚС көтерілуіне қарсы болған кәсіпкерлердің айтуынша, ең абзалы – бизнеске жағдай жасау, сонда Үкіметтің бюджет алдындағы жауапкершілігі жеңілдейді. Мәселен, Үкімет 1 жұмыс орнын ашу үшін 150 мың доллар жұмсаса, бизнесте мұны 15 мың доллармен шешуге болады екен.
Отандық бизнес-қауымдастық өкілдерінің пікірінше, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі барлық тауар мен қызмет бағасының өсуіне әкеледі.
«Осы жылдан бастап Қазақстанда шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий тоқтатылды. Жеке кәсіпкерлер мен басқа санаттар да салық декларациясын тапсыруы керек. Менің ойымша, Үкіметте мемлекеттік бюджеттен шығыстарды оңтайландыруға мүмкіндік бар», дейді Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының басшысы Тимур Нұртаев.
Мәселен, биылдан бастап жұмыс берушілер 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туған әрбір қызметкер үшін БЖЗҚ-ға қосымша жарна аударуға міндеттелді. Жұмыс беруші өз қызметкерінің жалақысын көтеруге тиіс. Бүгінде елдегі бизнеске арналған жеңілдетілген бағдарламалар қысқартылған. Оның орнына қосымша жарналар мен аударымдар көбейіп отыр. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін сол деңгейде ұстау керек.
«ҚҚС-ны орта есеппен кәсіпорындар жылына 500 миллион мен миллиард аралығында төлейтін болса, Астық одағының жекелеген мүшелері жылына шамамен 6 млрд теңгеге жуық соманы салыққа аударады. Егер мөлшерлеме 12%-дан 16%-ға дейін өссе, кәсіпорындардың салық жүктемесі үштен біріне артып, бұл төлемдер шамамен 500 миллионнан 670 миллионға дейін аралықта қалыптасар еді. Бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш», дейді Қазақстан астық одағының сарапшысы Тілек Бекбасаров.
Қазіргі нарық жағдайы бұған қолайлы емес. ҚҚС мөлшерлемесін көтеру шағын және орта бизнестің дамуына кері әсерін тигізері сөзсіз. Жоғарғы есеп палатасының қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитетіндегі ақпараттық жүйелерге талдау жасау барысында қауіпсіздік стандарттарына сәйкес еместігін анықтаған.
Салық кеңесшісі Файзирахман Миянов ҚҚС мөлшерлемесін көтермес бұрын елдегі бүкіл салық жүйесін қайта қарау қажеттігін айтып отыр. Бұған дейін де Президент бюджетті толтыру үшін салықтың дұрыс жүйеленуін тапсырған еді. Бұл тұрғыдан сарапшылар қосымша құн салығын осы деңгейде қалдыру арқылы көлеңкелі экономикаға тосқауыл боламыз дейді.
«ҚҚС-ның 12%-да қалуы сол салада қызмет істейтін барлық кәсіпкер үшін тиімді, екіншіден, біз инфляциялық толқынның алдын алуға мүмкіндік алып отырмыз. Салық төлейтін кәсіпорындар, шағын және орта бизнес субъектілерінің санын көбейтуді көздесек, онда салық жүйесінде жақсы жаңалықтар болады. Бюджеттік кіріс бөлігін ұлғайту – Үкіметтің ең бірінші кезектегі мәселесі. Инфляцияға әсер ететін сырттан келетін тауарлардың көптігінің өзі біздегі салық төлейтін орындардың еңсесін басып отыр. Сондықтан біз бірінші кезекте отандық тауар өндірушілердің санын көбейтуді қолға алуымыз керек», дейді сарапшы Бауыржан Ысқақов.
Осылайша, Үкімет салық жеңілдіктерін берудің ашық әрі нақты ережелерін әзірлеуге кірісті. Қаржы министрлігінің өз жоспары да жоқ емес.
«Қаңтар айынан бастап біз қосымша құн салығы бойынша өткен кезеңнің борыштарын қайтарып жатырмыз. Қосылған құн салығын қайтаруды жеңілдету және жеделдету үшін министрлік бірінші тоқсанның соңына дейін қосылған құн салығын қайтару қағидаларына тиісті өзгерістер енгізеді», дейді Қаржы министрі Мәди Такиев.
Сөйтіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қосылған құн салығының мөлшерлемесі көтерілмейтін болды.Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыс бөлігін де, кіріс бөлігін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуге тырысып жатыр. Бұл жерде бірінші кезекте цифрландыру арқылы салық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша тиімді шаралар қабылдау маңызды екенін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын. Сонымен қатар бюджетке басқа кіріс көздерін табуды да тапсырды. Министрлер кабинеті әзірге үнсіз.
Сарапшылар Үкіметтің мемлекеттік шығындарды оңтайландыруға кірісетінін айтады, бірақ әзірге ондай нақтылық жоқ. Бюджеттегі саңылауларды жамап, Ұлттық қордан түсетін трансфертті қысқарту үшін ақшаны қайдан алады, белгісіз. ҚҚС көтермейміз деп айту оңай, тиісінше бұған барлығы риза, бірақ бюджетке түсуге тиіс мол қаржыны қайдан табамыз деген сауал жауапсыз қалып тұр.