Грекияның астанасы Афинада көркем гимнастикадан талай жылғы тарихы бар дәстүрлі Афродита кубогі аяқталды.
Ежелгі Эллада елінде 19 жастағы Айбота Ертайқызының асқан шеберлігіне тәнті болдық. Бұған дейін де бірқатар байрақты бәсекеде дараланған қазақ қызы бұл жолы «таспа» мен «ұршық» жаттығуында алтыннан алқа тақса, «доп» сайысында қола медальді қоржынға салды. Дәл сол «доп» бәсекесінде Эрика Жайлауова жеңімпаз атанды. Тәжірибесі толысқан Милана Парфилова да Афинадан құр қол қайтқан жоқ. Ол «таспада» күміспен күптелсе, «ұршықта» қолаға қол созды. Сондай-ақ мың бұралған аруларымыз топтық турнирде де үздіктер қатарына қосылды.
Қазақ елінің көркем гимнасшылары үшін ендігі үлкен сынақ – Азия чемпионаты. Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынатын бұл жарыс 6-11 маусым аралығында Ташкентте өтеді.