Жаңартылған әлемдік рейтингте еліміздің бірқатар теннисшісі өз жағдайларын жақсартты.
Әйелдер арасындағы еліміздің ең үздік ойыншысы Елена Рыбакина төртінші орнын сақтап қалды. Ол тек польшалық Ига Швентек, беларусьтік Арина Соболенко және америкалық Кори Гауффтан ғана қалып келеді. АҚШ-тың тағы бір мықты ойыншысы Джессика Пегула WTA тізіміндегі үздік бестікті түйендеді. Индиан-Уэльстегі турнирдің 1/8 финалында өнер көрсеткен Юлия Путинцева 11 сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 66-орынды иеленіп тұр.
Ерлердің рейтингінде Александр Бубликтің қарқыны қуантады. Осыдан он шақты күн бұрын ғана ТОП-20 ойыншының қатарына енген ол бұл күндері 17-сатыға жайғасты. Бұл – Бубликтің жеке рекорды. Қазақстанның екінші ракеткасы Александр Шевченко бірнеше сатыға төмендеп, 54-орынды қанағат тұтуда. АТР тізімінде Новак Джокович жеке-дара көш бастап тұр. Сербияның саңлағын испаниялық Карлос Алькарас, италиялық Янник Синнер, ресейлік Даниил Медведев және германиялық Александр Зверев өкшелеп келеді.