Еліміз көлемінде әз Наурыздың онкүндігі кеңінен тойланып жатыр. Атыраудағы «Батыс» гарнизоны да көштен қалмады. Қарулы күштер жасағы әскерилері мерекені аға ұрпаққа құрмет көрсетіп, көрісумен бастады.
41433 әскери бөлімінің сарбаздары Амал мерекесін жыл сайын атап өтеді. Жауынгерлер бауырсақ пісіріп, ақтан дәм татып, төс қағыстырып бір арқа-жарқа болады. Кейін әскерилерден құралған әртістер Көрісу күні, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні және Ұлттық киім күні деп мерекенің көрігін қыздыра түседі.
– 14 наурыз ежелден қазақтар арасында жаңа жылдың басы болып саналды. Бұрын Көрісу күні тек батыста ғана тойланатын, ал қазір ол барша елімізге танымал болып келеді. Бұл – қуанарлық жайт. Біз өз дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды сақтап, ұрпаққа осыны үйретуіміз керек. Жан-жақтан шақырылған сарбаздар Амалдың тарихын қызығушылықпен тыңдады. Көпшілігі мұны алғаш тойлап отырғанын айтты. Наурыз – тек тұрғындарды емес, әскери қызметшілерді де жақындастырады. Өйткені әскери ұжымдағы мәдени-рухани іс-шаралар достық байланысты одан әрі нығайта түседі, – деді 41433 әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Мейрам Қаппасов.
Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күні аясында әскерилер «Жан Еркемай-Атырау» қоғамдық қорының ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталығына барды. Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап, тәттілер мен сыйлықтар үлестірді. Қоғамдық қордың басшысы Әлия Құбаева: «Сіздер біздің, Отанымыздың қорғаушыларысыздар. Кестенің тығыздығына қарамастан, бізді қолдауға уақыт тапқандарыңызға, жас тәрбиеленушілерімізбен жақсылық, жылулықпен бөліскендеріңізге, оларға жағымды эмоциялар сыйлағандарыңызға мың алғыс», деп игі тілегін жеткізді.
Өз кезегінде әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Дарья Шөкенова Атырау гарнизонының жеке құрамы балалар мен қарттар үйіне, оңалту орталықтарына үнемі барып тұратынын айтты.
– Бауырмалдық, бірлік – береке бастауы. Ата-бабаларымыз бағзыдан рухани құндылықтарды жоғары бағалаған. Мұны «Бірлік болмай – тірлік болмас» деген мақал-мәтел, аңыз-әңгімемен кейінгілерге жеткізіп келеді. Біз де қанмен сіңген әдетпен ерекше балаларға арналған әлеуметтік орталыққа бардық. Жас жауынгерлер қазақтың хандары мен батырларын сомдап, балалар мерекені жақсы сезінді, – деді ол.