• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Наурыз, 2024

Ұлттық киім ұлықталған күн

187 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында Наурызнама тұжырымдамасы аясында Шаңырақ күні аталып өтті. Осыған орай өңір басшысы Нариман Төреғалиев 50, 25 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан отбасылармен кездесті.

Наурызнама тұжырым­да­масы ая­сын­да 18 наурыз – ұлт­тық киім кү­ніне орай Орал қаласында ұлттық үл­гідегі сыныптар шеруі өтті. Іс-шара­ға Орал қаласының әкімі Миржан Сат­қанов, облыстық қоғамдық даму басқар­масының басшысы Гүлжана Шөкеева, облыстық білім басқарма­сының басшысы Айгүл Мыңбаева және қала мектептерінен 300-ге жуық оқушы қа­тысты.

Қала мектептерінің оқу­шылары Наурыз айының ал­ғаш­қы күнінен мек­тепке ұлт­тық үлгідегі киіммен келу­ді бастады. Бастауыш буын оқушы­ла­рынан бастау ал­ған бастаманы, бас­қа да оқушы­лар қолдап, әр сынып өз ерекше­ліктерімен мектеп формасын ұлттық үлгімен үндестірді. Олар­дың бірқатары Ұлттық киім күніне орай өткізілген шеруге қатысты. Әр сы­нып­тың киім үлгілері таныстыры­лып, әдеби музыкалық компози­ция ар­қылы қыздардың бала­лық шақ­тан ана болғанға дейінгі киетін баскиімдерінің ерек­шеліктері туралы түсіндірілді. Сонымен қатар жергілікті ісмер-педагогтердің қолынан шыққан ұлттық нақыштың заманауи киіммен үндестірілген топтама­ларының көрсетілімі ұсынылды.

Қала әкімі Миржан Сатқанов облыс басшысы атынан Наурыз мейрамымен құттықтап, ұлттық киімді ұлықтауды ерте жастан балаларға түсіндіріп, ұлт­тық құндылығымызды дәріптеу мен күнделікті киюге ұмтылудың оң бастама екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Аты­рау төрін­де өткен Ұлттық құрылтай жиынында «Ұлттық киім күнін» енгі­зудің маңыз­дылығына айрық­ша басымдық беріп, «Басқа жұрт қазақты киімінен тани­тын болуы керек. Біз басқа­ларға еліктеушілік, әсіре діншіл­діктен сақ­танып, салт-дәстү­рімізден ажырамауы­мыз керек», деген болатын. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, мәдениеті де ұлттың киімінде. Осы жылы еңбек ұжымдары мен оқу орындары ұлттық на­қыш­­та киіну үрдісін енгізге­нін бай­қап жүрміз. Осы бастаманы батыс­қазақстандық білім ұйымдарының қол­дағаны да көңіл қуантады. Бүгінгі іс-шара – соның куәсі. Ата-аналар да қолдау білдірсе, ұлттық мәдениетімізді көрсететін ұлттық нақыштағы элемент­термен мектеп формасын мектеп жар­ғысына енгізуді ұсынуға болады, – деді қала басшысы Миржан Мұнайдарұлы.

Іс-шара барысында оқушы­лар дайын­­даған киізден жасал­ған бұйым­­дар, тақиялар мен әшекейлер және басқа қолөнер бұйымдарының көр­месі ұйым­дастырылды. Өнерлі бал­ғын­дар Наурыз мерекесіне орай күмбір­­летіп күй шертіп, көркем би, әсем әндерін тарту етті.

Айта кетейік, 14 наурыздан басталған Наурызнама онкүн­дігі аясында қалалық бі­лім беру ұйымдарында әр күні қа­зақтың салт-дәстүрі мен ұлт­тық болмысын ашып көрсе­туге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып, Наурыз тойы кең көлемде аталып өті­лді.

 

Батыс Қазақстан облысы