Бүгін – ұлттық спорт күні. Былтыр ұлттық спорт түрлерінен саңлақтар 12 халықаралық сайысқа қатысып, 95 медаль иеленді, оның ішінде 35-і – алтын жүлде. Ұлттық спорт түрлерін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленіп, саланы өрістететін кадрлар даярлаудың бағдарламасы да бекітілді. Ұлттық спорт түрлерінен мектеп ашу ісі де қолға алынды.
Желден озған шабандоз
Ұлттық спорт ойындарының ішінде кең қанат жайғаны – бәйге. Жұмыр тұяғы топырақты турап, аспанды алақұйын шаңға көметін жүйріктердің жарысы кім-кімнің де делебесін қоздырады. Қиқу салған көрерменнің көз алдында жел қуған жылқы жануарының қолтығын сөге көсіле шапқан сәті тым ерекше.
Биылдың басты бәсекесі – Дүниежүзілік көшпелілер ойындары. Қоңыр күзде Астана қаласында өтетін айтулы додаға атсейістер де алағызып, шабандоздар да тақым қысып әзірліктен өтіп жатыр. Көшпелілер ойындарының сүйекті додасы саналатын бәйге додасына дайындық қалай, еліміздің атынан қанша жүйрік қосылады, қай жануардың жұлдызы жанады деген сауал жанкүйер жамағатты толғандырары сөзсіз.
Былтырдан бастап елімізде ресми бәйге сайыстары, яғни Бәйге федерациясының алқауындағы додалар кезең-кезеңмен жоспарланып өткізіліп келеді. Биыл да жүлгесі солай жалғасып, алғашқы аламан дода 9 наурызда Шымкент қаласында өтті. Ендігі бәйге 22 наурызда Алматы облысының әйгілі Көкбастау ипподромын дүбірге бөлейді. Ұлу жылының ұлы бәйгесі саналатын Көшпелілер ойындарына қатысатын жүйріктер, міне, осындай әр кезеңде сұрыпталады.
Бәйге федерациясының атқарушы директоры Алтай Бимен осы жылы тек ресми бәйгелердің өзі 41-ге жеткенін айтты. Одан сырт өңірлерде берілетін ас пен тойдың додасы тағы бар. Міне, осы ресми сайыстарда қара үзіп, көмбеден алдымен көрінген қылқұйрықтар ғана Көшпелілер ойындарында бәйгеге қатысады.
«Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына айдалатын арғымақтарды іріктеудің негізгі екі додасы бар. Қарағанды облысында өтетін Қазақстан кубогі мен Алматы қаласында болатын іріктеу бәйгесі. Міне, осы екі негізгі сыннан суырылып шыққан қылқұйрықтар Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бәйгеге түседі. Құнандарды да осы іріктеу жүйесімен саралаймыз. Себебі былтыр тай кезінде жүгірген жүйріктер биыл әлі додаға қосылған жоқ. Барлығы да әділетті, көптің көз алдындағы іріктеу барысында жүйеленеді. Ана атбегінің өзі, мына аттың дақпырты басым еді деген сылтау жүрмейді. Рас, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бәйгеге берілетін жүлде қоры тым қомақты емес. Бірақ оның маңызы, салмағы басым. Сондықтан да атбегілер қыстай жүйріктерінің жілік майын толтырып, жал-құйрығын тарап, қамау терін алып, күзгі дүбірге дайындалып жатыр. Қырғызстаннан да талай бәйгенің алды болған, қымбат көлік, зәулім үй ұтқан Қарақыз секілді жүйріктер келеді. Сол себепті атбегілер барын салып әзірлік жүргізіп жатыр», деді А.Бимен.
Өткен жылдың үздік шабандозы Бекзат Ділдахан 12 айда тек ресми 10-нан аса бәйгеге шауыпты. Ал ас пен тойдағы додасының санынан өзі де жаңылады. Бәйгелерінің ішіндегі шоқтығы биігі үшеу. Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай өткізілген айтулы аламанда Талхиз атты арғымақпен бірінші келді. «Алатау арғымағы» бәйгесінде де топты бастап көмбеден қара үзіп, автокөлік тақымдады. Баянауылда өткен республикалық бәйгенің де бас жүлдесі Бекзаттың қанжығасына байланды. Биылғы жылашар бәйгесі де несібесіз емес. 9 наурызда Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатының маусымашар кезеңінде екі рет бәйгеге қосылды. Аламанда «Тайфун» атты сәйгүлікпен 3-орын иеленсе, топ бәйгеде «Бүркітпен» жеке-дара келді. Енді 22 наурызда Көкбастау ипподромында чемпионаттың екінші кезеңіне қосылады. Төрт жылдан бері бәйгеге тұрақты түрде қатысып келе жатқан Бекзаттың да арманы – Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында қара үзу.
«Төрт жылда талай жүйрікті тізгіндедім. Солардың ішінде «Талхиз» бен «Бүркіттің» орны ерекше. Осы екі жүйріктің біреуімен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында топ жарғым келеді», дейді даңқты шабандоз.
«Ұлы дала жорығы»: бәйге хан сарайынан басталады
Дәстүрге айналған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің биылғы бәсекесі Петропавл қаласындағы Абылай хан мұражай-кешенінен басталып, Астана қаласында мәресіне жетеді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына орайластырылатын марафон-бәйгенің қашықтығы биыл едәуір қысқарған. Былтыр 1 400 шақырымды өндірген жүйріктер үшін биылғы сапар өте ыңғайлы болмақ – 500 шақырым ғана.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
12 мамырда Петропавл қаласындағы Абылай ханның мұражай кешені-резиденциясынан басталып, Бурабай курорттық аймағын, Ботай мен Бозоқ көне мекендерін басып өтіп, 17 мамырда Астанада мәресіне жетеді. Үздік үштікті түйіндеген командалар күзде болатын «Ұлы дала жорығының» халықаралық турына жолдама алады.
Сақасы жақса қолына
Асық ату ойны ұлттық спорт түрі ретінде 2010 жылдан бері жанданды. Сол жылы республикалық Асық ату федерациясы құрылып, мемлекеттік тіркеуден өтті. «Асық ату» ойнының ережесі 2011 жылы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшылығымен келісіліп, оны Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті бекітті. 2017 жылдың желтоқсан айында Оңтүстік Корея Республикасында өткен үкіметаралық материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің 12-сессиясында асық ойны да насихатталды. Нәтижесінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне қосылды. 2018 жылы Асық ату федерациясына аккредитация берілді. Алты жылдың ішінде еліміздің барлық облысында Асық ату федерациясы жұмысын жандандырды. 1 124 жаттықтырушы, оның ішінде 84 бапкер штаттық негізде жұмыс істейді. Жыл сайын асық спортын өрістетушілердің қатары артып келеді. 89 432 спортшы жүйелі түрде шұғылданады. Олардың арасында спорт шебері нормативін орындаған спортшылардың саны 60-тан асады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың ақпан айында Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, Степногор қаласында жергілікті спортшылармен жүздескенде де осы асық спортын дамытуды тапсырды. Былтыр қараша айында Қазақстанға ресми сапармен келген Франция президенті Эмманюэль Макрон Қазақстан Президентімен бірге «Этноауылды» аралап, асық ойнады. Екі ел басшыларының сақа шиырып, нысана көздеуі ұлттық спортымыздың өркен жаюына да серпін берді.
Былтыр Оқу-ағарту министрлігі «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағарту жобасы аясында «Алтын сақа» челленджін ұйымдастырды. Бір мезетте еліміздің барлық мектебіндегі 3 млн-ға жуық оқушы асық атып, ұлттық спорттың бұқаралық сипат алуына үлесін қосты. «Асық ату» орта мектеп бағдарламасына енгізілді.
Жуырда Асық ату спортының халықаралық федерациясы тіркелді. Ассоциация негізіндегі заңды тұлғалар бірлестігінің президенті лауазымына Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков сайланды. Халықаралық федерация мүшелігіне елімізден сырт Түркия, Румыния, Моңғолия, Саха Республикалары, Қырғызстан елінен өтініш түскен. Биыл Мажарстан, Өзбекстан, Қытай және Испания елдері де халықаралық федерацияның қанаты астына қосылуға ықылас танытты.
Былтыр «Respublica» партиясы ұйытқы болып, Астана қаласының 25 жылдығына орай үш асық ойнау алаңы ашылып, елішілік бірнеше турнир ұйымдастырылды. Жаңа құрылған халықаралық федерацияның арқалайтын аманаты да жеңіл емес. Ең алдымен Дүниежүзілік этноспорт қауымдастығына мүшелікке өту міндеті тұр. Асық ату спортының халықаралық масштабта мәртебесін асыру үшін демеушілерді тарта отырып, тарихын зерделеу керек. Қажетті жабдықтардың стандартын, қағидаға бағыттайтын ережесін бекіту жұмысы бар. Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында асық ату спортынан қатысушы елдердің де санын ұлғайту осы федерацияның арқалар жүгі болмақ. Әлем чемпионатын өткізу шаруасы және бар. Ұлттық спорт ойындарының аясында асықтан да «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқитын жастар да додаға түседі. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында да асық ойнынан жарыстар ұйымдастырылады.
«Теңге ілу» тұңғыш рет енді
Биыл қыркүйек айында Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына теңге ілу спорты тұңғыш рет енгізілмек. Өткен жылы Шымкент қаласында өткен Азия кубогі мен Көкшетауда ұйымдастырылған Қазақстан чемпионаты спорт түрінің кең қанат жайғанын аңғартты. Алматыда өткен халықаралық семинарға Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай, Ресейден өкілдер қатысып, төл өнерімізді дамыту жайы талқыланды. Қытайдың Үрімжі қаласында Теңге ілу федерациясының ашылуы да ұлттық спортымыздың өрісін кеңейтті.
Теңге ілу федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілетін ұлттық спорт түрінен биыл Азия кубогі мен Азия чемпионаты ұйымдастырылатынын айтты. Келешекте теңге ілудің халықаралық федерациясы да құрылып, жұмысы жанданбақ. Бабаларымыздың жауынгерлік рухын жанитын төл ойыны саналатын теңге ілуден Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында спортшыларымыз аянып қалмайтыны анық. Ұлттық спортымыздан үздіктердің өздерін дәлелдеуге зор мүмкіндік тумақ.