Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін халық бірлігін нығайтудың маңыздылығынан бастады.
«Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды», деп атап өтті Президент. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы зиялы қауымның, әсіресе аға буын өкілдерінің осы бірлікті нығайтудағы ерекше рөліне тоқтала кетті. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы екендігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталатындығын, яғни, ең алдымен, ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керектігін көпшілікке жеткізді.
Бір сөзбен айтқанда, зиялы қауым өкілдері жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі қажет. Жалпы, Ұлттық құрылтайдың мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Бұл бізге бірлескен күш-жігер арқылы Жаңа Қазақстанды құруға мүмкіндік береді.
Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ,
Сенат депутаты