Ұлт руханиятының тұтастығы мен бірлігінің нығайғанын қаламайтын қазақ жоқ. Бәріміздің көздегеніміз – өзара татулық, елдің өркендеуі.
Алайда қоғамда қылаң беріп қалатын діни деструктивті ағымдардың тамырына балта шауып, жолына тосқауыл болу керек. Осы мәселені қолға алатын уақыт жетті. Мен бұл туралы ойымды бүркеп қалып жүргенім жоқ. Бұл кеселдің отыз жыл бойына қоғамға тигізген кесірі аз болмады. Ендігі кезекте елдікті, егемендікті ойлап, темірқазығымызға қол созатын кез келді. Бұған дейінгі ағаттығымызға көз жүгіртіп, одан сабақ алуымыз керек.
Сонымен қатар қоғамда руға бөлінушілік те байқалады. Тіпті асқынып барады деуге болады. Біз ұлттық намыс емес, рулық намыстың деңгейіне түсіп, құлдырауға дейін кетіп барамыз. Ал шындығында ру не үшін қажет? Мұның сыры жақын ағайынды адамдардың бір-біріне некелеспеуі үшін, сондай-ақ, бір-бірімізді танып, туыстық жақындықты білдірту үшін қажет. Бұдан басқа түсінік қалыптастырып, қопсытудың түкке де қажеті жоқ. Осындай келеңсіз мәселелерге тыйым салынуға тиіс. Сонда ғана ұлттық тұтастыққа қол жеткіземіз. Тұтастыққа жеткен мемлекеттің болашағы жарқын болады.
Светқали НҰРЖАН,
Ұлттық құрылтай мүшесі