Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы жауапты азамат – Адал азамат тұжырымдамасының мән-мағынасын ашып берді. Мұндай адамды білімге берілген әрі өз ісінің маманы деуге болады. Идеологиялық саясат осы құндылықтарды насихаттауға, адамдарды дұрыс мінез-құлыққа итермелеуге бағытталуы керек.
Стереотиптерді сырт айналатын болсақ, идеология – тек риторика емес, сонымен қатар қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларындағы нақты өзгерістер жиынтығы. Үшінші Ұлттық құрылтайдың «Білім және ғылым» секциясында біз адами капиталды дамыту тақырыбына ерекше мән бердік. Жалпы, секция барысында еліміздің дамуына арналған 20-ға жуық бастама төңірегінде әңгіме өрбіді.
Осы орайда маңызды салалардың біріне тоқталғым келеді. Оның тікелей тәжірибелік маңызы бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ІЖӨ көлемін екі есеге арттыруды мақсат етіп қойған болатын. Бұл ретте өнеркәсіпті дамытуға және негізгі инфрақұрылымды қалыптастыруға немесе жаңартуға ерекше басымдық беру керек. Кейінгі жылдардағы трендтерді, соның ішінде геосаяси трендтерді ескеретін болсақ, бұл маңызды бағыт екеніне көз жеткіземіз. Осылайша, кез келген қиындыққа жеткізбей, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеміз.
Әрине, бұл міндет пен меже құрылымдық экономикалық реформалардың күшімен шешіледі. Бірақ мұнда идеологиялық саясаттың мейлінше прагматикалық түріне де орын табылады. Біз табысқа қол жеткізе алатын және белгілі бір нарықтық орталарда өз орнын табатын кәсіпорындар құра аламыз. Бірақ бұл бағытта көп жұмыс қолға алынуы керек.
2022 жылы Алматыда өткен жас ғалымдармен кездесуде Мемлекет басшысы: «Біз инженерлер, конструкторлар, жобалаушылар, агрономдар, бағдарламашылар елі болуымыз керек», деп атап өтті. Бірақ қазір біз техникалық мамандықтардың беделінің төмендеуіне байланысты кадр тапшылығына тап болып отырмыз. Бұл тығырықтан шығып, олқылықтың орнын толтыратын қадамдардың бірі ретінде Президент қауіпті кәсіп қызметкерлерінің, оның ішінде кеншілердің зейнеткерлік жасын төмендету жөнінде тапсырма берген еді.
Мәжіліс қабырғасында кадр тапшылығы мәселесі үнемі көтеріліп отырады. «Amanat» партиясы фракциясындағы депутат әріптестерім дабыл қағарлық фактілерді келтірді. Мәселен, инженер, металлург және басқа да техникалық мамандардың орташа жасы шамамен 50 жасты құрайды екен. Гранттардың бөлініп жатқанына қарамастан, түлектер бұл мамандықтарға жолай қоймайды. Осылайша, кәсіпорындарға қажетті жаңа кадрлардың буыны тоқтап қалды.
Бұл түйткіл кезең-кезеңімен, кірістің өсуімен шешіледі, бірақ оның да шегі бар. Сонымен қатар төменгі жұмыс күші, қарапайым еңбек адамдарының жұмысы үнемі көз қызығатындай болып көріне бермейді. Көбінесе бұл ауыр, бірсарынды, тәуекелге толы болып келеді. Оның үстіне нарықтық экономикада аз күш жұмсап, көп табыс табуға болатын еңбек көздері, оңай жолдары көп. Сондықтан ынталандырудың барынша тұтас кешенін жасай отырып, жағдайды түзете аламыз. Осындай кәсіптердің маңыздылығын қоғам болып мойындау, қолдау қашанда өз жемісін береді.
Никита ШАТАЛОВ,
Мәжіліс депутаты