Президент Ұлттық құрылтайда қадау-қадау мәселелерді көтерді. Оның ішінде Жайық өзенінің жағалауындағы көненің көзі – Сарайшық қалашығына баса маңыз беріп отыр. Бірақ Сарайшықтың зерттелу жағы, құндылықтарын дәріптеу жағы әлі жетіспейді. Оның себептерін анықтаған жөн.
Жалпы, мұнайлы өлкеде екі нәрсе қолға алынуға тиіс. Оның бірі – Бейбарыстың ғылыми орталығы болуы қажет. Былтыр араб елінде болған кезімізде сондай орталық құрылған еді. Арабтық әріптестер оны Қазақстанмен бірлесіп құруға ынталы болып отыр. Бұл істе ғалымдарды тарту, қаржыландыру мәселесі лайықты шешілуі керек.
Біз дауылпаз ақын Махамбетті ұмытып кеттік. Оның мұрасын жаңаша зерттеу ғылыми орталықтардың міндеті деп білеміз. Меніңше, Атырау өңіріндегі жоғары оқу орындары осыған жете көңіл бөлуі керек. Әрине, тек университеттер ғана емес, облыстағы мәдениет басқармасы, басқа да орталықтар осы мәселені қолға алса деген ұсынысым бар.
Жазушылар ұлттық құндылықтарымыздың кеңінен насихатталуына үлес қосып жүр. Биыл жеті аталым бойынша «Құлагер» бәйгесі жарияланды. Ұлттық ойындарды, салт-дәстүрді ұлықтау үшін жаңа көркем шығармалар анықталады.
Біз еліміздегі көркем шығарманың деңгейін көтереміз. Алайда қазақ әдебиетінің кемшін тұсы көп. Әсіресе қазақ прозасы мен поэзиясы шет тіліне дұрыс аударылмай жатыр.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы