Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұғымдарына қатысты салиқалы ой айтып, тың тапсырмалар жүктеді. Президенттің бастамасымен жаңашыл идеялар туындап отыр. Оның кейбірі идеологиялық тұрғыда жүзеге аса бастады. Алайда билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты жетілдіре түсу керек.
Осы орайда күштік құрылымдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғам өкілдерінің пікірлерімен санасып, бірлесе жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Өйткені «Билік. Қоғам. Диалог» деген үш маңызды ұстынды іске асыруды қолға алсақ, елді өркендету үшін тиімді тұстары бар. Бұл үшеуі сөз жүзінде ғана қалмауы керек.
Әрине, бәрімізге ортақ, орындалуы қажет заңдар бар. Қоғамның басым бөлігі Президенттің жүргізіп отырған әділетті Қазақстан құру саясатын енді-енді түсініп, демократиялық қағидаттарды қолдап жатқаны байқалады. Дегенмен қоғам болған соң сыни пікірлер айтылады. Бұл – қалыпты жағдай. Бірақ бетке басар қиянаты болмаса да пікірін еркін білдіріп, қоғамға ой тастаған, әділдіктің үстемдік құруын қалайтын кейбір азаматтарды заң алдында жауапты етіп, сенделтіп қою фактілері бар. Бірақ олар да қолға алынған бағдарламалардың жүйелі түрде орындалып, елдің игілігі үшін жүзеге асқанын қалайды.
Сондықтан билік өкілдері халықпен жиі араласып тұруы қажет. Бұл жұмыстардың бір ізге түсуіне барлығымыз бір кісідей атсалысуымыз керек. Мұны Президент те талап етіп отыр.
Ермұрат БАПИ,
Парламент Мәжілісінің депутаты