Ұлы даланың төрінде Ұлттық құрылтай өткізу дәстүрімізге айналды. Атырауда өткен келелі кеңестің кезекті жиынында идеология саласында жүргізілетін кешенді жұмыстың нақты бағыт-бағдары айқындалды.
Соның ең өзектісі – халқымыздың береке-бірлігін сақтау. Ел ағалары арасындағы ауызбірлік ұрпаққа өнеге. Біз өзіміз жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп отырғандықтан, олардың адал адам болып қалыптасуына, саналы тәрбие алып, жақсы оқып, адал еңбек етіп, адал табыс табуына мейлінше ықпал етуіміз керек.
Атырау төрінде өткен Құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар құндылыққа тоқталды. Бұл құндылықтардың алдыңғы қатарында – тарихымызды түгендеу, тілімізді дамыту, мәдени мұраны дәріптеу, дін мәселесі, отаншыл азаматтар тәрбиесі, экономикамыздың дүниежүзілік бәсеке қабілеттілігін арттыру, заң және тәртіп тұр. Сайып келгенде мұның бәрі – елімізде әділ қоғам орнатудың, озық дамыған мемлекет құрудың алғышарттары. Ол үшін не керек?
Біздің жастарымыз жаңаша ойлай білгені абзал. Әсіресе білім және ғылым саласын дамытудың бүгінгі таңда орны бөлек. Қазір әлем дамудың жаңа сатысына қадам басты. Мұндай сәтте ғылым біздің өмірімізде негізгі рөл атқарады. Қоғамның дамуына, технологияның алға жылжуына және адам өмірі мен тұрмыс жағдайын жақсартуға мол мүмкіндік тудырады. Ғылымның маңызын терең түсіну, ғылыми зерттеулерді одан әрі қолдау және дамыту – адамзаттың болашағына қажетті басты шарттың бірі.
Елімізде талантты жастар баршылық. Университетімізде әлемдік деңгейде таныла бастаған жас ғалымдарымыз бұл жиыннан құнарлы нәр алып, сөз жоқ, едәуір серпілістің қайнар бастауында тұрғандай әсерді сезіндіреді. Ел болашағы – жастардың қолында. Демек ортақ мақсатқа ұйысқан ұлттың ертеңі – жастар екенін қадап айтуымыз керек. Құрылтайдың басым бағыты осы болса керек.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры