«Qazaqstan» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен ұлттық арнада сағат 11:00-де Наурыз-марафоны басталды. Марафон телеарна мен оның әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфирде көрсетіліп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Марафонды телеарнаның бірнеше журналисі тізгіндеген.
Ұлттық арна тартуына бейбіт күнде ел ішінен шыққан батырлар қонақ ретінде шақырылған. Соның бірі Алматы облысы Іле ауданындағы № 219 автобус бағдары жүргізушісінің талмасы ұстап қалғанда көлікті тоқтатып, бірнеше жолаушыны аман алып қалған Ақжол Герой.
Ұлттық арна төрінде қонақ болған батыр бала Қазақстан халқын наурыз мерекесімен құттықтады.
Сондай-ақ тікелей эфирде Түркіменстанның біздің елдегі өкілетті елшісі екі мемлекет арасындағы наурызды тойлаудың ұқсастықтары мен ерекшеліктерін айтып берді. Мәселен, қазақ халқы наурызкөжені 7 дәмнен жасаса, түрікмен халқы 7 С әрпінен басталатын дәмнен наурыз көже дайындайды.
Марафонда Президент Қасым - Жомарт Тоқаевтың тазы иттерін асырауды ұнататыны айтылып, 3 тазысының ең кішкентай күшігін Наурыз деп атағаны айтылды.
Еске салайық, 2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамы қарсаңында Астанадағы «Тазы» тұқымды иттердің көрмесін аралап көрген еді. «Наурыз» есімді тазы Президентке сол көрмеде сый ретінде ұсынылды. Қ.Тоқаев тазы күшігінің есімін өзгертпегені белгілі болды.
Айта кетейік, тікелей эфирде ұлттық құндылықтар насихатталып, дәстүрлі ән-жыр әуелеп жатыр.