Мәулен Әшімбаев Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенкомен кездесіп, елімізде шахматты дамыту және халықаралық сайыс өткізу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында федерация өкілі Қазақстанда шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру бағытындағы жұмыстар жөнінде айтты. Астанада әлем чемпионы атағы сарапқа салынған жарыс пен Азия чемпионатының өткізілуі соның бір нәтижесі екенін атап өткен жөн. Құрлықтық сайыста 18 елден келген 126 шахматшы бақ сынады.
Сұхбат кезінде жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру ұлттық құрама спортшыларын даярлау үшін кәсіби мамандарды жұмылдыру, оқыту форматтарын жетілдіру, шахмат клубтарын ашу сияқты бірқатар өзекті мәселелер де әңгімеге арқау болды.
Сондай-ақ Александр Бабенко елімізде шахматты дәріптеу ісіне қолдау көрсеткені үшін Мәулен Әшімбаевқа алғыс білдірді.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Қазақстанда шахматтың дамуына үлкен үлес қосатын және қатысушылардың шеберліктерін шыңдауға ықпал ететін халықаралық турнир өткізудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Сенат тарапынан елімізде шахмат қозғалысын одан әрі дамытуға және Қазақстан шахмат федерациясының қызметін жетілдіруге қолдау көрсетіле беретінін тілге тиек етті.
Кездесуде алдағы уақытта Сенаттың қолдауымен шахматтан қоғам белсенділері, журналистер, сондай-ақ, Парламент және мәслихат депутаттары арасында өткізілетін «Senat Open» турниріне қатысты мәселелер де талқыланды.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам адам шахматпен айналысады. Жеті өңірде аталған ойынды үйрету үшін пилоттық жоба қолға алынған. Бұл бастама 42 мектеп пен 1000 оқушыны қамтып отыр.