Технология дамып, уақыт зымырап өтіп жатыр. Құдды дүниенің бәрі өзгеріп жатқандай. Десе де замана жаңғырса да дәуірі өтпейтін дүниелер болады. Олар керісінше құндылыққа айналып, ұлттық код деңгейіне көтеріледі. Осы ұлттық құндылықтарымызға цифрлық саланың қалай әсер еткенін бағамдау мақсатында аз-кем шолу жасадық.
Хандар сөйлесін
«Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», дейді Міржақып Дулатұлы. Ал Қазақстан-Британ техникалық университетінің 2-курс студенті Алтынбек Жолдыбай әр қазақтың санасында тарихты жаңғырту үшін ерекше веб-қосымша ойлап тапты.
TarihShy AI – жасанды интеллект негізінде жасалған Қазақстан тарихын зерделейтін веб-қосымша. Қолданушылар хандар мен билер, Алаш зиялыларымен, тарихи тұлғалармен тілдеседі. Жауапты аудио, бейнежазба немесе мәтін түрінде алады. Тіпті тарихи тұлғалардан кеңес сұрауға да болады. Олар өздеріне берілген рөл мен өмірбаяны арқылы айтып береді. Жобаның мақсаты – өткенімізді жаңа әдістермен үйренуге мүмкіндік жасау. Балаларға жастайынан тарихты танытып, оқушылар мен студенттерге оқу үрдісін жеңілдету. Қазір веб-қосымшаны тұрақты қолданушылар саны мыңнан асты.
– Тарихқа қатты қызығатынмын, терең зерттейтінмін. Бірақ басқа адамдардан ондай қызығушылық байқамадым. Содан өзгелерді тарихымызға қызықтырғым келді. Интернеттен іздеуге, кітап ақтарып отыруға біраз уақыт пен күш кетеді. Ал TarihShy AI – нақты әрі дәлелденген деректер жинақталған қолайлы қосымша, – дейді Алтынбек Жолдыбай.
Ол өткен жазда жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу бойынша еліміздің IT-инкубаторына қатысқан. Бұл өнім – сол жобаның жемісі. Жалпы, TarihShy AI техникалық жағынан күрделі. Деректер базасы палеолит заманынан бастап қазірге дейінгі ақпараттарды қамтиды. Ақпарат векторлық деректер базасына жиналған. Сол арқылы жасанды интеллект сәйкестік іздейді. Ақпаратты өңдеу үшін және жауап құру үшін gpt-3.5-turbo моделін қолданған.
– Деректерді түгелдей интернеттен, кітаптан алып, оны еңбектеніп қолмен жинадым. Қазір TarihShy AI өзім қалағандай жұмыс істеп тұр. Тек сервер бөлігінде ақаулар болып тұрады, бірақ ол шешілетін мәселе. Жоспар бойынша TariShy AI тек веб-қосымша ретінде қалмай, ауқымды жобаға айналады, – дейді «Computer Systems and Software» мамандығында білім алып жатқан Алтынбек.
Электронды қазақ үй
Ғалымбек Қызырбекұлы осыдан 10 жыл бұрын «Электронды қазақ үйін» іске қосқан. «Электронды қазақ үй» – тілді дамытып, рухты көтеретін, ұлттық құндылықты дәріптейтін тәрбие құралы. Мұнда дәстүрлі ән мен күй, терме, аңыз-ертегі, бесік жыры, Абайдың қарасөзі, балалар әні, жалпы көлемі 1200 аудиоматериал топтастырылған. Нақтылай түссек, домбырамен орындалған – 315, оркестрмен орындалған 34 күй бар. Сондай-ақ қобыз, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз, адырна, шертер және сазсырнаймен орындалған шығармаларды да тыңдауға мүмкіндік бар. 114 халық әні, халық әнші-композиторларының 202 әні, 63 терме-толғау, ұлттық рухтағы 26 ән қосылған. 7 бесік жыры мен Абайдың қарасөздері кірген. Құрылғы балалар мен ересектерге де ыңғайлы етіп жасалған. Қолданушылар тиісті батырманы басу арқылы мазмұны мен жанры жағынан әртүрлі бөлімді аралап, қалағанын тыңдай алады. Жоба тек елімізде ғана емес, АҚШ, Канада, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Қытай, Моңғолия елдеріне тараған.
– Бұл жоба – менің төл балам. Бұл – қазақтың баласы. Өнімнің ішіндегі дүниелер қандай керемет болса, сыртқы сапасы да соған лайық. Балалықтан даналыққа дейінгі қазақ ауыз әдебиеті мен шығармаларын насихаттайтын заманауи құралымыз сапасыз болып жатса, мұны кім алады? Жобаны іске асырмас бұрын сапасына ерекше мән бердік. Қазір балалар ойнайтын ойыншыққа қараңызшы, пластиктің исі шығып тұрады. Бұл бала түгілі үлкен адамға да зиян. Қазақ үйдің сырты ас ыдыстарын шығаратын ABS-пластигінің бірінші сортынан жасалды. Қуаты 10 сағатқа шыдайды. Қуат алады. Флешка салып, колонка ретінде қолдануға да, радио тыңдауға да болады, – деді жоба авторы Ғалымбек Қызырбекұлы.
Smart бесік
Серікбол Шәймардан баланың даусына қарай қозғалып, дене қызуы мен жаялық дымқылдығын өлшейтін бесік ойлап тапқан. Smart бесіктің ұзындығы – 100, ені – 40, биіктігі – 60 сантиметр. Бесікті автоматты түрде де, пультпен де басқаруға болады. Электронды бесіктің өздігінен тербеліп, өздігінен хабар беретін бірнеше құрылғысы бар. Мысалы, «Балаңыз тоңып қалды», «Балаңыз ауырып қалды» деген дыбыстар арқылы ескерту айтады. Серікбол мұны әуелде 10-сынып оқып жүргенінде ойлап тапқан.
– Сәбидің шырылдаған даусының жиілігі 380-415 герц аралығында болады. Электронды бесік 300-415 герц аралығындағы дыбысты ғана қабылдайды. Өйткені бесікке құрылыста қолданылып жүрген дыбыстық айырып-қосқыш орналастырылған. Сол арқылы бала жыласа, бесік тербеле бастайды, – деді Серікбол.
Бір қызығы, мұнда сүт жылытатын құрылғы, баланың дәрет сындырғанынан белгі беретін қоңырау, ана әлдиін есіне сақтап, сәбиге айтып беретін қондырғы бар.
– Бесікті оңды-солды үлкен жылдамдықпен тербете беруге болмайтынын түсінген соң, тиісті заңдылықтарды сақтау үшін көп іздендім. Сөйтіп жүргенде, жапонның әйгілі медицина ғалымы Гау Шияу Иуе Илаңның зерттеулерін таптым. Өз еңбегінде ғалым: «Ана құрсағында бала тербеліп жатады. Ол баланың миына оң әсер етеді. Баланың денсаулығы қалыпты болу үшін бір тербелістің жиілігі 1,8 секунд болуы қажет», деп жазыпты. Осы деректі қазақ әйелдерінің бесік тербетуімен салыстырып, бесікке төрт дөңгелек қостым. Ол бала ағзасына қауіп төндірмейтін, кернеуі 36 вольт қана болатын тоққа тәуелді. Ал тербеліс жиілігі 1,8 секундқа шақталған. Нәтижесінде, бала жыласа, бесік тербеледі. Ал бесіктегі сүт жылытқыш қондырғыны ойлап табу оңайға соқпады. Ғалымдардың зерттеулерін тағы да ақтара жүріп, ана сүтінің жылылығы адамның қалыпты температурасынан 1-2 градусқа ғана төмен болатынын білдім. Ақыр аяғында осы температураны бір қалыпта ұстап тұратын сүт жылытқыш қондырғысы ойыма келді, – деп ақтарылды ол.
Ақылды қоян
Цифрлық технологияның дамуы жақсы-ақ. Бірақ балдырғандардың смартфон жастанып жататынын көргенде, күрсініп қаласың. Бұл мәселеге «Ақылды қоян» электронды оқу құралы тамаша шешім бола алады. Интеллектуалдық ойыншық 3-12 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған. Оның ішінде көлемі 800 шумақтан тұратын 88 түрлі тақпақ, қазақ халық ертегілері мен шетел халықтарының ертегілерін қамтыған 130 ертегі, қазақ халқының әдет-ғұрып, ұлттық дүниетанымына қатысты 1500-ге жуық атауға түсінік бар. Тіпті мақал-мәтел, жаңылтпаш, ырымдар мен тыйымдар, Абай өлеңдерін қамтыған 500-ге жуық мәтін мен 200-ден астам әндер де сайрап тұр.
– Бұған дейін «Дана» қаламы арқылы оқытылатын «Дыбысты әліппе», «Ағылшын тілі негіздері», «Бастауыш мектеп оқулықтарын оқыту құралы» сынды өнімдер шығарған болатынбыз. «Ақылды қоян» – осы материалдарды балаларға оқып беретін электронды құрылғының аты. Құрылғы түрлі түсті жарық шығара алатын, құлақтары бүктеуге ыңғайластырылған қоян түрінде жасалғандықтан «Ақылды қоян» аталып отыр. Бұл оқу құралының сапасы жоғары, балаларға залалсыз, бағасы қолжетімді, – дейді Қанатқан Әбілғалиұлы.
Ерекше домбыра
Осыдан бірнеше жыл бұрын шанағының екі беті бар домбыра көпке аян болып, бір шулатып еді. Екі бетті, екі тиекті, төрт ішекті, төрт құлақты ерекше домбыраның авторы – Қытайда тұратын Ерсін Батырханұлы. Ол алғаш рет 1997 жылы электронды домбыра жасаудан патент алды. Солай өзі жасаған электронды домбыраны елге әкеліп, танымал күйші, өнерпаздарға көрсетті.
– Менің бұл екі бетті домбырамның әдеттегі домбыралардан көп артықшылығы бар. Ол заман сұранысына орай жасалған. Дыбыс күшейткішінің сапасы жақсы болса, теңшегіш аспаптармен домбыраның қоңыр дыбысын да, ащы дыбысын да шығаруға болады. Атап айтар болсақ, домбыра, гитара, қобыздың және тағы да басқа дыбыстарды шығара беруге болады, – деді Ерсін Батырханұлы.
АҚШ-тағы «Apple» компаниясына домбыраға қатысты бағдарламасын ұсынып, авторлық құқық иесі атанған Нұрлан Қамбарды айтпай кетсек, болмас. Оның ұшқырлығының арқасында домбыраны ұялы телефоннан да тартып, ән шырқауға болады. Үйрену үшін тегін бағдарламаны жүктесеңіз, болды. Бұл идея оған ЭКСПО көрмесі кезінде келіпті.
– Қазіргі таңда қазақ жастары жаңашылдыққа ұмтылып, жаңа технологияларды игеруге күш салып жатыр. Мен де өз бағымды сынап көруді жөн санап, алғашқы еңбегімді жүзеге асыруға тырыстым. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі – домбыра үйренуге әрі домбыра жоқ жерде ұялы телефоннан күй тартып, ән шырқауға мүмкіндік береді, – деді өнертапқыш.
Өзі пісетін күбі
Мал шаруашылығымен айналысатын ауыл халқына күбі «деликатес» секілді. Қымыздың бабына келіп ашуы да, ағарғаннан сарымайды тез айырып алу да – күбінің еңбегі. Байқасақ, кейінгі жылдары елімізде ұлттық қымыз, шұбатқа деген сұраныс ерекше. Бұл үрдіс нағыз шебердің қолынан шыққан күбіні іздейтіндерді көбейткен. Ескерейік, жай күбі емес – электронды күбі.
Дәулет Қадірбекұлының үйінің ауласындағы шағын шеберханасы бар. Ол онда 10 литрлік күбіден 150 литрлік күбіге дейін жасайды. Шағын бір күбіні дайындауға 10-12 күн, үлкен күбілерді жасауға 15-20 күн кетеді.
– Күбі жасауды 2013 жылы бастадым. Алғашқы күбіні әкем екеуміз дайындадық. Батасын беріп, атакәсіпті әрі қарай өркендетуді тапсырғаны әлі есімде. Күбіні қайың, балқарағай, емен ағаштарынан жасаймыз. Емен, балқарағай ағаштары шайыры көп болғандықтан табиғи тығыз, өте қатты, төзімді болып келеді. Қазір үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр, отар-отар қой бағатын шаруа қожалықтары көбейді. Ондағы мал сүтінен өндіретін өнім мөлшері де ауқымды. Сондықтан да пісу үдерісін автоматтандыру маңызды. Сол себепті электр қуатымен жұмыс жасайтын арнайы құрылғы ойлап таптым, – дейді шебер.
Оның электронды күбісі бір уақытта 50 литрлік үш күбіні пісуге қауқарлы. Тиімділігінен хабардар болған жұрт арнайы іздеп келіп, тапсырыс береді. Бұған қоса Дәулет күбі ыстайтын темір пеш те жасаған. Күбі алушылар керегінше пісуге арналған электр құрылғысын, ыстайтын пешті де сатып алады.