Наурызнаманың Ұлттық спорт күніне орай еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шара көпшілікке ұсынылды. Астана қаласындағы «Арғымақ» ат спорты сауықтыру кешенінде Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, елорда әкімдігінің қолдауымен ұлттық ойын түрлері – көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу және тоғызқұмалақ пен асық атудан арнайы сайыс өтті.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев отандастарды ұлттық спорт күнімен құттықтап, төл өнеріміздің өрісін кеңейтіп, насихатын арттыруға айрықша көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жыл басы, әз Наурыз мерекесі он күн бойы тойланады. Күн мен түн теңеліп, тіршілік атаулы оянатын көктемгі Наурызнама елдік мерекеге айналды. Қыркүйек айында Астанада Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Әлемнің әр қиырынан осы айтулы доданы тамашалауға 100 мыңнан аса турист арнайы келеді деп сенім артамыз. 100-ден аса елден 400-ге жуық қатысушы көшпелілер ойындарының көрігін қыздырады. Бүгінгі ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шара арқылы да біз елдігімізді насихаттаймыз. Ат үстіндегі Алаш ұлдарының айбыны арта берсін», деді Е.Маржықпаев.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов төл өнеріміздің жалпыхалықтық сипат алып, бұқаралық спортқа айналып келе жатқанын жеткізді.
«Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы – 10 федерацияның басын біріктіретін ұйым. Төл өнерімізден саңлақтарымыз былтыр халықаралық, әлемдік додаларға қатысып, 95 медаль олжалады. Еліміз үшін айтулы аламан саналатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын жоғары деңгейде өткеруге Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы да білек түріп кірісіп отыр. Бұл айтулы іс-шара ұлттық спортымызды дамытуға тың серпін берері сөзсіз», деді И.Салжанов.
Іс-шара барысында көкпардан Астана қаласының командасы мен АҚШ-тан келген ковбойлар арасындағы жолдастық кездесу тартысқа толы болды. Рухты жанитын көкпар ойынына қатысып көрмеген америкалықтар да шеберлігімен тәнті етті. Қорғаныстағы шабандоздары біздің жігіттерді қақпайлап, шеңберге маңайлатпады. Жекпе-жекте де едәуір тайталасты. АҚШ командасының капитаны ұлттық ойынымыздың ептілікке баулитынын ерекше атап өтті. АҚШ құрамасын бастап келген ковбой Лэдд Хауэлл 2018 жылы Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына да қатысыпты. Көкпар спорты білекті ғана емес, жүректі жігіттердің додасы екенін айтты.
«Біздің командадағы Кейси Филд та, Джейсон Мотл да бұрын-соңды көкпар тартып көрмеген. Бірақ олар кәнігі көкпаршылардан қаймыққан жоқ, қайта қайсарлық танытты. Күзде Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына да қатысамыз», деді ковбой Л.Хауэлл.
Наурызнама аясында ұйымдастырылған іс-шара барысында ұлттық спорт ардагерлеріне де сый-құрмет көрсетілді. Көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы Әбілхан Дауылбаев, тоғызқұмалақтан Қазақстанның екі дүркін чемпионы Мейрамқұл Ноғайбаев, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Мейрамғалиев, белгілі спорт журналисі, жазушы Несіп Жүнісбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Құламхан Жақыпов, асық атудан ұлттық құраманың бас бапкері Жомарт Сабыржанов, атбегі Мейрамбек Шәкеновке қомақты сыйақы берілді.
Ұлттық спорттың ардагері, әйгілі шабандоз, 30 жыл көкпар тартқан Әбілхан Дауылбаев америкалық ковбойлардың дегдар өнер төл спортымызға икемі бар екенін айтты.
«Америкалықтардың атқа мінісінен-ақ тақымы мықты екенін бағамдадық, көкпарды жерден іліп алуда, жекпе-жекте де әбжілдік танытты. Бұл – тек спорттық сайыс емес, өнер дәрежесіндегі ойын түрі. Ұлттық спортымыздың осылай дәріптелгені елдігімізді асқақтата түседі», деді ардагер көкпаршы.
Статистикалық дерек бойынша ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 619,2 мың адамға жетті. Бұл бағытта 1 488 жаттықтырушы жұмыс істейді, оның ішінде 928 бапкер ауылда шәкірт тәрбиелеп келеді. 12 спорт клубы мен ұлттық спорт түрлері бойынша 13 спорт мектебі бар. Бұдан басқа құрама командалардың спортшылары әзірлік жүргізетін Ұлттық және Ат спорты орталығы жұмыс істейді.