Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудағы Ұлттық құрылтайдың үшінші жиынында ұлттық құндылықтарға басымдық беріп, ел болашағын айқындайтын өзекті мәселелерді атап өтті.
Құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлытауда бастау алса, былтыр киелі Түркістанда өтті. Биылғы Құрылтайда Президент «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында мазмұнды сөз сөйлеп, Әділетті Қазақстанның алдағы саяси-экономикалық, рухани-идеологиялық бағдарын айқындап берді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұжымы Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелерді қолдай отырып, маңызды жиынның мақсаттарын іске асыруда жүйелі жұмыс атқаратын болады. Бұл жолғы Құрылтайда да Президент еліміздің тарихын жан-жақты зерттеу, тамыры терең тарихи-мәдени мұраларымызды қорғау мәселелеріне ерекше тоқталды.
Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толып отыр. Мемлекеттілігімізді айқындайтын осынау тарихи дата кең көлемде аталып өтілмек. Бұл орайда Мемлекет басшысы төл тарихымызға шынайы көзбен қарап, ұлттық сана мен қоғамдық құндылықтарды жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
Құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент: «Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек», дей келе елімізде кәсіби археологтердің тапшы екенін, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар екенін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды күшейту және тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты. Бұл бағытта «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалымдары шетелдік мамандармен бірлесіп археологиялық зерттеу жұмыстары мен құнды жәдігерлерді сақтап, насихаттауда нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.
Құрылтайда айтылған келелі ойлар мен ұсыныс-пікірлерден түйгеніміз: тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғырту – ұлттық бірегейлігімізді нығайта түсетіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейту, жастардың патриоттық тәрбиесін күшейту, оларды кітап оқуға, білім, ғылымға ынталандыру мәселелеріне айрықша мән беруге шақырды. Құрылтайда Әділетті Қазақстан қоғамын дамыту үшін тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқығын қорғау мәселелері де назардан тыс қалмады. Президент айтып өткендей, еліміздің ендігі ұстанатын басты бағыты – «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» қағидасы.
Мәдени-гуманитарлық саланың және идеологияның жаңа бағдары айқындалған үшінші Құрылтай баршамызға үлкен міндет жүктеп отыр. Бұл – бірінші кезекте біздің ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды.
Гүлмира МҰХТАРОВА,
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры