Қазақтың бағзыдан жалғасқан әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, өнері мен дәстүрінің тереңіне үңіліп, таразылап, талдау қашан да ұлттық сипатымызды арттыра түседі. Мәселен, қазақтың бір аты – қонақжайлылық дейміз. Дарқан даланың ен төсін жайлап өскен еркін халықтың бойында мұндай мәрт мінездің болмауы да мүмкін еместей.
Ұлтымыздың осы бір дәстүрі хақында этнограф-археолог, тарих ғылымдарының докторы Халел Арғынбаев «Қазақтың отбасылық дәстүрлері» атты ғылыми-танымдық монографиясында: «Қазақ отбасына тән ерекше абзал қасиеттерінің бірі – ежелден бері келе жатқан қонақжайлылығы. Қазақ үшін қонақтың таныс болуы, теңдес болуы шарт емес, әрбір жолаушы-қонақ қонған үйіне «бөлінбеген еншім бар» деп қонақасын талап етеді», деп жазады.
Тұрмыс-салтымыздағы ұлттық сипатқа, ұлттық нақышқа, тіпті ұлттық мінезге айналып үлгерген кей ерекшелігіне талай этнограф тереңнен тоқталып, зерттеу еңбектерін жазды. Осы орайда, жоғарыда атап өткен, еліміздегі этнографтар мектебінің негізін қалаушы Халел Арғынбаевтың еңбектерін тілге тиек еткелі отырмыз.
1973 жылы ғалымның «Қазақ халқындағы семья мен неке» (тарихи-этнографиялық шолу) атты күрделі монографиясы жарық көрді. Ол 1996 жылы «Қайнар» баспасынан «Қазақ отбасы» деген атаумен екінші рет басылып шықты. Бұл – автордың ширек ғасыр бойы ел арасынан, этнографиялық экспедициялардан, мұрағаттардан, бұрын-соңды баспа жүзін көрген әдеби мұралардан жинаған қыруар этнографиялық зерттеу еңбегі. Онда қазақ отбасының өткені мен бүгіні, халқымыздың оған байланысты бай салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қаузалған. Кітапта халықтың ұмытылып бара жатқан озық дәстүрлерін насихаттау, одан ғибрат алуға үндеу мақсат етіледі.
Сондай-ақ кейбір қызықты ғылыми тұжырымдар да кездеседі: «Қазақ дәстүрінде бірге өскен құрдастар арасындағы қарым-қатынас та дамыған. Құрдастар бір-бірімен өте қатты қалжыңдасып, тіпті бірінің әйелін бірі «өз әйелім» деп әзілдеп отырады... Одан әрі тағы бір жерде «Неке құрудың ең бір көне түрінің, яғни, алғашқы қауымдық қоғамда болған топты некенің жұрнағы ретінде қазақ арасында әмеңгерлік (левират) және балдыз алу (сорорат) әдет-ғұрыптары бойынша үйлену тәртібі күні кешеге дейін сақталып келді. Бұл әдеттер тек қазақ халқына емес, сонымен бірге көптеген түркі тілдес халықтар мен моңғол халықтарына да тән».
Халел Арғынбаев бұдан бөлек «Қазақ халқының қолөнері», «Хозяйство казахов», «Қазақ шежіресі хақында», «Казахи. Историко-этнографическое ис- следование», «Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк», «Мал ауруларын емдеудегі қазақтың халықтық тәжірибесі туралы этнографиялық очерк», басқа да толымды еңбектер жазды.
Қазақтың туысқандық жүйесін, халық шаруашылығының ерекшелігін, ұлттық мәнерін, күнделікті тұрмыстағы әдебін, қазақ қолөнерінің бірегейлігін зерттеп, онысын үнемі екі тілде жариялаған Х.Арғынбаев 1960-1970 жылдары халықаралық басқосуларға да жиі қатысып, әлемдік сахнада ғылыми баяндамалар оқыды. Қазақ этнографиясының жетістіктерін жариялап, алыс-жақын шетелдермен, атап айтсақ, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан этнографтарымен бірлесе жұмыс жүргізді.
Мәселен, этнограф-ғалымның қазақтың ат әбзелдеріне алғаш рет ғылыми тұрғыдан баға беріп, ондағы әрбір деталь мен ою-өрнекті талдап, олардың қолданысы жайында кеңірек сипаттаған. Қамшыны «мүйіз сапты қамшы», «тобылғы сапты сарала қамшы», «ырғай сапты қамшы», «үш өрімді қамшы», «сабы елік сирағынан жасалған қамшы», «өрме сапты қамшы», «қамшы өрімін өзінен өру үшін жасалған қамшы» деп жетіге бөледі. Бұған қоса құйысқан, өмілдірік және тартпа түрлерін де жіктеп берген.
Айта кетейік, биыл этнограф Халел Арғынбаевтың туғанына 100 жыл толады. Мерейтой қарсаңындағы міндет – арда ғалымның мол мұрасы зерттеліп, есімін жас ұрпаққа кеңінен таныту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізу керек екені сөзсіз.