Мәнерлеп сырғанаудан Канаданың Монреаль қаласында ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстанның бір ғана спортшысы өнер көрсетті. Ол – Михаил Шайдоров.
Жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері деген атағы бар 19 жастағы Алматының тумасы ересектер дуына қосылғаннан кейін өзін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Биылдың өзінде Михаил «Challenge Cup» додасында топ жарып, Қытай мен Хорватиядағы турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Десек те, жерлесіміз ірі дүрмектерде даралануға әлі де даяр емес екен. Оны біз Үйеңкі жапырақтар еліндегі жарыста анық байқадық. Қос бағдарламаның қорытындысы бойынша небәрі 234,19 ұпай жиған Михаил Шайдоров 14-орында қалып қойды.
Ерлердің бәсекесінде Илья Малининнің (333,76 ұпай) мерейі үстем болды. Былтыр Сайтамадаға дүниежүзілік додада қола медальді мойнына ілген 19 жастағы АҚШ-тың мәнерлеп сырғанаушысы бұл жолы алтын тұғырдан қол бұлғады. Бейжің Олимпиадасында күміс алып, үш бірдей әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарына қосылған Жапонияның жұлдызы Юма Кагияма (309,65) екінші орынды иеленсе, Еуропаның екі дүркін чемпионы, франциялық Адам Сяо Хим Фа (284,39) үшінші сатыға тұрақтады. Ал кейінгі жылдардағы байрақты бәсекелердің барлығында қарсылас шыдатпай жүрген жапониялық Сёма Уно (280,85) Канададағы жарыстың еркін бағдарламасында өрескел қателік жіберіп, қорытынды есепте төртінші орынды қанағат тұтты.
Әйелдер сайысы Бейжің Олимпидасының күміс жүлдегері Каори Сакамотоның (222,96) айқын жеңісімен аяқталды. Осыған дейін қатарынан екі әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген Күншығыс елінің аруы бұл жолы да алдына жан салмады. Америкалық Изабо Левито (212,16) күміс алса, оңүстіккореялық Ким Чхэен (203,59) қолаға қол созды. Жұптық жарыста Канада спортшылары – Дианна Стеллато-Дубек пен Максим Дешам жеңімпаз атанса, бишілер бәсекесінде америкалық Мэдисон Чок пен Эван Бейтстің бағы жанды.