• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Таным 26 Наурыз, 2024

Абсурд ұғымының астары

162 рет
көрсетілді

ХХ ғасыр басындағы қоғамдық қопарылыс пен саяси сапырылыстар адамзат ақылын айрандай ашытты. Мазмұнсыз майдан, тәпсірсіз талас, себепсіз сүргін тудырған жауапсыз сұрақтар әлемге абсурдизм ұғымын әкелді. Бұл тұжырым иелері өмірді мәнсіз әрі мазмұнсыз санады. Анығы, солай екенін дәлелдеумен айналысты. Нәтижесінде идея деңгейіндегі пікір санадан сахнаға көшіріліп, абсурд театры болып шымылдығын ашты.

Оның басқа жанрлардан тіні бөлек, күрмеуі күрделі. Дүниенің ақ-қарасын ажырата алмай, дальтонизм дәуіріне тап болған адам жанының дағ­дарысын сипаттайтын өнер. Осы турасында әдебиеттану­шы Амангелді Кеңшілікұлы абсурд­тік пьесалардың құ­ры­лымы да бұрын-соңды сах­на­ланған қойылымдарға аты­­мен ұқсамайтынын жет­кізеді. «Психологиялық көр­кем образдар күлкілі кейіп­кер­лер қал­­жыңбастармен, қуыр­шақ­тар­мен алмастырылған. Дәстүр­лі сахналық сөз де артық еттей сылынып, алынып тасталған. Жүрегіңді елжіретіп, сезіміңді майдай ерітіп жіберетін айтыс-тартысқа толы диалогтердің, ой шыңырауына тастай салатын монологтердің орны­на ыңырсыған, қыңсылаған дыбыстарды естиміз. Драмаға жан бітіретін протоганист те, антоганист те жоқ. Көрерменді де, әдебиетшілерді де айран-асыр қылған пьесаларды нашар демек түгіл, пьеса деп айтуға да аузың бармайды», деп анықтама береді ол.

Иә, бұл абсурд театрлары­ның формалық ерекшелігі. Ал біз қаузайын деп отырған мәселе оның идеясында болғалы отыр. Ол үшін тарқатқалы жатқан тақырыбымызға фәлсафа дүр­бісімен үңілген дұрыс. Сонда ғана ойымызды бір ізге түсі­ріп, объектіні тұнық қалпында тұ­жырымдай аламыз. Ендеше, адам­зат өмірі мәнсіз, мазмұн­сыз деп кесіп айта аламыз ба? Меніңше, жоқ. Мағына концепциясы өзектілік ұғымы­мен тақылеттес. Бір мәселе біреу­ге өзекті болғанымен, сізге өзекті болмауы мүмкін. Бірақ сізге өзекті болмағаны үшін ол мәсе­лені таным кеңістігінен мүлде алып тастай алмаймыз ғой. Мән-мағына да сол секілді. Оны күн деп алсақ, ол бір мезгілде жер шарының жартысын сәулелендіріп тұр­са, қалған жартысына оның ай арқылы түскен проекция­сы ғана көрінеді. Түн жамылып отырған кезде адамға шарт­ты түрде күн «өзекті» емес. Яки оның «өзекті» болуына мез­гілі жетпейді. Абсурдистер­дің өмірді мәнсіз деп ұғуы жо­ғарыдағы мысалымыздың көрінісі секілді. Хош, абсурд театры қоғамдағы түсініксіз жайттардың бәрін айна қате­сіз көрерменнің алдына тосады. Алайда таным үдерісі осы нүктеде тоқтап қалмауы керек-ті. Жарайды, көтерілетін мәселе «мәнсіз» делік. Бірақ көрерменге қойылатын сұрақ мәнді болуы керек. Айталық, көктемеде байталдардың ба­тысқа қарай қашатын әдеті бар. Түсініксіз бе? Түсініксіз. Бірақ ол жылқыға түсінікті, сізге емес. Енді осы байталдардың ба­тысты беттеп бара жатқанын картинада бейнелесе ше? Онда қоғамдағы түсініксіздіктерді сахнада көр­сет­кен абсурдизм дегеніңіз де осы секілді нәрсе болып шы­ғады.

Абсурдтік концепцияның эмоционалдық сипатына үңіл­­сеңіз, көңіл кенебіңіз песси­мистік палитраға боялары сөз­сіз. Себебі абсурдизмнің не­гізгі ұстыны – жоғарыда айт­қанымыздай мән-мағынаны жоқ­қа шығару. Ал жоқтық деген қашанда – түнек. Түнек молая түскен сайын, жүрек қарая түседі. Бар деп жүрген дүние­ңіз жоқ болып шықса түңілмей қайтесіз?

Жанр ретінде жақсы қа­был­­­дағаныңызбен, бұл өнер тұ­жы­­рымының артында өмір­лік дүниетаным да жатыр. Қан­­жардың айнадай жүзіне қы­зы­­ғып, жалап қалғанда, өз қа­нын өзі сүйсініп ішкен күшік се­кілді түсініксіз әрекеттің түбі үл­кен рухани апатқа әкеліп соғуы мүмкін. Бұл қазіргі қазақ әде­биеті мен мәдениетінде де белең алып жатқан күрделі құбылыс. Ғасырлар бойы қалыптасқан гуманистік, ізгілік қағидаларын саналы түрде қиратып, тыңнан түрен салғысы келетін қалам иелерінің қаупі жоғары.

Біз абсурд ұғымын және абсурд театрын мүлдем жоққа шығаруды мақсат тұтып отыр­ғанымыз жоқ. Мәселе – Еуропа абсурдистері секілді түсінік­­сіз­дікті адам жанының бағ­дары етпеуде.