Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз мерекесіне орай Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздегі барлық білім ошағында «Күй күмбірі» республикалық челленджі өтті. Оған балабақша бүлдіршіндерінен бастап, мектеп оқушылары мен студенттерге дейін барлығы – 2 миллионға жуық бала қатысты. Жас өнерпаздар бір уақытта белгілі композиторлар мен халық күйлерін орындады.
Ауқымды республикалық мәдени іс-шара Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен алғаш рет былтыр Наурыз мерекесі қарсаңында өткізілген болатын. Содан бері елімізде домбыра үйірмелерінің саны 5 есе артқан. Бүгінде барлығы 2 мың үйірме жұмыс істеп, 100 мыңнан аса оқушы домбыра үйреніп жүр. Биылғы акцияға үйірмеге қатысатын жас домбырашылардың бәрі дерлік қатысты.
«Көнеден келе жатқан бұл ұлттық аспабымыз халқымыздың жанын, оның дәстүрі мен мәдениетін әспеттейді. Ұлттың рухын көтеріп, даңқын асқақтатқан қара домбыра біздің баға жетпес байлығымыз бен ұлттық символымызға айналды. Балабақшалардағы кішкентай бүлдіршіндер, оқушыларымыз, колледж студенттері ұлттық аспапта ойнауға қызығушылық танытатыны қуантады. Бүгінде еліміздің әр өңірінде бір уақытта белгілі композиторлардың күйлері мен шығармалары орындалды. Дәулескер күйшілеріміздің өшпес туындылары арқылы біздің мәдени құндылықтарымыз ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Біздің жас буын осы киелі өнерді ұлықтауды лайықты түрде жалғастырады деп сенемін», деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Ел астанасындағы Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің 300 оқушысымен бірге Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев халық күйі «Келіншекті» орындады.
Мерекелік эстафетаға еліміз бойынша екі миллионға жуық бала қатысты. Олардың ең кішкентай – Абай облысы, Семей қаласындағы «Бақыт» балабақшасының тәрбиеленушілері.
Челленджге қатысушыларға арнаған сөзінде сала басшысы бұл іс-шара былтыр қабылданған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде ұйымдастырылғанын атап өтті. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген жаңа бағдарлама аясында күні кеше мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Ханталапай» атты ұлттық ойындардың республикалық байқауы да өткен болатын. 350 мыңнан астам бала қатысқан іс-шара ұлттық ойындарға деген қызығушылықты ояту, халқымыздың мәдени мұрасы мен дәстүрлерін дәріптеу мақсатын көздеп отыр.