Татарстандағы «Қазан Кремлі» мемлекеттік тарихи-сәулет және көркемсурет мұражай-қорығында «Ясауи мұрасы және ежелгі Түркістан» халықаралық көрмесі ашылды. Мәдени іс-шараны «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы ұйымдастырып отыр.
Экспозиция «Рухани аманат», «Ясауи мұрасы», «Түркістан – Түркі әлемінің астанасы» атты 3 бөлімнен тұрады. Көрмеде мұражай-қорық қорынан археологиялық, нумизматикалық, этнографиялық құнды жәдігерлердің түр-түрі ұсынылған. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи өмірі мен мұрасы туралы қолжазбалар мен картиналар, ілімін жалғастырушылардың еңбектері, дүниежүзілік мұра атанған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне байланысты тарихи артефактілер бар.
Сондай-ақ көрмеге келген көпшілік қасиетті Түркістан тарихымен және қазақ даласының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетімен, оның әлемдік өркениеттегі өзіндік орнымен таныса алады. Көрме 20 сәуірге дейін жұмыс істейді.