Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында еліміздің болашақтағы бейнесін: «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деп бекемдеді. Мұндағы әрбір сөз Ұлы дала тұлғалары: Әл-Фараби, Абай, Алаш қайраткерлерінің ел туралы идеялары және асқақ мұраларымен тікелей байланысып, толық үндеседі.
Замандары басқа болса да бабалардың ел болу туралы рухани мұралары қашанда мәңгілік. VІІІ ғасырда Түрік қағанаты империялық деңгейге көтеріліп, Батыстағы Рим империясының мұрагері Византиямен, Шығыстағы Парсы державасымен иық тіресіп, тең дәрежеде қарым-қатынас орнатқан кезде, абыз Тоныкөк «Ел де ел болды» деген қанатты сөзін бітіктасқа ойып жазған болатын. Ол кезде түркілердің «ел» ұғымы империялық деңгейдегі мемлекет болатын.
Үш тағандық ұлт бағдарламалары: «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт», «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – қазақ тарихындағы тұлғалардың өз заманындағы ұлағатты, қағидатты ілімдерімен сабақтасып жатыр. Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» шығармасында ортағасырлық түркі мемлекеттерінің ішіндегі өркениеттісі – Қарахандар мемлекетін жетілдіріп, демократия мен әділеттіліктің үлгілі идеяларын ұсынған еді. Ал сол мемлекеттің Ата Заңның негіздерін жасаған Жүсіп Баласағұн болса «кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе ретінде «ізгі іс пен әділдікті» атап, бұл арқылы адам шын бақыт табады», дейді. Сөйтіп, түркі дәуіріндегі екі ойшылдың да тұжырымынша елде әділеттік орнағанда ғана игілікке қол жетіп, қоғамда бақыт орнайды.
Абай бар асыл ойы мен ілімдерін келер ұрпаққа арнап, әрбір жастың келешегінің нұрлы, болашағының жарқын болуы адал еңбегі арқылы жүзеге асатыны туралы терең тұжырым жасады. Адам болам десең, байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылыммен оз дейді. Ақынның ағартушылық тұжырымдары жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған. Абай әділетті тұтастай ғалам құбылыстарын реттеуші құдірет ретінде қарастырған. Мысалы, әлемдегі орасан қаржылық дағдарыстар да, белгілі бір мемлекеттегі ұлттық байлықтың толығынан халықтың игілігіне айналмауы да әділеттіліктің бұзылуы екені айдан анық. Қазіргі заманның тыныс-тіршілігі әсіресе, Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінен айқын байқалады. Ойшылдың білуінше, адамға бақыт қонуының басты шарты – әділет-шапқат (шапағатты әділет) иесі болу.
Мемлекет басшысының «Озық ойлы ұлт» идеясының тамаша үлгісін ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің іс-қызметінен көреміз. Олар өздері ғана озық ойлы тұлғалар болып қоймай, қазақ жастарының озық ойлы болуын армандап, оның орындалу жолдарын іздестірді. Алаш ұлт-азаттық қозғалысы бағдарламасының түп негізі, алғашқы жобасы – «Қарқаралы петициясында» (1905 жыл) қазақтар үшін медресе, мектеп ашуды алға қойғаны мәлім. Бұл шын мәнісінде сол кездегі қазақ елінде озық ойлы ұлтты қалыптастырудың алғышарты болатын. Петиция авторларының басым көпшілігі Ресей университеттерінде білім алып, Еуропаның озық ойлы саяси-құқықтық ой-пікірлері ілімдерінен сусындаған. Олар сол идеяларды қазақ халқы өмірінің шындығына сәйкестендіріп, пайдалану мақсатын көздеді. Өйткені көпжылғы отаршылдық саясаттың салдарынан кезінде сауаттылық, шешендік, даналық сияқты қазақтың хандық дәуірдегі асыл қазына мен рухани құндылық жойыла бастаған еді. Осы жағдайды дер кезінде байқаған Алаш зиялылары елді алға дамытуда, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауда ел бастай алатын білімпаз, ұлтына жан-тәнімен берілген дарынды, озық ойлы жастардың рөліне ерекше мән берді.
Ұлы дала данышпан тұлғаларының ілімдері уақыт озған сайын дәуір талабына сай, тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін әр қырынан өсіп, өркендеп отыратын асыл мұралар ретінде ұлт санасында орын алуға тиіс. Үш тағанды ұғымның бірі – озық ойлы ұлт ретінде де алға қарауды ұмытпауымыз керек.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
ҰҒА құрметті академигі