Тарих толқынында қазақ халқының тарихы мың сан өзгеріске ұшырағанын бүгінде бәрі біледі. Әріге бармағанда кешегі жетпіс жыл желкемізде отырған қызыл империя өктемдікпен өзеуреп түп тарихымыздан алшақтатуға барын салып, жанталасты.
1944 жылғы 9 тамызда БКП (Б) Орталық комитетінің қаулысымен одақ халқына Түркі тарихын оқуға тыйым салынды. Түркі тарихын зерттеушілер қуғынға ұшырады. Қолдан «монгол» деген ұлт атауы жасалып, ел құрып, оларды түркілерден бөліп тастап, тұтастай Шыңқұз қаған қағанатын соған теліді. Түркілерді монголдың қол астында болған деп көрсетіп бақты. Тарихты талқандаушылар скифтерді иран-парсыға жатқызды. Ал түркі қағанаттары жайлы үн шығармауға бұйырды.
Қалай дегенде де біз өзіміздің түп тегіміз сақ, ғұн, түркі екенін жақсы білеміз. Одан беріде Алтын Орда, Ноғай ордасы Қазақ хандығы деген қуатты мемлекеттер болғанын тарихтан там-тұмдап болса да білеміз. Едіге, Тоқтамыс, Мамай, Қарасай сынды бектер мен хандарды мақтаныш етеміз.
Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асып, қырық жылға қарай кетіп барады. Осы күнге дейін Қазақ елі өз тарихын әлі тереңнен тартып, жаза алған жоқ. Мемлекет басшысы бұл туралы пәрмен бергенінен хабардармыз. Алайда толыққанды тарих қолымызға әлі тиген жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек» деуі бізге үлкен күш-жігер беріп қана қоймай, келелі ойларға жетелейді.
Олай болса, ендігі жерде төрт жүз жылдай бодан болдық деп бұға бермей, басымызды көтеріп жүретін уақыт жетті. Төл тарихымызды түгендеп, келер ұрпақ алдында ұятқа қалмайтын әрекеттерге барымызды салуымыз керек.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты