• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Наурыз, 2024

ҒАЛАМ ҒАЖАЙЫПТАРЫ: Жаңалық жүргізетін жасанды интеллект

143 рет
көрсетілді

Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект арқылы жасалған тележүргізуші жаңалықтар бағдарламасын жүргізеді.

Тележүргізуші қыз Чеджудо аралының саясаты мен тыныс-тіршілігі туралы ақпа­­ратты оқып береді. Оның мәтінін де да­йын­дап беретін – жасанды интеллект. Жала­қы сұрамайтын, ауырып қалмайтын, дауысы, мәнері бұзылмайтын, боянбайтын жүргізуші қай жағынан алып қарасаңыз да тиімді дейді мамандар. Бағдарламаға айына 600 000 вон жұмсалады екен. Бұл – шын жүргізушілер мен редакторлар командасын жалдағаннан әлдеқайда арзан.

Бүгінгі таңда елімізде де телестудиялық хабарларды жасанды интеллект жүргізетін жүйелер іске қосылды. Атап айтсақ, «Түр­кістан» телеарнасында Күншуақ Таби­ғатқызы есімді робот қыз күн райынан хабардар етеді. Тап солай «Қызылорда» теле­арнасындағы ауа райын Айжан Сыр­қызы есімді жасанды жүргізуші баяндап отырады.

 

Ой күшімен ойнады

Илон Масктің «Neuralink» компаниясы миына имплант ор­на­тылған пациенттің шахмат ойнағанын жария етті.

Жазатайым оқиғаның себебінен Нолан Арбо есімді жігіт денесінің иығынан төмен жағын мүлде сезбейді. Бірақ миына орнатылған имплант ой күші арқылы тінтуірді қозғалтып, компьютерді игере алатын жағдайға жетті. Ойын барысы тікелей трансляция арқылы 20 наурызда «Neuralink»-те көрсетілді.

Арбоның айтуынша, сал ауруының кесірінен сүйікті компьютер ойындарынан бас тартқанына көп болыпты. Ал жаңа қондырғы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. «Бұл менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Операция өте жеңіл өтті», дейді ол.

«Neuralink» – компьютерге қосылатын ми чиптерімен жұмыс істейтін әлемдегі жалғыз компания. Ой күші арқылы ық­пал ететін тәжірибе жұмыстары ілге­ріде жасалған екен. Бұл – зертттеу институт­тарының консорциумы мен Brain Gate емханасының бірлескен жобасы.

 

Әлеуметтік желіге тыйым салды

Әлеуметтік желіге шектеу қойылады.  Жо-жоқ, біз­дің елде емес. АҚШ-тың Фло­рида шта­тының губернаторы Рон Де Сантис енгізген заң – бұл.

Флорида штатының губернаторы Рон Де Сантис 2024 жылдың 25 наурызында 14 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желідегі парақшаларына тыйым салынатыны туралы заңға қол қойды. Тарқатып айтсақ, заң 2025 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енеді. Егер 14 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіде парақшалары бар болып шықса, онда оның ата-анасы 50 мың доллар айыппұл арқаламақ. Бұның бәрі не үшін дейсіз ғой? Себеп біреу-ақ. Штат губернаторы өз мәлімдемесінде әлеуметтік медиа балаларға зиян тигізетінін, жаңа заң ата-аналарға балаларын жосықсыз ақпараттан қорғауға көбірек мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

Дайындаған –

Бекзат Құлшар,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті