Каунаста Литваның даңқты боксшысы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, ұлт мақтанышы Альгирдас Шоцикасты еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды.
Көзіқарақты жанкүйерлер бұл есімді жақсы біледі. ХХ ғасырдың бел ортасында аса ауыр салмақ дәрежесінде атой салған Балтық жағалауының алыбы Еуропа чемпионатының екі және КСРО біріншілігінің алты дүркін чемпионы атанды. КСРО халықтары Спартакиадасында бас жүлдені олжалап, басқа да аса ірі додаларда дараланды. Сол кездері оның жолы қазақтың даңқты боксшысы Әбдісалан Нұрмахановпен бірнеше мәрте қиысты. Бірде ол жеңді, бірде Әбекеңнің асығы алшысынан түсті. Былғары қолғабын шегеге ілгеннен кейін Шоцикас Литва боксшыларын жаттықтырды, Одақ құрамасының бас бапкерінің көмекшісі болды. 2012 жылдың күзінде Альгирдас Шоцикас 85 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты.
Каунастағы турнирде Қазақстанның тоғыз былғары қолғап шебері финалға шығып, солардың арасынан алтауы алтын тұғырға көтерілді. Ақтық сайыста Асылжан Серікбай (57 кг) мен Фарух Тоқтасынов (71 кг) украиналық Денис Роздольски мен Максимом Молоданды, Елнұр Сүйінбай (67 кг) мен Азамат Бектас (75 кг) польшалық Кирилл Глобенко мен Михал Ярлинскиді және Тұрсынбай Құлахмет (80 кг) ұлыбританиялық Рамтин Мұсаны ұтты. Жандос Қыдыралиевтің (63,5 кг) қарсыласы ирландиялық Джон Пол Хэйл жекпе-жекке шығудан бас тартты. Ал Нұрсұлтан Алтынбек (54 кг), Алмат Әбдуәли (60 кг) және Абзал Құттыбеков (86 кг) шешуші тұста сүрініп, күміс медальды қанағат тұтса, Даниял Сәбит (48 кг) пен Аманат Сабырғали (+92 кг) қолаға қол созды.