Талай сүлейлер дүниеге келген Сыр топырағында «Қуаңның табанынан жүз жырау шыққан» деген көне сөз бар. Әйтеуір, дүниенің тылсымын қобыз сарынынан іздеген баба Қорқыт, ұлы даланы әуенмен тербеген ұзандар, олардың жолын жалғаған сүлейлер өткен өңірде бүгін де жырдың қоңыраулы көшіне ілескендердің қатары қалың. Осылайша кешегі сарын бүгінге өрнегі бүлінбей жетіп отыр.
Көненің бәрін күресінге тастаған кешегі кеңестік саясат ең әуелі осы Сыр сүлейлеріндегі дәстүр сабақтастығын өрбітпеуге барын салды. Ел жыршылардың өнегесі мол өсиеттері мен тәлімді термелерін тыңдауға зар болды. Осындай жағдайда бағзы өнерді жаңа заманға бейімдеп сахнаға алып шыққан Жиенбай жыраудың немересі Көшеней Рүстембеков еді. Есімі жыр аспанында жарқыраған жампоз бабадан қалған өнерді көп алдына қайта шығарды. Осының арқасында Сыр сүлейлерінен қалған алтын арқау қайта жалғанып, жәдігер жыр саф өнерге сусаған жұртты сусындатты. Отызға да толмай опат болған қазақтың күміс көмей Көшенейі бағзы өнердің бүйдасын өзінен кейінгі дәстүрлі өнердің өрісін кеңіткен бір шоғырға табыстап кетті.
Соңғы кездері облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы бағдарлама аясында «Жыр мұра» жобасын жүзеге асырып, ел арасында ұмытылып бара жатқан жыр-термелерді, мақам-саздарды, күйлерді қайта жаңғыртты. Қорқыт мұрасын жан-жақты насихаттап, жыр әлеміне жаңа есімдерді шығаруды көздеген жоба шеңберінде «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, өнер иелері ел ішін аралады.
«Жыр мұра» жобасына сай Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан қобызшылар үйірмесі ашылды. Осыған дейін Арал, Қармақшы, Шиелі аудандарында жыр үйірмелері құрылған еді. Жоба арқасында дәстүрлі өнерден өріс іздегендер қатарына Қазалы, Жалағаш, Сырдария мен Жаңақорғанның жас талаптары қосылды. Осы үйірмелердің репертуарын байытуға мән беріліп, ел арасынан жинақталған терме-толғау, дастандардың мәтіндері жүйеленді.
Жыр тұмасы Қармақшы топырағында жыраулар мектебі сонау 80-жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Халық шығармашылығының дәстүрлі үлгілерін дамыту мақсатында құрылған бұл мектептерден шыққан талай дарын жыр саңлағына айналды. Әлі де жәдігер жырды жалғауға ниет еткен өрендерді тәрбиелеп келеді. Осындай жыр жолына жаңа түскен жас талаптың бірі – Мәди Елдес. Қармақшы ауданы Алдашбай ахун ауылында тұратын Мәди Ешнияз сал атындағы үйірмеге осыдан төрт жыл бұрын қабылданыпты. Әкесі Сахи Ермаханов пен анасы Рая Әбубәкірқызы талапты ұлдың болашағына сеніпті. Әуелгі жыр жаттатып, оны мақамға қондырудың жолын үйреткен ұстазы Ақсұңқар Бүркітбаева болды. Кейін жауһар сөзді термелеген Дінісләм Тоқсанбаев баулыды. Қазіргі жетекшісі – Әлішер Мырзағалиев.
Жас түлектің алғашқы табысы «Балалар жылы» аясында Қармақшы аудандық Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінің ұйымдастыруымен Сыр сүлейі, шығыстың шайыры атанған Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 140 жылдығына арналған «Ширатқан шым жібектен көгені едім» атты жас жыршылар арасындағы байқаудың жүлдесі болды. Сол сайыста екінші орын алған ол келер жылы Омар Шораяқұлының туғанына 145 жыл толуына байланысты Қызылорда қаласында өткен «Орамды ойдың Омары» атты жас жыршы-термешілердің облыстық байқауында топ жарды. Ақынның бай мұрасын насихаттап, ұрпақ жадында жаңғыртуды көздеген байқауда Мәди бірінші орын биігінен көрінді.
Былтыр Әзербайжан астанасы Бакуде өткен «Мугам» халықаралық дәстүрлі байқауынан бала жыршы үшінші орынмен оралды. Сол елдегі Жастар және спорт, Мәдениет министрліктерінің қолдауымен өткен сайысқа Түркия, Әзербайжан, Иран, Қырғызстан, Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан елінен 19 жас қатысып, бақ сынапты.
«Екі кезең бойынша өткен жарыста алғашқыда Наурызбек жыраудың «Сөз сөйлейін термеден», кейін Тұрмағамбеттің «Не қызық?» атты термелерін орындадым. Маған сенім артқан жетекшім Әлішер ағайға, дүбірлі додаға бастап барған белгілі жыршы Амандық Бүрлібаев ағаларға алғыс айтамын», дейді жас өрен.
Жетекшісі Әлішер Мырзағалиев үйірмеге балалардың қызығушылығы жоғары екендігін айтады. Жырды бірден қағып алатын Мәдиден бөлек те топқа түсіп жүрген талапты балғындар бар. Осы күні ауылдағы №11 мектептің 6-сыныбында оқитын Мәди шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелеріне де қатысады. Жәдігер жырды жалғаған жас қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Тұңғышбаеваның жетекшілігімен мәнерлеп оқу сайыстарында, әуез пәнінен сабақ беретін Марта Жұмабаеваның баулуымен өнер жарыстарында жүлделі орындар алып жүр.
Қызылорда