Ақмола облысында уақытша жұмыссыз жастардың санын азайтуға бағытталған семинар ұйымдастырылды. Төрт күндік семинар барысында NEET санатындағы 200 жасқа кәсіпкерлік дағдылар үйретілді.
Жастар «Жұмыс іздеу дағдыларын арттыру», «Кәсіпкерлік дағдыларын жетілдіру» және «NEET жастарының цифрлық дағдыларын арттыру» тақырыбы аясында біліктілігін шыңдады. Еңбек нарығы трендтерін зерттей отырып, түйіндеме мен ілеспе хат жазу тәжірибесін, әңгімелесуден сәтті өтудің машықтарын да үйренді. Оған қоса жұмыс табуға болатын платформалармен жіті танысты.
– Семинарға 14-35 жас аралығындағы жастар қатысты. Бұл – Экологиялық қор мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының бірлескен жобасы. Курс бағдарламасы жастардың тілектерін ескере отырып әзірленді. Тыңдаушылар кәсіби мамандардан, сондай-ақ тәлімгерлер мен кәсіпкерлерден құнды тәжірибе және ақпарат алды. Жалпы, курстарға жаңадан бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де қатыса алады, – деді Қазақстанның Экологиялық қорының басшысы Айгүл Абдуалиева.
Ұлттық статистика бюросының дерегін ескерсек, елде 15 пен 34 жас аралығындағы NEET жастардың үлесі 2023 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша 7,1 пайызды құрайды. Мемлекет биыл екі қолға бір күрек таппай сенделген отандастарымызды еңбекке баулу мақсатында біраз іс-шаралардың басын жүйелеген. Мәселен, еліміздің 20 өңірінде «Zhas project» жобасы іске қосылды. Бағдарлама аясында азаматтарға конкурстық негізде 1 млн теңгеге дейінгі сомаға шағын грант беру көзделген. Осылайша, 280 жоба іске асырылатын болады.
«25 наурызда ұйымдастырушы, оператор, мүдделі серіктестердің интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерінде конкурстың басталуы жарияланды. 25 наурыздан бастап 24 сәуір күнгі сағат 23:59-ға дейін жастардан өтінімдер қабылданады. 25 сәуір мен 14 мамыр аралығында комиссия конкурстық өтінімдерді іріктеу жұмыстарын жүргізеді. 15 мамырда ұйымдастырушының интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерде іріктеу нәтижелері қорытындыланады. Жобаға қатысушылар өз аймағындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған тиімді бастамаларды жүзеге асырып, сонымен қатар көшбасшылық қабілетін де дамыта алады. Жастар әлеуметтік және кәсіби бағдарлау бойынша жаңа білім мен дағдыға ие болады. Бизнес құру және жүргізу бойынша кәсіби менторлық қолдау ала алады», деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров.
Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. 20 жасқа жеке консультация берілді. Енді мұндай курстар Қостанай және Қызылорда облыстарында ұйымдастырылмақшы. Сондай-ақ қор республика бойынша жастар ресурстық орталықтарында жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту материалдарынан тұратын ақпараттық-танымдық бұрыштар орнатуды көздеп отыр.