Алматы мен Ярославль қалалары дәрігерлерінің мегаполисте сирек кездесетін аяқ-қол кеселдерімен туған 8 балаға жасаған операциясы сәтті өтті. Бұл балалардан да бөлек, ұқсас дерттері бар 60 шақты кішкентай пациент білікті дәрігерлердің қабылдауында болды.
15–16 наурыз аралығында Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының базасында белгілі ресейлік хирургтер Максим Вавилов пен Тимур Торно бірігіп, «Микрохирургия арқылы аяқ-қолдың туабітті және жүре келе пайда болған кінәраттарын жедел емдеу» тақырыбында шеберлік дәрісін өткізді. Мұндай мүмкіндікті Алматы, Талдықорған және Бішкек қалаларының дәрігерлері де жібермей, тәжірибе алмасуға келді.
«Шеберлік дәрісін «Мейірімділік үйі» қоғамдық қоры бас серіктесіміз «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауына сүйене отырып, дерті ауыр балаларға көмек көрсету үшін әрі ауруханадағы медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырды. Бастама аясында 60 шақты бала тексеруден өтіп, ем-дом тағайындалды, 8 балаға операция жасалды. Күрделі операцияның екеуі – «симультантты», яғни бір мезетте адамның бірнеше жеріне жасалатын аралас операция», деді Алматы №2 ҚБКА директоры Марат Рабандияров.
Тағы бір тоқтала кететін оқиға – Қонаев қаласынан жеткізілген 9 жастағы Адинаға 2 дәрігерлік топ – микрохирургтер мен ортопедиялық травматологтер бір мезетте күрделі операциялар жасады. Бүлдіршін наркозда жатқан кезде аяқ-қолымен қоса, бұғанасына үш бірдей операция жасады. Науқасқа «оң жақ гемипарезі, церебралды сал ауруы» диагнозы қойылған.
Айтқандай, 2023 жылы 13 қаңтарда Адинаға осы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының базасындағы нейрохирургиялық шеберлік дәрісі кезінде Берлиндегі әйгілі Шарите клиникасының профессоры Ульрих-Вильгельм Томаленің тікелей араласуымен мидың сол жақ бөлігіне бірегей операция жасалып, осыдан кейін бүлдіршіннің жағдайы жақсарып, дірілі тоқтаған. Алматы мен Ярославль дәрігерлері жасаған бұл жолғы операция Адинаны сауықтыру жолындағы келесі қадамға айналып отыр.
«Бала ауруханаға жоспарлы түрде қабылданды, бірақ операциядан төрт күн бұрын қыз оң иығымен құлаған. Тұрғылықты жері бойынша травматикалық пунктке апарған кезде оған «оң жақ бұғанасының ортаңғы үштен бір бөлігінің жабық сынуы» диагнозы қойылып, дезо гипсі салынғандықтан, оң қолға да операция жасау мәселесі туындады. Тексеруден кейін дәрігерлердің екі тобы бір уақытта аяққа, бұғанаға, жіліншік пен саусаққа бірлескен «симультантты» операция жасауға шешім қабылдады. Осылайша, бір мезетте Адинаға оң жақ бұғананың жабық остеосинтезі, шынтақтағы жіліктік жүйкенің қозғалтқыш талшықтарының селективті нейротомиясы, сіңірлердің транспозициясы, оң жақ асықасты буынының артроэрезі диагноздарына операция жасалды», деді Алматы №2 ҚБКА травматолог дәрігері Ұлжан Солтанбекова.
Ал жоғарыда аталған 8 бала «бірнеше артрогриппоз», «аяқтың кавустық деформациясы», «Шарко – Мари ауруы», «атипті маймақтық», «рецидив», «ОНМК салдары», «сол жақ гемипарезі», «сол жақ аяқтың вальгусы», «оң қолдың деформациясы» сияқты күрделі операцияларды өткерді.
Шеберлік дәрісі аясында қолданылған «бос тері пластикасы» технологиясына тоқталатын болсақ, дәстүрлі әдістер тиімсіз болған жағдайда дәрігерлерге күрделі микрохирургиялық әдістерге жүгінуге тура келеді.
«Микрохирургтердің міндетіне келсек, оған бірден жүгінудің қажеті жоқ, бұл басқа әдістер көмектеспеген кезде қолданылады. Жарақат алғаннан кейін түрлі жара пайда болып, ортопедтер мен травматологтер олардың барлығын кез келген тәсілмен жабуға тырысады, жергілікті тіндерді тартады, бұл «бос тері пластикасы» немесе «қайталама жазылу» деп аталады. Егер барлық тәсіл көмектеспеген жағдайда бос теріні жылжытып, қан-тамыр айналасын тігіп, жараларды жабу керек. Мұндай операция барысында еш жерді жарақаттамау, зақымдап алмау сынды ауыр міндет тұрады», дейді хирург Тимур Торно.
Ең бастысы, балаларға жасалған барлық операция, ем-дом тегін жүргізілді.
АЛМАТЫ