Былтыр республикадағы мал ауруының 19 түрі бойынша 235 ауру ошағы тіркелген. Нақтыласақ, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Абай облыстарында анықталған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, кейінгі үш жылда қабылданған түрлі шараның нәтижесінде дерттің таралуы 41,2%-ға кеміген. Аса қауіпті ауруларға қарсы вакцина алуы үшін де аз қаржы бөлінбейді. Былтыр 11,4 млрд теңгеге 167,2 млн доза вакцина сатып алынған.
Бруцеллез барлық өңірде бар
2022 жылы қауіпті ауруы бар деп анықталып, артынша жойылған 790 бас мал жануары мен 1 200 құсқа, 10,3 тонна сүтке 97,8 млн теңге өтемақы төленген. Былтыр ауру анықталған 669 бас пен одан алынған өнімдерге (553 кило ірі қара мал еті, 32 кило жылқы еті, 15 кило қой еті, 20 кило құс еті, 2 кило шошқа майы, 49 л сүт, 24 кило сары май және 20 кило ірімшік) 143,5 млн теңге өтемақы беріліпті. Жалпы, мал ауруының ішінде көп таралып тұрғаны – бруцеллез. Қауіптісі – адамға жұқпалы.
– Үкіметтен қаржы да осыған көп бөлінеді. Кез келген өңірде дәл осы мал ауруын жойдық немесе алдын алдық деп айтқанымен, бізде бұл түбегейлі жойылмады, – дейді Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының аға ғылыми қызметкері Дәулет Ибрагимов.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жануарлардың аса қауіпті ауруын диагностикалау бойынша бекітілген ветеринарлық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2022-2023 жылдар аралығында бруцеллез бойынша ахуал қалыпты жағдайда болыпты. Мәселен, 2022 жылы 32 млн 507 мың 554 бас жануар бруцеллез бойынша зерттеліп, 27 409 бастан осы ауру байқалған. Ал былтыр 35 млн 317 мың 304 (+8,6%) бас жануар бруцеллез ауруына зерттеліп, оның 26 517 басынан (-3,3%) ауру анықталыпты.
500-ге жуық маман жетіспейді
Сала ғалымдарының сөзінше, елде жұқпалы инфекциялық және инвазиялық аурулар бойынша ахуал оңалмай тұр. Мұның басты себебі неде?
– Менің пайымдауымша, мұндай келеңсіз мәселелерге әкелген негізгі себеп көп. Біріншіден, мал дәрігерлік жұмыстарды жүргізумен тікелей шұғылданатын маман санының жетіспеуі, оларға төленетін жалақының мардымсыздығы, қызметтік көліктерінің тозуы, жанармайға және көлік саймандарына қаражаттың бөлінбеуі және тағы да басқа ірілі-ұсақты мәселелер барынша кедергі келтіріп отыр. Мемлекеттің «Дипломмен – ауылға!» жобасы анау айтқандай іске асып жатқан жоқ. Ауылға барғандар тұрғын үймен қамтамасыз етілмейді, үйлі бола қалған жағдайдың өзінде 30-40 жыл бұрын салынған ескі үй тиеді. Жалпы, ветмамандарды ауылдық жерге жұмысқа тарту үшін, ұсынылатын жалақы көлемі 300 мың теңгеден кем болмауға тиіс, – дейді паразитолог, ветеринария ғылымдарының кандидаты Сәдібек Тоқпан.
Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіндегілер былтыр ветеринар мамандардың жалақысы республика бойынша орташа есеппен 24%-ға өскенін айтады. Қазіргі уақытта мемлекеттік аудандық ветеринарлық стансалар мен пункттердегі дәрігерлердің орташа айлық жалақысы өңірге байланысты 151 мыңнан 312 мың теңгеге дейін құбылады.
Елімізде ветеринарлық пункттерде жоғары білімді ветеринар саны 3 083 болса, орта білімдісі – 5 376. Комитет ұсынған дерекке сенсек, бүгінде штаттық кестеге сәйкес ветеринарлық мамандық бойынша 464 бос жұмыс орны бар. Әсіресе маман жетіспейтін өңірлер қатарында Абай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары (100-ге дейін немесе одан аса ветдәрігер мен фельдшер) алда тұрса, басқа облыстарда сұраныс 50 маманнан төмен.
– Біздегі ветмамандардың орта жасы – 45-50 жас. Жастардың бұл салаға келгісі жоқ. Ауыл шаруашылығындағы дәл осы саладағы мамандарға көңіл бөлу керек сияқты. Өйткені малда болатын жұқпалы аурулармен күресетін ветеринарлардың жалақысы мәз емес. Типтік үлгідегі ғимарат, уақытылы дәрі-дәрмектің жетуі, тәжірибесіне қарай үстемақы тағайындау сынды мәселелерге тағы бір дұрыстап назар аудару керек, – дейді ветеринария ғылымдарының кандидаты Дәулет Ибрагимов.
Саладағы сан түрлі мәселе
Маман демекші, паразитолог Сәдібек Тоқпанның айтуынша, «Республикалық ветеринарлық зертхана» РМК (РВЗ) штатында нақтылы зерттеумен айналысып, облыстық филиалдағы мамандарды үйретіп, әр ауруға республика бойынша мониторинг жасап отыратын микробиолог, серолог, бактериолог, ихтиопатолог, токсиколог, миколог, вирусолог, биохимик, паразитологтер жоқ. Микологиялық, токсикологиялық және паразитологиялық зерттеулер мүлде жүргізілмейді.
– Бұрын паразитологиядан екі жылда бір рет облыстағы паразитологтерді жинап, даярлықтан өткізіп тұрушы едік. Жолсапарға шыққанда дәріс оқып, әртүрлі ауруды анықтау, емдеу, алдын алу жайында тәжірибелік сабақ өткізілетін. Тіпті паразитологиядан Мәскеу ветеринария академиясында бірнеше маманды даярладық. Мемлекет қаражатына салынған екіқабатты зертханаларда виварийлер (тәжірибелерді кішігірім жануарларда өткізетін орын) жоспарланбаған. Мамандар саны жеткіліксіз. Тек мемлекеттік тапсырысқа жататын серологиялық зерттеулермен шектелген, ал зертхананың басқа ауруларға тексеруге мүмкіндігі бар болса да, мамандардың жоқтығына байланысты мұның барлығын облыс орталығына жүктеген. Сондықтан аудандық зертханаларда бактериолог және паразитолог мамандарын қосу керек, – дейді ол.
Жануардан ауру жұқтырмаудың амалы қандай?
Бұралқы ит пен мысықтың көбеюі де салаға өте қиын соғып тұр. Қорадағы малға шауып, қаншама адамды жарақаттаған қаңғыған итті атуға тыйым салынған. Ал осы екі жануардың адамдар мен қорадағы малға өте қауіпті – эхинококкоз, альвеококкоз, токсокароз, мультицептоз, токсоплазмоз сияқты ауру түрін таратып жатқанын көбі білмейді.
– Егер адамдар және жануарлар арасында жұқпалы ауру одан сайын өсіп кетпесін десек, жаңарған заң шығаруға тиіс. Алдын алмасақ, эпизоотологиялық жағдайды өршітіп аламыз. Сондай-ақ көптеген елді мекенде беттері ашық шұңқырларда мал өлекселерінің шашылып жатқанын көресің, ол жерде қаңғыбас ит, жабайы аң мен құзғын құстар толып жүреді, бұл – неше түрлі инфекциялық және инвазиялық ауру таратады. Сондықтан малы бар әр ауылда жұқпалы ауруларды таратпаудың амалы – өлген жануардың өлексесін залалсыздайтын терең биотермиялық апандарды салу және одан әрі талаптарға сәйкес ұстау үшін қаражат бөліп, оның құрылысы мен сапасын үнемі тексеру. Бұл шаруа Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің құзырында болу керек, – дейді Сәдібек Тоқпан.
Мәселені Ауыл шаруашылығы министрлігі де қолдап отыр. «Эпизоотиялық жағдай көбіне ветеринарлық инфрақұрылымның жетіспеушілігіне байланысты. Республика бойынша сою нысандарына, мал қорымдарына, инсинераторларға және ветеринарлық пунктерге деген сұраныс жоғары», дейді министр Айдарбек Сапаров.
Министрлік Жол картасы шеңберінде мал шаруашылығы және ветеринарлық қауіпсіздік саласында да тиісті индикаторлар көзделген және оларға ұдайы мониторинг жасалатын болады деп отыр. Расымен де мақала барысында айтылған сан мәселе шешілмесе, түрлі ауруды көбейтіп, ахуалды нашарлатып алуымыз бек мүмкін. Беті аулақ дейміз мұндайда.