• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Құқық 28 Наурыз, 2024

Құқықтық білім берудің басты мәселесі

131 рет
көрсетілді

Сенатта Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясымен бірлесе отырып құқықтық білім берудің сапасын арттыру және одан әрі дамыту мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров конференцияда сенаторлардың еліміздегі заң білімін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

«Сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, сондай-ақ ұлттық заңнаманы дамыту жағдайында елімізге заманауи талаптарға сәйкес келетін білікті заңгерлер қажет. Себебі құқықтық тәртіп пен азаматтардың  конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сапалы қорғау, білікті заңгерлерді даярлау деңгейіне тікелей байланысты. Сенат депутаттары осы мәселеге ерекше назар аударып келеді, сондықтан соңғы екі жылда білім мәселесіне қатысты бірқатар шара өткізді», деді сенатор.

Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Марат Сексембаев конференцияға қатысушыларға саладағы негізгі проб­лемалар туралы айтып берді. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының коммерциялық мақсаттары, теориялық курстардың басым болуы, оқытушылар құрамының әлсіздігіне байланысты проб­лемалар және басқа да мәселелер бар.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференция тақырыбы бойынша негізгі баяндама жасады. Ол ми­нистрліктің жоғары заң білімі сала­сындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметі мен тиісті жоғары оқу орындарының жұмысы туралы қатысушыларды хабардар етті. Ал Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры Зәуреш Баймолдина оқу орындарының проблемаларына назар аударып, ғалым-оқытушының жалақысын көтеру мен мәртебесін арттыруға назар аудару қажет екенін атап өтті.

Конференция барысында О.Е.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң универ­ситетінің бірінші проректоры Инна Ершова, Ресей ІІМ Волгоград академиясының профессоры О.Дронова, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазҒЗУ ректоры С.Пен, Әл-Фараби ҚазҰУ заң факультетінің деканы Д.Байделдинов және басқалар сөз сөйледі.

Нұрлан Бекназаров ғылыми-практика­лық конференция жұмысын қорытын­ды­лай келіп, депутаттар айтылған бар­лық ұсы­­нысты мұқият зерделейтінін, ке­йін­­нен салалық мемлекеттік органдардың аты­на жіберу жоспарланып отырған ұсы­ным­дар тізбесіне енгізілетінін атап өтті.