Талас ағайын тойға шақырған. Кенже ұлын үйлендірмекші. Көптен күткен, жүрекжарды, ақ түйенің қарны жарылған қуаныш. Тілектес, ниеттес қыруар ағайын барымызды киіп, байлауымызды тағып, мейрамханаға жиналдық. Барлығы той иелеріне құтты болсын айтып, тілдері жеткенше ақ тілектерін жаудырып жатыр. Айтпақшы, белгіленген уақыттан бір сағат кеш келгенбіз. Жалғыз біз емес, елдің бәрі солай. Ерте барғаннан не пайда, халық бәрібір кеш жиналады. Сүйекке сіңіп кеткен әдет. Тіпті дауасы жоқ дерт дерсіз. Бұл жолы да солай болды. Тым ерте келгендер шаруамыз бар еді, бір айналып соғайық десіп кетіп те жатты. Сарылып тосып, сағымыз сынар болған соң қауымдасып тұрған жұрт той иесінің тамырын басып, мән-жайды біліп келсін деп елші жібергенбіз. Әлгі ағайын облыс орталығындағы абыройлы бір мекемеде жұмыс істейтін еді, басшысы келмей жатыр екен. Онсыз той бастау – әбестік. Күткен дұрыс.
Сол тосқаннан үш сағат тостық. Дүниеде күткеннен жаман не бар?! Әсіресе дастарқанның үсті адал дәмге сыңсып тұрғанда. «Тойға барсаң тойып барды» ұмытып, түскі асын ішпей шыққан біз сияқтылардың іштері «ән» сала бастады. Сағыздай созылып, жұқарған жүйке біржола үзілуге тақағанда той басталды-ау. Сөзуар шешендер жосылтты дейсің. Жаттанды сөз, тап-таурын болған тілек. Құстың жұмыртқасындай бір-бірінен аумайды. Демалып қайтамыз деген қарақан басымыз қалжырап, қажып шықтық.
Іңір қараңғысын жамылып келе жатып ойыма әлеуметтік желіден көрген бір бейне оралғаны. Әлде қытай, әлде жапон азаматы етік тігіп отыр. Әбден машықтанып алған болуы керек, қолы қолына жұқпайды. Жұп-жұмсақ былғарыны қалыпқа кигізіп, қылпылдап тұрған кездігімен артығын кесіп ала қояды да, сарт еткізіп ұлтанды жапсырады. Шебердің шегелегеніне қызықтым. Көз ілеспейді. Баяндап тұрған адамның айтуына қарағанда, бір сағаттың ішінде бір жұп етік тігеді екен. Неткен жылдамдық, қарқыны қатты-ақ. Бел жазбай жұмыс істесе, күніне он жұп етікті оп-оңай тігіп тастайтын түрі бар. Енді есептеуге кірістім. Қайран уақыт қор болған жаңағы тойға 250 адам шақырылғанбыз. Үш сағат тостық. Көбейтсең 750 сағат адам ғұмыры болып шығады. Демалыс күні де емес, жұмыс күні. Қазір біздің Көкшетауда мейрамханалардың демалыс күндері бос болмауы себепті ел тойын жұмыс күндері жасай беретін болған. Әлгі етікші тәрізді ерінбей еңбек етсек, 750 сағатта 750 етік тігуге болады екен. Басқа шаруа да солай.
Уақыттың қадіріне жетіп көрмеген бізге бос сөз, берекесіз тірлік қызықтау. Әлгі ойымды тойдан шыққан сапарласыма айтып едім, осының есі дұрыс па дегендей, бетіме үңіле қарағаны.
– Сонда не, елдің бәрі етік тігіп кетуі керек пе?
– Жоқ, – дедім мен, – сырағысын айтамын да.
Бүйіріме қадалған біртүрлі ойды бір адамға түсіндіре алмаған жазған басым жалпақ жұртқа қалай ұқтырармын.