Биыл Ертістің жайылмалары өзен жағалаған жұртты жарылқай ала ма? Жыл басталғалы осы бір көкейдегі сұрақ көптің мазасын қашырып тұр. Ертіске көктемгі су жіберу шаралары былтырғыдай баяу өтіп, өзен бойын жайлаған халық экономикалық тұрғыдан тағы да зардап шеге ме деген күмән жоқ емес. Мамандардың пікірінше, су жіберудің мерзімі қайта қаралып, кестесін сәл кешірек белгілеген дұрыс.
Ресми деректерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан өңіріндегі су қоймалары мен тау өзендерінде ылғалдың мол қоры байқалады. Бұған дейін су саласының мамандарын Бұқтырма су қоймасында жиналған судың көлемі де қуантып отырғанын, алдағы көктемде Ертіс өзені жайылмаларының кемі 70 пайызын су басады деген болжам бары туралы бұған дейін жазғанбыз. Алайда тәжірибелі мамандар су босату шаралары дұрыс ұйымдастырылмаса, былтырғы жағдай тағы қайталануы мүмкін екенін еске салды.
Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, Ертістің көктемде тасуы Шығыс Қазақстан өңіріндегі өзендер мен Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларында жиналған ылғалға байланысты. Су көп мөлшерде әлі үлкен екпінмен келуі керек. Сонда жайылмаларға су молынан шығып, ұзақ уақыт сақталып қалады.
Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағы ылғал қоры көңіл көншітетіндей жағдайда деп мәлімдеді.
– Наурыз айының басынан бері біздің мамандар еліміздің шығысындағы тау өзендері мен су қоймалары маңындағы ылғалға апта сайын мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Негізі Ертіс өзенінің тасуына бүйірлік ағыстар әсер ететіні мәлім. 16 наурыздағы мәлімет бойынша, оң бүйіріндегі бассейндік өзендер бойында ылғал қоры жылдағы нормадан 76 пайызға көп екені байқалады. Ал сол бүйіріндегі өзен-көлдерде нормадағыдан 73 пайызға асып отыр. Бұқтырма су қоймасы маңайындағы ылғал қоры жылдағыдан 62 пайызға көбірек. Ертістің оң бүйірінде аса ірі су қоймасы – Бұқтырма, Үлбі мен Оба, Күршім және басқа да өзендер орналасқан. Көктемде негізгі су көлемі осы оң бүйірден қосылады. Сол жақ бүйірінде Көкпекті, Қызылсай сияқты шағын өзендер тобы бар, бұл аумақтан аса көп көлемде су келмейді. Тағы бір атап өтерлігі, Тарбағатай тауларындағы ылғал қоры да жылдағыдан мол, нормадан 32 пайызға асып отырғаны тіркелді. Осының бәрі түптеп келгенде биыл Ертіске жіберілетін су көлемінің былтырғыдан көп болатынын байқатып отыр, – дейді Е.Қамбаров.
Бұған қоса «Ертіс» бассейндік инспекциясының қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысындағы қыстан қалған қар жамылғысы әлі толықтай сіресіп жатқанын, ал Абай облысында оның 92 пайызы әзірше сақталып тұрғанын анықтаған. Ертіс өзенінде қатқан мұздың қалыңдығы Абай облысы аумағында 63 см болса, Павлодармен шекарада 84 см-ге дейін жетеді. Ал Павлодар облысында мұздың қалыңдығы – 70-84 см аралығында.
Ал Шығыс Қазақстандағы су қоймаларынан Ертіс өзеніне судың қашан босатылатынын болжап айту әзірше мүмкін емес. Оның мерзімі сәуір айының басында белгілі болып қалуы керек. Салааралық су босату комиссиясы биыл қанша көлемде су босату шешімін қабылдайды.
Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов өткен жылы Ертіс жайылмаларының 30 пайызын ғана су басқанын, биыл ондайға жол бермеу керек екенін жеткізді. Былтыр өзеннің экожүйесін барынша нашарлатып алдық. Бұл кейбір лауазымды тұлғалар мен су саласына жауапты ведомстволардың жауапсыздығы мен селқостығынан деп есептейді ол.
«Өткен жылы Ертіс бассейндік инспекциясы 20 сәуірден бастап Бұқтырма су қоймасынан су босату орташа есеппен секундына 500 текше метрден 381 текше метрге дейін азайғанын хабарлағаны есімізде. Ал норма бойынша кемінде су жіберу көлемі секуындына 3 мың текше метр болуы керек еді. Мұндай жоғары ағын өзен бойында үлкен толқындар тудырып, қатты екпінмен келген су жайылмаларға молынан шығып үлгереді. Егер Экология министрлігі бұл шешімімізді қолдағанда, Павлодар облысының аумағындағы жайылымдарды су басу көрсеткіші жоғары болған болар еді. Өкінішке қарай, біздің ұсыныстарымыз көп жағдайда ескерілмейді. Екіншіден, су қоймасының суды ертерек жіберуіне Павлодар облысының әкімі жол бермеуі керек еді деп ойлаймын. Ол уақытта таудан ағып түсетін Үлбі мен Оба өзендері енді ғана жіпси бастаған еді. Ғылыми негізге сүйенсек, таудан құлап түсетін мол ылғал қоймалардың суымен араласып, ағынның екпінін асыра түсуі керек-тін. Бірақ мамандар осы тұста ағаттық жіберді. Қоймалардағы су жіберіліп болған соң барып тау өзендері түсе бастады. Үшіншіден, Павлодар облысының басшылығы көктемнің соңғы айы мен маусым айында қаптап шыға келетін шыбын-шіркейден қауіптеніп, су босату шараларын суық мезгілде жүргізгенді құп көретіні байқалады. Бұл – табиғат заңына кереғар жайт. Тағы қайталаймын, су босату тау өзендері толық еріп, күн әбден жылынған уақытта жүргізілуге тиіс. Өзен маңайындағы жайылмалардың көбі орман-тоғайлы, ондай жерлердің топырағы ең соңынан барып бусанады. Ал ерте жіберілген су ондай жерлерге сіңбей, өзенге тез қайтып кетеді. Бұған 2012-2016 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тұрғанымда әбден көз жеткізгенмін. Бұл мәселемен егжей-тегжейлі шұғылданып, зерттеп шықтым. Сондықтан мамандар мен сияқты тәжірибелі мамандардың сөзіне құлақ асқаны жөн», дейді Н.Әшімбетов.
Депутаттың айтуынша, көктемгі су босату шаралары бойынша жуықта Үкіметте отырыс өтеді. Оған Мәжіліс өкілдері қатысады деп күтіліп отыр. Тәжірибелі мамандар өз ақыл-кеңестерін беріп, Ертіс бойын жайлап отырған жұрттың ырысын еселеудің жолын іздестіреді. Ертіс өзенінің кемеріне жетпей, суы азайып бара жатқанын ескерсек, алдағы уақытта өңірде тапшылық туындауы ғажап емес. Бұдан 12 жыл бұрын былтырғыдай жағдай қайталанып, жайылмалардың небәрі 5 пайызы ғана суға қаныққаны да есімізде. Ал Бұқтырмада судың жеткілікті жиналмауы кейінгі жылдары проблемаға айналып барады.
Жуықта бұл түйткілге Мәжіліс депутаты Николай Арсютин де алаңдаушылық танытып, алдағы мемлекеттік су қоры қалай жасақталатыны туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдаған. Бұл мәселеге мемлекет тарапынан зор көңіл бөлінуі керек деп есептейміз.
Жайылмалардың суға қанықпауынан мал азығын жеткілікті жинап алу мәселесі ушығып келеді. Тағы бір мәселе, судың аз шығуы балықтардың уылдырық шаша алмауына апарып соқтырған. Торайғыров университетінің ғалымдары жыл сайын көктемде су жайылғанда өзен балықтары таяз жерге шығып, уылдырық шашатынын айтады. Жайылмадағы су тез жылынатындықтан ондай жерде шабақтар да жылдам дамиды әрі балық қорегі мол. Ал екі-үш аптадан кейін су қайтып, Ертіс өз кемеріне түскенде су мақұлықтары өзенге үйір-үйір болып қайтып оралады. Осы бір табиғи үдерістің бұзылуы да өзендегі балық қорының азайып кетуіне себеп болып отыр.
Павлодар облысы