Атыраудың ауасы тағы да бүлінді. Жағымсыз иіс қолқаны қабып, тынысты тарылтып тұр. Экологтер атмосфералық ауада күкіртті сутегінің мөлшері шекті шоғырланудан бірнеше есеге асқанын айтып отыр. Бір жұтым ауаның жұпар болмағанына қынжылған тұрғындар «Ұйқыдан оянбай қаламыз ба?» деп алаңдайды.
Осыған байланысты жиын өткізген облыс әкімі Серік Шәпкенов ауаның ластану себебін 10 күннің ішінде анықтауды тапсырды. Әкімнің айтуынша, жауапты органдар 4 сағаттан соң ауа сапасын зерттеуге кіріскен. Жағымсыз иісті анықтау үшін қажетті шараларды қолға алмаған жауапты органдардың жұмысын сынады.
Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамедовтің айтуына қарағанда, «Қазгидромет» РМК-ның өңірлік филиалы ұсынған мәліметте 36 жоғары ластану және 2 экстремальды жоғары ластану дерегі тіркелген.
«Жағымсыз иіс Атырау қаласының сол жағындағы «Сасықсай» булану алаңынан шығуы мүмкін деп пайымдап отырмыз. Мұнда атмосфералық ауаны жоғары ластаушы ингредиент рұқсат етілген шекті концентрациядан 10 есе асқан. Бұған қоса 24 наурызда таңғы сағат 09.40-та «Привокзальный» атмосфералық ауа сапасын бақылау стансасында күкіртті сутегінің рұқсат етілген шекті концентрациядан 97 есеге асқаны тіркелді. Бұл – экстремальды жоғары ластану», деп мәлімдеді Ә.Бекмұхамедов.
Ал «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының басшысы Салауат Төленовтің айтуынша, атмосфералық ауаның жоғары және экстремальды жоғары ластануы туралы барлық мәлімет Атырау облысы бойынша экология департаментіне және жергілікті уәкілетті органдарға уақытылы беріліп отырған. Алайда Атырау мұнай өңдеу зауыты мен NCOC N.V компанияларының ауаның ластануын тіркейтін стансалары наурыздың 24-інен 25-іне қараған түнде ластану бойынша дерек бермеген.
«Таңғы сағат 03.00-ден 07.00 аралығындағы жағдай туралы мәлімет берілген жоқ. Біз Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы тұрғын үйлер орналасқан ауданындағы атмосфералық ауаның сапасына өлшеулер жүргіздік. Жел солтүстік-шығыстан соқты. «АМӨЗ» ЖШС-ның оң жағындағы қоныстану аймағында күкіртті сутектің мөлшері рұқсат етілген шекті концентрациядан 21-25 есеге дейін асты. Бұл – ауаның жоғары ластану дерегі. Ал зауыттың сол жағындағы қоныстану аймағында бұл дерек 17,5 есеге асып, жоғары ластану жағдайы тіркеліп отыр», дейді С.Төленов.
Мұнайлы шаһар тұрғындары әлеуметтік желіде күкіртті сутектің исі NCOC N.V компаниясының Қарабатан елді мекеніндегі зауыты орналасқан жақтан шыққаны туралы шағым айтты. Алайда консорциумның еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі директоры Уәлихан Жанаисовтың айтуынша, бұған компанияның еш қатысы жоқ.
«Біз арнайы санитарлық қорғау аймағына талдау жүргіздік. Түнгі сағат 01.00-ден таңғы 09.00-ге дейін ауа сапасын тексердік. 24-25 наурызда жүргізілген тексеру нәтижесінде желдің басым бағыты солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа, яғни компанияның кен орнына қарай соққан. Желдің жылдамдығы секундына 2 метр болған. Ауа сапасын бақылайтын барлық стансаның дерегін алып, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», дейді У.Жанаисов.
Облыс әкімі С.Шәпкеновтің пікірінше, жағымсыз иістің шығу себебін анықтау, тиісті шара қолдану үшін комиссия құрылады. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тұрғындарға жедел әрі уақытылы ақпарат берілуі қажет.
«Тұрғындар тарапынан ауаның ластанғаны туралы әлеуметтік желіде арыз-шағымдар көп айтылады. Ауада жағымсыз иістің шыққаны мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде атқармайтынын көрсетті. Мамандар бұл жағдайға байланысты дереу шара қабылдаудың орнына төрт сағатта әрең жиналды. Бізге тұрғындардың таза ауамен демалып, дені сау болғаны қажет. Ауадағы жағымсыз иіс «Сасықсай» булану алаңынан тарады дейміз. Бірақ оның суын тазаладық. Тіпті сол жерге фламинго ұшып келді деген ақпарат тарады. Ал «Квадрат» алаңында да тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы иіс қаланы толық басуы мүмкін емес», дейді С.Шәпкенов.
Әкімнің айтуынша, ауаның ластану дерегін зерделейтін комиссияға тиісті мамандар тобы тартылады. Ал «Қазгидромет» РМК филиалы атмосфералық ауа сапасын бақылайтын стансалардан мәлімет жинап, талдау жасауға тиіс. Сол жұмыстардың негізінде ауаны ластаған кінәлілерге тиісті шара қолданылуы мүмкін.
Бірақ бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін табар емес. Тіпті жыл өткен сайын ушығып барады. Енді арнайы комиссияның зерделеуінен кейін Атыраудың атмосфералық ауасы тазара ма, әлде... Мұның бәріне төреші – уақыт.
Атырау облысы