«Өнерден өзге ойы жоқ». Белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай кезінде режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темірдің азаматтық болмысы мен театрдағы тегеурінді еңбегіне дәл осылай баға берген екен. Дөп сөз! Өйткені қашан жолықтыра қалсаң да, әңгімесін әріден, сахна сырынан терең суыртпақтайтын сырбаз жанның өнер десе көңілі де өзгеше өрекпіп тұрады. Сексеннен асса да, сергек қалпын жоғалтпаған сахна саңлағы әлі де театрын туған баласындай өбектейді. Кездесудің сәтін көптен бері орайластыра алмай жүрген кейіпкерімізді Қызылордадан Астанаға келген сапарында арнайы іздеп барып, әсерлі әңгімесін тыңдап қайттық.
– Сахнадағы қолтаңбаңыз ғана емес, есіміңіз де ерекше. Әмір-Темір тегінің өзі сізге тегін берілмеген секілді...
– Оның рас, қызым. Есім деген адам тағдырында үлкен рөл ойнайды ғой. Мен оған сенемін. Әмір Темір осал жан емес. Тарихты өзгерткен сондай көшбасшы тұлғаның есімін иеленудің де жауапкершілігі зор болса керек. Мен оны жастайымнан сезіндім және барынша өз саламның Ақсақ Темірдей тұлғасына айналуға ұмтылдым. Мақсатыма жете алдым ба, жоқ па, білмедім. Бірақ тағдырымды мәңгілікке тоғыстырған театрыма хал-қадірімнің жеткенінше адал болуға тырыстым. Жалпы, менің аты-жөнім көп. 10-сыныпқа дейін тегім – Жүсіпов, атым Үсейін болды. Жүсіп – әкемнің есімі, ал ауылдастарым атымды Хұсейн демей, Үсейін дейтін. Әкелеріміздің тегі Теміров болған соң, 10-сыныпта куәлікке мен де солай жаздырып, алаңсыз жүре беріппін. Содан 1992 жылы сандықтағы ескі құжаттарды ақтарып отырып, кездейсоқ әкем мен анамның неке куәлігін тауып алмасым бар ма? Құжатта Әмір-Теміров Жүсіп, зайыбы Шәрбан Әмір-Темірова деп көрсетілген екен. Атам Әмір-Темір кезінде мешіт ұстаған, діни сауатты кісі болған. «Дін жоқ, Құдай жоқ» деген ұстаныммен билік молда, ишандарды қудалаған кезде ағайындарымыз Әмірді алып тастап, Теміров болып шыға келген. Бар сиқыры сонда мұның. Менің тағы бір атым – Сартай. Түрім сары болғасын, шешем Сартай деп еркелетуші еді жарықтық.
– Анаңызды айтқанда үніңіз ерекше жарықшақтанып шықты. Бұл сағыныш па?
– Адамның анаға деген сағынышы сірә да таусылмас. Мейлі оның өмірден өтіп кеткеніне қанша жылдар өтсе де. Ананың жүрегі баласы жер басып жүргенде мәңгі соғып тұрады, меніңше. Шешені еске алу балалық балдәурен шақпен де қайта қауыштыратындай. Иә, анам менің – аппақ сағынышым. Біздің бала күндер Сырдария ауданындағы қазіргі Асқар Тоқмағанбетов ауылында өтті. Ауылымызда бар-жоғы 5-6-ақ үй болатын. Анам Шәрбан Темірова колхозға еңбегі сіңген, ол кездегі құрметтің белгісі – облыстық «стахановшылар» тақтасына есімі екі рет жазылған жан. Ал әкем – білімді, діни сауаты бар, ауылдық кеңестің хатшысы, «ликбезде» оқытушы болған кісі. Үйдің жалғыз баласы болған соң, бетімнен қақпай еркелетіп өсірді. Еркіндікті сүйдім. Бала күнімізде Сырдарияның бойында өзен кешіп жүріп, асау толқынға ілесіп, кеудеміздегі жұдырықтай жүрегіміз атқақтап, асқақ армандарға қол созатынбыз. Ол кезде дария қазіргідей емес, арнасынан асып-тасып жататын. Арғы беті мен бергі бетінің арасы 2-3 шақырымға созылушы еді. Асау толқынға төтеп бере жүріп, оны тек мықтылардың мықтысы ғана бағындыра алатын. Сол ұмтылыс бізді қажырлылыққа, алған бетіңнен қайтпай, мақсатқа жете білуге үйреткен шығар бәлкім... Сырдария қасиетті өзен ғой. Оның маңайын кімдер жайламаған, кімдердің табаны тимеген бұл киелі топыраққа? Балық аулап отырып, түрлі ой толғандыратын. Алқара көк аспанға көз тігіп, ұшқыш болуды армандадым. Тіпті мектеп бітірген жылы ұшқыш боламын деген оймен Оралға барып, оқуға да тапсырып көрдім. Бірақ медициналық комиссия мені жаратпай тастады. Сөйтіп, арманым алыстай берді...
– Ал актерлік өнермен тағдырыңыз қалай тоғысты? Оған қалай тап келдіңіз?
– Қызылорданың түкпіріндегі бар-жоғы 4-5 шаңырақ жайлаған алақандай ғана ауылдың баласы ол кезде актер дегеннің кім екенін білді дейсіз бе? Оқуға түсе алмай, Оралдан салым суға кетіп оралған соң, әкем 1958 жылы Ленинградқа жіберді. Политехникалық университетке түсу үшін дайындалып, екі жарым ай пәтер жалдап тұрдым. Орысша сөйлеуден аздап қиналсам да, сол кезде санамда үлкен сілкініс болды. Ленинградтың атақты айлы түнін көріп, мұражайларын түгелге жуық араладым. Әрине, дәл сол сәтте өнердің мәнін толық түсінбеген де шығармын, бірақ ерекше дүние екенін сезіп, білдім. Алайда бұл жолы да талпынысым сәтсіз болды. Бір орынға жиырма бала таласып, оқуға түсу бұйырмай, ақыры елге кері қайттым. Кейіннен Ленинградқа жол түсіп, тағы бардым. Алғашқы келгендегі керемет сәттер қайта еске түсті. Бірақ бұл сапарымда өнер туындыларына, музейдегі мұраларға басқа көзбен қарайтынымды, басқаша ұғынатынымды түсіндім. Толстой, Тургенев, Пушкин, Бальзак, Стендаль шығармаларымен жақын таныса бастағаным да осы уақыт болатын. Тағдырдың жазуымен өнерге емес, келесі жылы Алматыдағы қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институтқа, тау-кен инженері мамандығына оқуға түстім. Дәл сол кезде КПСС-тің бас хатшысы Н.Хрущев «студенттер сала бойынша теория мен практиканы ұштастырып білім алсын» деп нұсқау берген екен. Оқуға жаңа түскен жастар Қарағандыдағы Дубовка деген жерде 101-шахтадан бір-ақ шықтық. Жер астында жұмыс істеп көргеннен кейін-ақ, бұл менің салам емес екенін түсіндім. Сөйтіп, 1963 жылы театр факультетіне тапсырып, жолым болып кетті. Осылайша, алдымен шахтер, кейін актер болдық қой(күлді).
– Не құдірет екен, шахтерлігіңіз де, актерлігіңіз де Қарағандыдан басталыпты... Соған қарағанда кенді шаһардың өміріңіздегі орны айрықша болып тұр ғой?
– (Жарқырап бір күліп алып) Иә, Қарағанды – мен үшін ыстық мекен. Алғашқы қадамым ә дегеннен табысты басталды. Қарағандыда жаман актер болған жоқпын. Қарғамбай Сатаев, Жұмабай Медетбаев, Амангелді Тәжібаев бастаған бір топ жас оқуымызды тәмамдай сала, бірден Қарағанды театрына қызметке қабылдандық. Жұмабай мен Қарағамбай әуел бастан қазақ батырларын сомдады да, біз шетелдік, бүгінгі заман образдарына сай болдық. Лопе Де Веганың, «Қызғаныштан махаббат» комедиясында Теодоро, Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» драмасында Доктор рөлін ойнадым. Енді-енді көрініп, атақ алуға аз қалғанда үйдің жалғыз баласы болғандықтан, әке-шешемнің қолқалауымен елге, Қызылордаға оралуға тура келді. Жаңа ортаны жатырқап жүргенімде, Қарағандыда қалған әріптестерім шетінен Халық әртісі атағын алып жатты.
– Орта жолдан елге қайтамын деп, «өз аяғымен» келіп тұрған атақтан қағылғаныңыз үшін іштей өкініш бола ма?
– Тағдырдың жазуы солай болған шығар... Әрине, пендеміз ғой, өкінбедім деп айта алмаймын. Бірақ еңбегі дер шағында еленген жан достарым үшін шын қуандым. Ал театрдың басты рөлдерінде ойнап, қаһарман болып үйреніп қалған мен 1967 жылы Қызылордадағы драма театрына ауысып, актерлік өнердегі қадамдарымды қайта басынан бастауға тура келді. Менімен бірге Алматыдан театр студиясын бітіріп Шайтұрсын Әбдібаев, Тынымбек Пірімжанов, Тұрғанбек Әшімов те келді. Сол уақытта бас режиссер Маман Байсеркеновпен келіспедік пе, әлде басқа жағдай болды ма, рөлсіз біраз уақыт жүріп қалған көңілсіз кездер болды. Қарағандыда кілең басты рөл сомдап дәндеп қалғанмын, жақсы образға сусап, көңілім қоңылтақсып қалды. Құлазып көп жүрдім. Бірақ іштегі буырқанған жанартау сезімдер жарылмай қоймайды екен, сөйтіп, бір күні «спектакльді өзім қойсам қайтеді?» деген ой келді.
– Осылайша, режиссерлікке келдім дейсіз ғой?
– Иә, бірақ ә дегеннен бәрі оңай болып, жұлдызым жарқырап кетті дей алмаймын. Өзімді режиссер ретінде дәлелдеу үшін де уақыт пен көп қажыр қажет болды. Басшылықпен келісіп, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклін қоятын болдым. Жұмыс сағат 11-де басталса, біз 9-да ертерек келіп, репетицияға кірісетінбіз. Осылайша, 1968 жылдың сәуір айында алғашқы қойылымды көрермен назарына ұсындық. Кейін Мәскеудегі Мемлекеттік театр өнері институтының Жоғары режиссерлік курсында оқу үшін Ресейге аттандым. 1973 жылы дипломдық спектакльді қойғанға дейін, 4-5 қойылымның режиссері болып үлгердім. Ал 1974 жылы Маман Байсеркенов басқа жұмысқа ауысып, директор «Сенің режиссер болатын уақытың келді», деп маған зор сенім артып, сол кездегі Қазақ КСР Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбековке айтып жүріп, режиссурадағы жолымды айқындап берді.
– Актерлік жолды аяқтап, режиссерлікке қадам басқан алғашқы жылдарға шегініс жасасақ, ойыңызға ең әуелі не оралады?
– Шекспирдің «Корль Лирі». Себебі осы спектакльден кейін театр әлемінде кәсіби режиссер ретінде мойындала бастадым. «Құласаң, нардан құла» дегендей, тәуекелге бел буып, «Король Лирді» қоямын деп бекінгенде, барлығы өре түрегелді. «Қайдағы «Король Лир»? Мықты режиссерлердің де қолынан келмеген дүние ғой бұл. Не айтып тұрсың?» деп шулаған дауыстар кері шегіндіріп, райымнан қайтарғысы келді. Бірақ мен: «Жоқ, не болса да қоямын» деп айтқанымнан қайтпадым. Осы спектакльді дайындау үшін тіпті белгілі сценограф марқұм Серік Пірмаханов досым екеуміз Украинаның Львов қаласына да аттандық. Шекспирдің барлық қойылымын сахналаған суретшілердің эскиздері көрсетілген «Советские художники в творчестве Шекспира» деген альбом-кітап бар. Соның ішінде М.Заньковецкая атындағы драма театрының суретшісі Мирон Киприянның «Король Лирге» жасаған эскизі басылған екен. «Сол Киприянға Серік екеуміз барып қайтайық, ешқандай шешім шықпай жатыр», деп директорымыз Сақтаған Тұрлымұратов ағамызға қолқа салдық. Көркемдік шешім болмаса, қанша мықты деген актер ойнаса да, ол – спектакль емес. Ойды бағындырған соңғы түйіні болуы керек. Соны таба алмай шарқ ұрып жүріп, ақыры Киприянмен жүздестік. Суретшінің қасында бір күн болдық. Әрине, барғанымыздың пайдалы болғаны рас, бірақ әлі де нақты шешім шығара алмадық. Сөйтіп, шарасыз күйде жат елде сандалып жүргенде, бір күні көшеден алтын түстес, жалт-жұлт еткен ұзын етек көйлек киген келіншекті көріп қалмасымыз бар ма? Бет-жүзін байқаған жоқпыз, бірақ сыртынан сұқтанып қарап қалғанымыз өтірік емес. Бір кезде Серікке қарап, «Киімі алтын ба, не бұл? Ал осы жалт-жұлт еткен көйлектің ішінде шоқпыт бар болса ше? Қалай болар еді?», дедім. «А-а» деп аңтарыла қараған Серік содан кейін қайырылмады. 4-5 күнге дейін жоқ болып кетті. Содан бірнеше күн өткен соң шеберханаға бас сұғып, дайындаған бүкіл эскиздерін жайып салды. «Король Лирде» сахнаға екі шымылдық құрдық. Екі шымылдықтың да бір жағы алтындалған, көз тартатын патшаның шымылдығы, екінші беті – кәдімгі шұрық-тесік шоқпыт. Шымылдықтар қойылым бойына жылжып, кері айналып тұрады. Ал алтынмен апталған король тағы бірте-бірте табытқа айнала бастайды. Өйткені үлкен орындықтың жақтауы табыт болуға ыңғайлы етіп жасалған. Осылайша, біз көп іздеген «Король Лирдің» көркемдік шешімін ақыры таптық. Ол сыншылар тарапынан да, көрермендер көңілінен де өз орнын алды. Театр фестивальдерінде де талай мәрте топ жарып, жеңіс биігінен көрінді.
– Өнердегі әріптестеріңіз туралы толғанғанда ойыңызға не оралады?
– Өткенге ой жүгіртсем, Талдықорған театрында қызмет еткен жылдарым табысты болды дер едім. Өзім үшін де, жан жарым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі болған Әлия Арысбаева үшін де. Бұл жақта жүріп мен қиялымдағы қойылымдарымды қойдым, жұбайым небір кесек бейнелерге жан бітірді. Туған жерім Қызылорда қаласында қызмет еткен жылдарым да өз жетістігімен жадымда сайрап тұр. Сахна саласы маған Мен Дон Ук, Рубен Андриасян, Маман Байсеркенов, Ерғали Оразымбетов сынды небір талантты режиссерлермен иық тірестіре жұмыс істеуге, әріптес болуға мүмкіндік берді. Ол кісілерден үйренгенім көп. Жалпы, театрды қалыптастыратын режиссерлер ғой. Оның біліктілігі, шеберлігі, білімі, ұстанымы өнер ордасын биікке жетелейді. Мысалы, 1990-2000 жылдары Ерғали Оразымбетов деген режиссер жұмыс істеді. Уақытында керемет спектакльдер қойды. 1992-1995 жылдар ел есінде қиын кезең ретінде қалды. Сол аралықта ол кісі театрды тұралатпай ұстап тұрды әрі жақсы дүниелерді өмірге әкелді. Ерғалидай ер мінезді режиссерлер қазақта санаулы.
– Өмірде өкінішіңіз бар ма?
– Алланың жазуына көнеміз ғой. Бірақ та Талдықорғанда еңбек етіп жүргенімізде жалғыз ұлымды жоғалттым. Жиырма жасқа толып, жарқырап жүрген жарығым қатыгездіктің құрбаны болып, бір-ақ түнде қараңғы түнге сіңіп жоқ болды. Құйрықты жұлдыздай ағып түсті. Соны ойласам, көңілім құлазып, жан жүрегім қарс айырылады. Топырақ ата жұртынан емес, Талдықорғаннан бұйырыпты. Осы жағдайдан кейін біз де бұл қалада көп тұрақтай алмадық. Жұбайым Әлия екеуміз 2003 жылы туған жерге оралып, театрдағы жұмысымызды қайта жалғастырдық. Бұл жақта да шүкір жылдарымыз жемісті өтті. Ал он жыл бұрын жұбайыма уақыт болды. Жарды жоғалту оңай емес екен. Қос қызым жанымнан табылып, бар жылуын берсе де, көңілімде ойсырап бір бос орын тұрады. Әңгімеміздің басында айтқанымдай, осылайша өмірім сағынышпен өтіп жатыр (күрсінді).
– Өзіңіз ұзақ уақыт көркемдік жетекші, бас режиссер болған Н.Бекежанов атындағы Қызылорда театрының бүгінгі аяқ алысын қалай бағалайсыз?
– Енді қазір мен қызметте емеспін. Бірнеше жыл бұрын көркемдік жетекшілігімді де, бас режиссерлікті де жастарға тапсырдым. Бүгінде соларға ақылымызды айтып, кеңесімізді беріп келе жатқан жайымыз бар. Олар да жан-жақтан қаумалап, көркемдік кеңестің құрамынан жібергісі келмейді. Жалпы, театрымыздың шығармашылық қарымына көңілім толады. Ұжым қазір серпінді ізденіс үстінде. Репертуарды әлемдік, ұлттық классикалармен байыта отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселелері де жан-жақты қамтылып келеді. Өзіміздің режиссерлерден бөлек, қазір біз сырттан да режиссерлер шақырып, түрлі тәжірибеге барып жүрміз. Өйткені кейінгі уақытта мен спектакль қоюды да тоқтаттым. Оған себеп – денсаулығымның нашарлауы. Кейінгі бірнеше жылда 13 адамнан тұратын көркемдік кеңестің шешімімен жыл сайын сырттан бір режиссерді арнайы таңдап, театрымызға шақырамыз. 2021 жылдан бері Данияр Базарқұлов, Дина Жұмабаева, өзге де режиссерлермен жұмыс істедік. Олар таңдауға 2-3 пьесаны жібереді. Құп көргеніңді қойып береді. Мысалы, Қуандық Қасымов деген елімізге белгілі режиссер театрымызға келіп 4-5 спектакль қойды. Одан бөлек өзіміздің қоятын спектакльдеріміз тағы бар. Ең жақсы жаңалығымыз – театр ішінен шығармашылық лаборатория ашқанымыз. Қазір оған да бірнеше жыл болып қалды. Бұл да актерлерді, әсіресе жастар жағының өзін көрсетуіне, ширығуына керемет мүмкіндік береді. Онда эксперимент жасап, жас актерлеріміз спектакль қойып жатыр. Мәселен, Қанат Арқабаев «Кім?», Ұлболсын Қылышбаева «ҰБТ кілті», ал Санат Жүзбай «Шыны керек» деген спектакль қойды. Осылайша, жас режиссерлер мен актерлерді өзіміздің ортамыздан өсіріп шығаруға күш салып келеміз. Тіпті Санат Жүзбай деген талантты актеріміз Мәскеуге барып оқып қайтты. Ара-тұра жастарды да 2-3 айға шетелге жіберіп, тәжірибе жинатамыз. Қазір баяғыдай жылдап емес, бірнеше айда оқып келетін, қысқамерзімді тәжірибе алмасатын курстар көп қой. Осының барлығы театрдың шығармашылық өсіп-өркендеуіне тамаша мүмкіндік деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызша бүгінгі театрдың басты мұраты не болуы керек?
– Меніңше, театрдың қай кезде де өзгермейтін жалғыз-ақ мұраты бар, ол – көрерменіне рухани әсер ету. Адам жанын өнер қуатымен тазалау. Әшірбек Сығай айтпақшы, спектакльден кейін ауру адам жазылып, сау адам ауырыңқырап шығуы керек. Егер театр осы миссиясын орындай алса, ол театр – ең жақсы театр. Спектакльден соң адамның жаман әдеттерін бірден қойып кетуі мүмкін емес, әрине. Дегенмен театрдың міндеті – сана-сезіміңді ояту, рухани әсер ету. Санаңа сілкініс жасау. Қойылым бойы залдағы 700 адам бірдей күліп, бірдей жылап отырса, бір үнде, бір сезімде толғанса, міне – мұратына жеткен театр, діттегенін бағындырған спектакль осы болмақ.
– Режиссерліктен бөлек қаламмен де дос екеніңізді білеміз. Қазір не жазып жүрсіз?
– Осы кезге дейін зайыбым, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Әлия Арысбаева екеуміздің шығармашылығымызға арналған «Бір сахна – егіз ғұмыр», театр өнеріне арналған «Өнер-баян» атты кітаптарым жарық көрді. Қазір спектакльдерді талдау, әртістермен жұмыс істеу барысы толық қамтылған екі кітапты аяқтадым. Онда 2003 жылдан бастап осы кезге дейінгі жұмыс барысы жан-жақты талданып, зерделенді. Алдағы уақытта жазсам деген дүние көп, әрине. Олардың қатарында өнердегі әріптестерім туралы естеліктер де бар. Алла ғұмыр берсе, олар да жарыққа шығар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»