Уақыт алға озған сайын заманның сұранысы мен талаптары өзгеретіні анық. Заманның ағымына сай, еліміздің сот жүйесіне жаңашылдықтар енгізу қажеттілігі туындады. Өткен жылы Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Сот әкімшілігі болып қайта құрылды. Ал сот әкімшісінің аумақтық органдары департамент болып өзгерді. Қазір республиканың барлық облысында сот әкімшілігінің аумақтық бөлімшелері жұмыс істейді.
Тиісінше, Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, аудандық және оған теңестірілген соттардың кеңселері сот әкімшісі болып қайта құрылды. Департамент ережесі бекітіліп, қызметтің негізгі бағыты соттардағы ұйымдастырушылық, қаржылық және материалдық-техникалық қызметтерді атқару болып белгіленді. Сот жүйесінде сот төрелігін жүзеге асырумен қатар, соттардың қызметін ұйымдастыру да маңызды рөлге ие. Осы орайда департаменттің құзыреті кеңейіп, жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Қазіргі таңда сот үдерісін дайындау және ұйымдастыру, судьялардың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметін қамтамасыз ету, сот тәжірибесін талдау, сотқа түскен істер бойынша статистикалық есепті қалыптастыру, сот мұрағатының іс қағаздарын жүргізу және ақпараттандыру – қызметіміздің негізгі бағыты. Мақсатымыз – азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттыру, сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Бүгінгі таңда сотқа жүгінген азаматтарға электронды ақпараттық технологияларды қолдануға кеңінен мүмкіндік берілген. Тұрғындар сотқа өтініштері мен арыз-шағымдарын «Сот кабинеті», «Е-өтініш» қызмет көрсету жүйелері арқылы жібере алады. Бұл сервистердің негізгі ерекшелігі – әрбір азамат немесе оның өкілі өзіне ыңғайлы уақытта, үйінен шықпай-ақ сотқа талап-тілектерін жолдай береді.
«Сот кабинеті» электронды сервисі өте ыңғайлы, ол арқылы талап қою, шағымдар және өтінішхаттар беруге, мемлекеттік баж төлемін онлайн жүзеге асыруға болады. Сонымен бірге электронды сот құжаттарын қарауға, сақтауға, жүктеуге және талап қою туралы ақпараттарды, істің қаралу динамикасын, бейнематериалдарды көруге, апелляциялық шағым, жеке шағым, қадағалау тәртібімен сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау және тағы басқа талап-өтініштермен жүгінуге болады. Бүгінде Қызылорда соттарында электронды сервисті қолдану тәжірибесі дұрыс жолға қойылып, көпшілік арасында кең қолданысқа ие болып, азаматтардың уақытын үнемдеп, сот қызметіне қолжетімділікті арттырып отыр.
Коронавирус індетінің таралуы өмір сүру салтымызға өзгеріс енгізді. Сол уақытта сот отырыстарына қашықтан қатысу тәжірибесі қалыптасты. Содан бері сот отырыстарына онлайн түрде қатысу мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жоймай, азаматтарға оңтайлы жағдай қалыптастыру мақсатында сот отырыстарына қашықтықтан қатысу мүмкіндігі берілген. Қазіргі таңда азаматтар сот отырысына келіп қатысады, сотқа келу мүмкіндігі болмаған жағдайда, мобильді қосымшалардың және басқа да электронды технологиялардың көмегімен онлайн түрде қатыса алады.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сот отырыстары өткізілетін залдардың барлығы заман талабына сай техникалармен жабдықталған. Сот үдерістері түгелдей аудио-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізіледі. Бұл сот үдерістерінің ашық әрі әділ өтуіне және бұрмалаушылыққа жол берілмеуіне ықпал етеді. Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті.
Бүгінде істердің көпшілігі сотқа электронды форматта түседі. Негізінен әлемдегі дамыған елдердің көбінде істер сотқа қағаз жүзінде емес, электронды түрде жолданады. Азаматтық істер бойынша сот бұйрығын шығару туралы арыздар, жеңілдетілген іс жүргізу бойынша арыздарды қарау электрондық нысанға көшірілген. Қазіргі таңда қылмыстық істер бойынша «Төрелік» ақпараттық жүйесімен үйлестірілген «Электрондық қылмыстық іс» жүйесі жұмыс істейді. Бұл қылмыстық істер бойынша сот өндірісінің барлық кезеңдерін, яғни қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеуден бастап, сот үкімінің шығарылуына дейін цифрландыруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер де электронды форматта түсіп жатыр.
Істердің басым бөлігі электронды түрде түсуіне байланысты электронды сот залдары жасақталған. Сот жүйесіндегі электрондық нысанның ерекшелігі – ақпараттық жүйе істерді цифрлық нысанда сақтайды және жоғары деңгейлі қауіпсіздікке ие. Барлық үдерістік құжаттар электрондық карточкада сақталады, сот актілері соттың базасына дер кезінде салынады. Бұл жаңашылдық сот жүйесі мен тұрғындар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз етуге жағдай жасап отыр.
Қызылорда соттарында судьялар мен мамандардың кедергісіз қызмет атқаруына барлық мүмкіндік қарастырылған. Заманауи үлгідегі компьютерлер іске қосылып, сот ғимараттары қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етілген. Келушілер үшін күту залы, жұмыс жасау секторы, ақпарат орталығы, адвокаттар мен медиаторлар орны, соттардың кіріс кеңсесі жұмыс істейді. Күту залында бейнероликтер көрсетіліп тұрады. Сол арқылы татуласу келісімдерінің маңыздылығы, мемлекеттік баж алымдары, облыстық және аудандық соттардың басшылығының жеке қабылдау күндері туралы мәліметтермен, талап қою үлгілерімен және сот жұмысын ұйымдастыруға қатысты ақпараттармен танысу мүмкіндігі бар.
Бүгінде халықтың құқықтық сауатын арттыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда облыстық соттың ресми сайты жұмыс істеп тұр. Сайтта халыққа қажетті мәліметтер, заң нормалары, соттардың байланыс телефондары мен электронды поштаталары, облыс соттарының қараған істері бойынша сот залынан берілетін ақпараттар орналастырылған. Сонымен қатар құқықтық насихат жұмысын жүргізу, кері байланыс орнату мақсатында «Қызылорда соттары» атауымен Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желілері мен Youtube арналары жүргізіліп отырады. Онда халықты сот жүйесінің жұмысымен таныстыру, заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бағытындағы ақпараттар жарияланып, аудандық және оған теңестірілген соттарда өткізілген іс-шаралар мен сот жүйесінің сан тармағын қамтитын замануи форматтағы бейнероликтер орналастырылады.
Өткен күнді қастерлеу ел бірлігін нығайтады, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырады. Қазіргі күні қолданысқа енген қазақтың дау шешу өнерінің тамыры тереңде жатыр. Қазақ билерінің төрелік айту дәстүрін жалғастырушы – бүгінгі сот билігі азаматтарды татуластыру жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда, тарихымыз ұмытылмасын деген ниетпен облыстық соттың ғимаратына билерден бастап, бүгінгі сот жүйесіне дейінгі тарихты қамтитын, тәрбиенің орталығы болатын мұражай ашылды.
Сот әкімшілігі департаменті әрқашан да қоғамдық жұмыстан қол үзген емес. Сот қызметкерлері арасында зияткерлік және шығармашылық сайыстар үнемі өткізіліп тұрады. Департамент қызметте ұйымдастырушылығымен ерекшеленіп, ұлттық тәрбие мен құндылықтарға негізделген қоғамдық іс-шараларды жүйелі өткізіп, алдыңғы лекте келе жатқан құрылымдардың бірі деп сеніммен айта аламыз. Ендігі жерде бұл жетістіктермен шектеліп қалмай, алдымызда тұрған межелерімізді өз дәрежесінде жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз. Оларды орындауға тәжірибемізді, күш-жігер мен білімімізді арнаймыз. Ең басты мұрат – азаматтардың сенімі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы.
Сағатбек СҮЛЕЙМЕН,
Сот әкімшілігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы