Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бес құрлықта танымал қазақ күйлері күмбірледі. Күйші Құрманғазы, Дайрабай Ерназарұлы мен Түркеш Қалқаұлының композицияларын 26 елдің радио тыңдаушылары тыңдады.
Тізімде Түркия, Иран, Болгария, Испания, Литва, Латвия, Мажарстан, Хорватия, Польша, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Бразилия, АҚШ, Қытай, Үндістан, Индонезия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тайланд, Марокко, Эфиопия, Оңтүстік Африка радиостансалары бар.
Шетелдік радиостансаларда қазақ күйлерін ротациялау Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен іске асып отыр.
Шетелдік радиостансаларда ротациялауға Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің орындауындағы «Көңілашар», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Серпер», «Дайрабайдың күйі» композициялары жіберілді.
«Шығыстан Батысқа дейінгі түрлі елде белгілі қазақ күйлерін ротациялау – Қазақстанның бай мәдени мұрасын жаһанға насихаттау үшін жасалған шағын болса да, маңызды қадам және радио тыңдаушыларды домбыра үнімен таныстыратын бірегей мүмкіндік», деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Сондай-ақ сала басшысы радиостансалардың қазақ шығармаларына деген қызығушылығы осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажеттігін айғақтайтынын атап өтті. Бұл үрдіс жыл сайын қайталанатын дәстүрге айналып, ал шетелдік радиостансалар қоры басқа да қазақтың музыкалық шығармаларымен толығады деп жоспарланып отыр.